БАҒДАР БАЯНЫ – ІЛКІМДІ ІЗДЕНІС

0 159

Астана қаласының әкімі И.Н.Тасмағамбетовтің қалалық білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз мәслихатында сөйлеген сөзі

Құрметті ұстаздар!

Қадірменді әріптестер!

Жылда жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымымен бас қосып, алқалы жиын өткізетін дәріпті дәстүріміз бар. Олай болса, баршаңызды алдағы Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қай халық үшін де ұрпағының ілімі мен білімі, тәлімі мен тәрбиесі – ең алдымен оның ертеңгі ырысы мен елдік жолы дұрыстығының кепілі. Өйткені, кез келген жетістік пен жаңалықтың қасында, даму мен даралықтың басында білім мен ғылым тұр. Адамзат үшін одан ұлық дүние – тек ғұмырдың өзі.

Содан болар – біз қашаннан «дүниенің кілті – оқу-білімде» деген ата сөзін ұстаған, табиғатынан жаны білуге, үйреніп-түюге құмар дана халықпыз. Тәуелсіздіктің алғаш таңынан оның бүгінгі баянды бабына дейін талай жасампаз жоба, жаңа бастаманы қолға алып, азды-көпті жетістіктерге жетіп отырмыз. Ол да болса, Елбасы мен еліміздің ілім-білімге деген ерекше ықыласы мен Өздеріңіз сияқты өскелең ұрпақты тәрбиелеп жүрген ұстаз-мұғалімдеріміздің арқасы. Ендеше мемлекеттің де, қоғамның да отандық білім саласының, оның ыстығы мен суығына күйіп, бары мен жоғын түйіп жүрген майталман қызметкерлерінің алдында мақтары да, айтары да осы.

Әрине, әрбір жаңа оқу жылының басталуы – ұлағатты ұстаз үшін де, мектеп табалдырығын аттаған оқушы үшін де, алаң көңіл ата-ана үшін де – барлығына бірдей сын.

«Мектеп – әр адам аттайтын, ой-санасын баптайтын өмір қақпасы» деген. Ал, енді, әрбір оқушы одан қалай өтеді – ол бүкіл қоғамның қордалы қызметіне тікелей байланысты. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлан-ғайыр еңбекті талап ететін, жауапкершілік жүгі ауыр да салмақты сала.

Бұл ретте үмітіміздің үлкені – ұстаз мойнындағы міндетте. Ұстаз – келер күннің ұстасы. Ал мұғалімдік кәсіп – адамтану өнерінің қайталанбас нұсқасы. Олай болса, мектептің жаны да, ары да – мұғалім.

Ендеше біздің биылғы тамыз кеңесінде айқындап алатын да, талқыға салатын да мәселеміз баршылық.

 

Ардақты ұстаздар!

Қадірлі әріптестер!

Дәстүрлі тамыз жиынында өздеріңізбен тағы да жүздескеніме қуаныштымын.

Бұл, шын мәнінде, жинақталған тәжірибені жалғастырып қана қоймайтын, сондай-ақ заманауи білім беру қарымын айқындайтын дәстүр.

Осындай мәслихаттың әрқайсысы өзінше маңызды, өзекті де қайталанбас құбылыс. Өйткені, әр кезде біз күн тәртібіне білім кеңістігінің қазіргі үндеуіне сай келетін соны мәселелер легін шығарамыз.

Алдыңғы жиында біз қыруар мәселелерді қаузадық. Жас ұрпаққа жаңаша білім беру үшін қалай оқыту, қандай әдістемені, нендей тәсілдерді таңдау керек? Білімді қалай қорландырып, қалай оқыту әрі оларды қалай жалғастыру жөн? Тақырып аясы шексіз. Бұл айтылғандар әрдайым ұдайы назарымызда ұсталатын нәрселер.

Мен осы мәселелерге қайтадан, бірақ нақ сол білім беру көзғарасы тұрғысынан қайтып оралғым келді.

Біз өзімізде қалыптасқан білім беру құндылықтарын мақтан тұтуға әдеттенгенбіз. «Кеңестік» нұсқамен көптеген ұрпақ буыны оқып шықты, әлі күнге шейін оқу орындарының көпшілігі соны таңдайды.

Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Қазіргі дамыған экономика, бәрінен бұрын, интеллектуалдық ресурстардың өрелі әлеуетіне арқа сүйейді. Бәсекеге қабілеттілік те техникалық құралдарға ғана емес, осынау технологияны жасап шығаратын адамға байланысты болады.

Сондықтан заманауи оқыту негізінде, ең алдымен, өзгенің ойын көзжұмбайлықпен бойға сіңірмей, өзіндік ойлау жүйесіне өріс ашатын баланың ақыл-ой қабілетін дамыту ұстанымы тұрады.

Осы жүздесуге дайындалу барысында мен біздің дәстүрлі және батыстық мектептердің әдіснамалық құралдарын талдап шықтым. Бұл менің бүкіл батыстық үлгі атаулының жақтаушысы екенімді білдірмейді. Иә, солай. Әйтсе де, біз қазіргі заман талаптарына сай келетін үлгілі әдістемелерді зерттеп-біліп, қадеге жаратуға тиіспіз. Баланың қабілет-қарымын ашатын әмбебап оқыту пішімдерінің бірі – эссе дер едім. Берілген тақырыпқа жазатын біздің шығармадан айырмашылығы – эссе баланың көрген-білгенін өзінше ой елегінен өткізуіне мүмкіндік береді. Оның тақырып аясы оқыту тәсілдерінің айырмашылығын көрнекі түрде көрсетеді.

Біздің мектептерді алайық. Соңғы жиырма жылдың ағымында әдебиет пәні шығармаларының тақырыбы еш өзгерген жоқ. Оның үстіне, олар сонау өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан қалған оқу үдерісімен қосақталып келеді.

Солардың бірнешеуін оқып берейін. Сонымен, 9-сыныпта – Н.В.Гоголь«Өлі жандар» поэмасын талдау – Ресейдің әлеуметтік-саяси құрылысын декабристік идеология тұрғысынан аяусыз сынап, әшкерелеу.

11-сыныпта – М.А.Шолоховтың шығармашылығы – «Тынық Дон»  – ұжымдастыру кезеңіндегі деревнядағы күрес пен халық тағдыры.

11-сыныпта – Валентин Распутин – «деревня прозасы» қазіргі ауыл тұрмысы туралы драматизм мен адамгершілік мәселелеріне қаныққан повестер мен әңгімелер.

Бұл жерде осынау тақырыптардың өмір шындығымыздан қаншалықты алыс жатқанын айтпасам да, түсінікті шығар.

Ал, енді, еуропа мектептері өз оқушыларына не ұсынатынын көрейік. Және де олар шығарма мен эссені математикадан басқа, барлық пән бойынша жазады.

Сонымен, әдебиет жөніндегі эссе.

Бірінші, Нобель сыйлығының лауреаты Джером Сэлинджердің «Қарабидай арасындағы құрдым жиегінде» шығармасы бойынша оқушыға әлдебір хикаяны өзі ойлап тауып, автордың стилімен бестселлер жазу ұсынылады. Әлбетте, мұндай ерекше тәсіл баланы ойлануға үйретеді. Соның нәтижесінде ол өзінің жазбаша және ауызекі сөзіне жан бітіріп, байыта түсетін, ерекше ырғақ пен екпін бітіретін стильдік құралдарды дамытады, өйткені, автордың әдібімен сюжет ойлап табу – аса қиын шаруа, бұл мұғалімге шәкіртінің интеллектуалдық әлеуетін бағамдауға мүмкін береді. Бәлкім, мұндай жұмыс болашақ Жюль Вернді, Белявті, Рэй Брэдбернді және т.б. тұлғаларды тануға жол ашар.

Келесі – Джон Стейнбектің «Тышқандар мен адамдар туралы кітабы». Мұнда екі достың – күшті мен әлсіздің қайғылы тарихы баяндалады, ең соңында қоғамның мүддесіне бола күшті әлсізді өлтіріп тынады.

Осы хикаяттан ой өрбіте келе, «Егер осындай досыңыз болса, сіз не істер едіңіз?» деген шығарма тақырыбы ұсынылады. Әркімнің досы бары анық. Достық дегеніміз – шағын социум, ол да өмірдің қарама-қайшылықтарынан, сезім сабылыстарынан, реніштері мен қуаныштарынан ада емес. Бұған қоса, осынау көп мәнді ұғымға жүгінудің, біз ауыздан тастамайтын мұрат, тәрбиелік пайдасы мол. Оқушының адамгершілік бітімін, құрбыларымен қарым-қатынасындағы түйткілдерді, социумға бейімделу деңгейін анықтауға да мүмкіндік береді.

Келесісі – ауқатты отбасынан шыққан құлқы қиындау жасөспірім қыздың өмірі туралы әңгімелейтін «Бар, Алисадан сұра» атты кітап. Бұл нашақорлыққа салынған бойжеткеннің күнделігі іспетті, әрі есірткі тұтынуға қарсы айғақтама ретінде оқылады.

Осынау боямасыз хикаят ХХ ғасырдағы шығармалардың ең бір даулы да дилысы саналады. Әйтсе де, қазіргі заманның ақиқати болмысы балаларды осы шығармамен таныстыруды қажет етеді, оны оқып отырғандағы жан күйзелісі арқылы жеткіншектің дүниеге көзқарасы жосықты қалыптасатыны сөзсіз. Алисаның күнделігі – адамдар мен мынау  дүниенің қаталдығына қарсы тұруға дәрмені жетпей    , ажалдың жезтырнағында бұлқынған балаң сезімдер мен ойлардың  шырғалаңы. Ол әркімді өзі таңдаған жолы туралы ойлануға, сондай-ақ төңірегіне көз салып: «Мүмкін, жанымызда жүрген адамдарға көмек керек шығар?» деген сауалға жауап іздеуге жетелейді. Сіз де бәз біреудің рухани және тәни кесапатқа ұшырауына жол бермей, аман сақтап қала аласыз. Өйткені, өмірде шешілмейтін түйін, еңсерілмейтін қиындық жоқ, ең бастысы, адам жападан жалғыз қалмай, жәрдем сұрар жандарды жақыннан тапса болғаны.

Меніңше, бұл кітап баланың психикалық-сезімдік сүрінуін көзден таса, көңілден қағыс қалдырмау үшін мұғалімдер мен ата-аналарға да арнап жазылған.

Сондықтан да шығар, оқушыларға «Осынау өмірлік хикаяттың сәттілікпен аяқталуын жазу» жөніндегі эссе тақырыбы ұсынылады.

Нашақорлық мәселесі бізді де алаңдататын жайт. Эссе жазу барысындағы сабылысқан сезім ауандары арқылы оқушының рух күші мен ерік-жігері беки түседі. Сайып келгенде, оның бойында адами қасиеттерді қирататын әзәзілдерге қарсы тұруға құштарлық оянады.

Тіпті, қазіргі әлеуметтік картинаны айқара ашып көрсететін шоқтығы биік шығармалар қазақ әдебиетінде жетіп артылады. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын Алматыда Зара Есенаман деген жас қыздың осы тақырыпқа арналған «Хардкор» атты кітабы шықты. Ол біздің жеткіншектердің басынан өткен оқиғаларды арқау ете отырып, нашақорлық проблемасын жатық әдіппен сипаттайды. Онда есірткіге еліткен адамдардың ішкі сезімдері мен күйзелістері беріледі.

Енді, сол еуропалық мектептердегі тарих пәні бойынша жазылған шығармалар тақырыбына келейік:

Бірінші тақырып: «Елдің әр азаматының негізгі парызы не?» Бозбалаң шақтан-ақ оқушының алдына кейде ересек адамның өзі бас қатыра бермейтін міндет қойылады. Мемлекет басшысы «біздің мектептеріміздегі тарихи білім саласы тұлғаны, азамат пен патриотты қалыптастыру міндеттерін шешуге отырып, нақ осы хақында айтқан еді.

Айтпақшы, ежелгі тарихымызды тілтанудың да, түркітанудың да ерекше ұстанымы тұрғысынан түсіндіретін Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабын неге осы мақсатқа пайдаланбасқа?

Кітап жөнінде дау-дамайдың әлі күнге шейін саябырсымай тұрғаны ешкімге құпия емес. Оның мазмұны ғылыми ортада да, шығармашылық қауым арасында да сыналды. Кеңес Одағы кезінде тұтас ұжымдар талқыға салды. Ал, енді сол кітап баланың шығармашылықпен ойлау қабілетін оятуға қаделі нәрсе бола алмай ма? Дүниені ғылыми ой елегінен өткізуге жетелейтін соны соқпақ сол ғой.

Екінші тақырып: «Қазіргі кездегі құлдық түрлерін сипаттаңыз және онымен қалай күресуге болады» немесе «Құлдықты жою туралы өзіңіздің үндеу сөзіңізді жазыңыз». Қараңыздаршы, мәселе мынау заманда да өзектілігін жоғалтқан жоқ қой. Мұндай эсселер мектеп қабырғасында-ақ оқушылардың соншалықты байыпты мәселелерге қатысты көзғарасын ұштап, санасына ар-намыс, еркіндік, әділеттілік сынды құндылықтардың мәнін сіңіре отырып, аталған құбылыстың астары мен айқасын ұғынуға септеседі.

Үшінші тақырып: «Эссе жазып, Наполеонның, Ұлы Карлдың, Шыңғысханның, Сталиннің  қорғаныс шебін құрыңыз». Осы қайраткерлердің психотұрпаттары арқылы балалардың бойында кесірлі кесапаттарға, миллиондаған адамдар мен дүйім мемлекеттерді қырғынға ұшыратқан тарихи қарекеттер туралы бағамды байлам түю машығы қалыптасады. Әрі бейнелі түрде әлгі адамдардың іс-әрекеттерін қорғаштай отырып, олар өз ұстанымын дәйекті түрде дәлелдеп шығуға дағдыланады.

Төртінші тақырып: «Жәбір көрген адамның – әлдебір елде қамауда азап шеккен әскери тұтқынның атынан хат жазыңыз». Бұл өзін алмағайып жағдайда үздіксіз үрей мен айықпас азапты басынан өткерген пенденің орнында сезінген албырт жастың ақылына арналған бірқилы ойлау тренингі екені сөзсіз.

Бесінші тақырып: «Қайта өрлеу дәуірі неге нақ Италияда туындады? Оған не алғышарт болды?». Осының өзі-ақ баланы талдамалы ойлау жүйесін жетілдіруге, әр әрқилы кезеңнің өркениеттік басымдықтарын анықтай білуге талпындырады. Яғни, қандай да бір мәдениет пен дәуірдің басты жетістіктерін саралап үйренуге септеседі.

Алтыншы тақырып: «Соғыстар мен дағдарыстардың мерзімді түрде пайда болуы неге қажет?». Негізгі идея соғыс та дағдарыстар сияқты сырттан келмейді, қоғамның өз ішінде туындайды дегенге саяды.

Соғыстармен дағдарыстардың болмысын талдай келе, оқушы жалпы әлемдік үдерістердің себеп-салдары мен алғышарттарының астарын түсініп қана қоймай, байлам түйіп, бағасын да беруге жетігеді.

Жетінші тақырып: «Адамзатты дамыту мен халықтарды тәрбиелеуде мифология қандай рөл атқарады?». Шын мәнінде, тақырып дүниені тану амалдарының эволюциясын ашып көрсетеді. Оқушы нақты мысалдар арқылы өткен шақтың, осы шақ пен болашақтың арасындағы логикалық байланысты құрап шығады.

Сегізінші тақырып: «Өз Отаныңның мәдени мұрасы. Ол елдің дамуына қалай әсер етті?». Өздеріңізге мәлім, тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасына бастамашы болғаны. Содан бергі уақытта халқымыздың даңғайыр тарихи-мәдени мұрасының қат-қабаты зерттеліп, жүйеленді. Ал, енді, сол телегей қазына біздің оқу бағдарламамызда қаншалықты пайдаланылып жүр? Бұл – жүгі ауыр сауал.

Осы тақырыпқа бетбұру оқушыға өз Отанының мәдени байлығы туралы бағалы байлам түюге мүмкіндік береді. Жалпы әлемдік мәдениеттегі өз халқының рөлін, оның ерекшелігі мен қайталанбас қасиетін түсінуіне жәрдемдеседі, сол арқылы біз балаларымыз шынайы патриот қылып шығарамыз.

Ал, енді, биология пәні бойынша шығармалар тақырыбына көшейік:

«Өз еліңізге арналған жеке экологиялық бағдарламаңызды ойлап табыңыз». Бұл өте қаделі тақырып, оқушы табиғи ортаның ластануы проблемасын ұғына отырып, оны күнделікті тірлікте көріп жүргендерімен салыстыра бағамдайды. Ең маңыздысы – өзіне, мектепте, аулада, көшеде қалай жүріп-тұратынына назар аудара бастайды.

«Адам организмінің жасушаларын, әр детальды сипаттай отырып, дүкен, мейрамхана, қонақүй, клуб түрінде көрсететін жоба жасаңыз». Мұндай тәсіл баланы ой қасаңдығынан арылтып қана қоймай, қосанжар оқып-үйрену пайдасына кенелтеді. Мәселен, ядроны, митохондрияны, протоплазманы және т.б. әлгі айтқан мейрамхана немесе дүкен кейпінде елестетпес бұрын, оқушы жасушаның жіптіктей құрылымын ғана емес, сондай-ақ қызмет атқару қасиетін біліп алуға, ізденуге тиіс. Сонымен бірге, баланың ұғымы жетіледі. Өйткені, техникалық тұрғыдан жасалған өнертабыстардың көбісін табиғаттың өзі көрсетіп берген. Ұшақ дегеніміз – құстың, сүңгуір қайық – киттің және т.б. көшірмесі ғой.

«ХVI ғасырда өмір сүремін және су астына сүңгіген кезде алып сегізаяқты көрдім (сізге дейін оны ешкім көрмеген) деп ойлаңыз. Не көргеніңізді әйеліңізге, күйеуіңізге, досыңызға суреттеп жазыңыз». Мұндай қарапайым тапсырмалар – ең алдымен, зерттеушілік рухты қалыптастырады. Бұған қоса, қорқыныш, сонымен қатар әуестік пен таңданыс, құмарлық сияқты адами сезімдердің бүкіл ауқымын аша отырып, ақыл-ойдың тінін ширатады. Сонымен бірге, балауса автор өзін болашақта отбасының иесі, дос, әріптес, сондай-ақ мұхиттанушы-ғалым, жаңалық ашушы маман рөлінде көреді.

«Күн энергиясы жаһандық жылыну проблемасының шешімі ретінде». Тақырып азамзаттың ғаламдық проблемаларын танып-білуге, сонымен қатар әлі күнге шейін көлденеңдеген сауалдардың жартымды жауаптарын іздестіруге жетелейді.

Осы тұста, мысалға, отандық әдебиеттің патриархы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Аралдың экологиялық трагедиясы туралы еңбегі – «Соңғы парызы» біздің оңтайымызға дөп келеді. Автордың стилімен оқушылардың өздері табиғи ортаның басқа да проблемаларын жазып шықса, жөн болар еді.

Мұндай тақырыптар өте көп. Олардың бәрі баланың өзіндік көзғарасы мен пікірін қалыптастыруға бағытталған.

Эссенің алуан түрлі тақырыптарын талдаудың нәтижесінде оқытушы шәкірті туралы, оның кәмәлат деңгейі, психикалық-сезімдік ауаны, қималы ұстанымдары, ойлау үдерісінің сапасы, креативтілік өресі жөнінде тұтас картина құрап, қабілеті мен дарынын, ойлау қарымын, адамдарға көзғарасын, азаматтық ұстанымын, білімі мен ой-өрісінің шамасын, кәсіби бейімділігін айқын көре алады.

Эссенің әр тақырыбы жанашырлық пен ойлылыққа баулиды. Оларда пәндер мен пәнаралық байланыстар өте ұсынықты пайдаланылып, ұқсастыра ұғыну тәсілдері кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы – еуропалық мектептердің оқыту әдістемесіндегі оқушының оқытушыдан тағылымдайтын бірінші қағидасы – плагиаттыққа үзілді-кесілді жоламау. Ондай шәкіртті мектептен шығарып жібереді.

Ал, бізде ше? Бұрындары айтқанымдай, сол баяғы бір жазушылар мен ақындардың шығармашылығы жөнінде бірнеше ұрпақ буыны шығарма жазып келе жатыр. Демек, бұл тақырыптың интернеттен мыңын табуға болады деген сөз.

Міне, мектептерден сұратып алған сондай еңбектің бірі, түпнұсқасы. Мектебі мен аты-жөнін атап жатпай-ақ қояйын. Шығарманың тақырыбы: М.Булгаковтың «Майталман шебер мен Маргарита» шығармасындағы «Ізгілік пен жауыздық». Айтайын дегенім, осы жұмыстың мәтінін мен сөзбе-сөз күйінде бірнеше сайттан тауып алдым. Ал, бұл шығарманы мұғалім «беске» бағалаған болып шықты. Егер сайттағы нұсқасымен салыстырса, үтір-нүктесін айнытпай көшіріп алғанын көрер еді. Оның үстіне, бұл – емтихан алу комиссиясының төрағасы мен мүшелері қолдарын қойған 11-сынып түлегінің сынақ жұмысы.

Содан «бұл не?» деген сұрақ туындайды. Аңғырттық па? Немесе жазылған нәрсенің мәнін ұғынбаушылық па? Бәлкім, Интернетті пайдалана білмеушіліктің кесірі шығар? Қайткенде де, мұндай безбүйректікпен біз балаларымызды ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге итермелейміз, бұл күндердің күнінде сауатсыздыққа икемсіздікке, бейбастақтыққа және соның салдары – теріс қылықтарға ұрынуға алып келеді.

Интернетке қатысты айтарым. Бұл тек деректің төңірегінде бой көрсетуде. Өздеріңізге мәлім, мен мектеп сайттарын жасау жөнінде тапсырма бердім. Көңілдеріңізге келмесін, әріптестер, бірақ бұл жоба әзірге сәтсіздікке ұшырап тұр. Мен «неге бұлай болды?» деген сауалдың жауабын іздедім.

Біріншіден, мектеп сайттары балалардың қажетіне жарамады. Олар өздерінің күнделікті тірлігінде оған мұқтаж бола қойған жоқ. Екіншіден, көзіміз жеткені – көп жағдайда мұғалімдер өздері интернетті танымның бейтанық құралдары ретінде қабылдайды екен. Өздеріңіз де бұған мүдделі емессіздер, компьютерге жақындауға қорқасыздар.

Батыс мектептерінде, мысалыға, күн сайынғы оқу процесі мектеп сайтынан басталады. Олар одан өзінің сабақ кестесін ғана емес, нақты уақыт ағымындағы мектеп өмірінің жұмыс тәртібі мен режимін де таба алады. Сайт оқушының тек оқу мезгілін емес, бос уақытын да жоспарлайды. Және де мәжбүрлеп немесе жоғары жақта құрастырылған кесте арқылы емес, оның жеке қызығушылығын ескере отырып жасалады.

Сайтқа жайғастырылған бюллетень оқылмайтын бірде-бір күн болмайды.

Онда:

–        Сол күні дүниеге келгендерді (оқушыларды, мұғалімдерді) құттықтау;

–        Күні бойы мектепте өтетін шаралардың, жиналыстардың, жарыстардың, үйірме жұмыстарының, қосымша сабақтардың және т.б. тізбесі;

–        апта аңдатпалары жарияланады.

–        Мұндағы ең қызығы – күніне бір сөз жазу. Әр күнге – жаңа сөз, оқушылар оған анықтама беріп, сол күні сайтқа жайғастырады.

–        ата-аналары білуі үшін балалардың бағалары қойылады.

Егер де осы тәжірибені енгізсек, сайттарыңыз жанданып, балаларды баурап  алатынына, ал мектеп өмірі мүлде жаңа деңгейге көтерілетініне шүбә келтірмеңіздер.

Шығармалар тақырыбына қайтып орала отырып, эссені ең кемел, кемшіліксіз әдістеме ретінде қарастырмайтынымды атап айтқым келеді. Бірін бірі өзара толықтыратын, дамыта оқытатын технологиялар толып жатыр.

Осы орайда еуропалық мектептерде кеңінен тараған, ойната оқыту қағидасын басшылыққа алатын әдістеме жөнінде тағы бір мысал келтіргім келеді. Солардың бірі – Орсон Кардтың «Эндер ойыны».

Сонымен, бұл әдіс бойынша сынып екі топқа жіктеледі. Кітапты алады да, топтардағы оқушылар санына қарай бірнеше бөлікке  бөледі. Одан әрі әр адамға талдау жасау үшін шамамен 100 беттен беріледі. Міндет – шектеулі тарау аясында кітаптың басты кейіпкерін жағымды жағынан, ал келесі біреу нақ осы тарау шегінде жағымсыз тұрғыдан талдайды. Тезистер мен дәйексөздер жазып, қорғау мен шабуылдаудың пішімдерін ойластырады. Бұл тапсырма үйге беріледі. Ал, сыныпта дайындалып келген топтар бір-біріне қарама-қарсы отырады. Әуелі біреу қорғап сөйлейді, содан соң оның қарсыласы сөз алады, сөйтіп, тұтас кітапты талдап шығады.

Оқытудың тым тосын әдісі өзін ақтауды, өйткені бала оқып-үйрену үдерісіне беріле кіріседі. Оқытушылар мен сыныптың арасында оқулық, дәптер түріндегі кедергілер атымен жоқ. Мұнда «интерактивті» деп аталып жүрген тікелей тілдесу ғана бар.

Балалар құрбыларының қылығын талдап, қорғау сөзін не қарсы уәжін дәйектеуді, пікірталастыруды үйреніп, шешендік өнерді, ой құрау тәсілін меңгереді. Соның нәтижесінде, адамзат баласы жинақтаған білім бағыттарының әрқайсысын жедел де тиімдірек игереді.

Алайда, олардың басы бірікпей, жеке-дара қалып қоймауы, дүниені танудың бір тұтас картинасына айналуы үшін ішкі мазмұнын ашу көмектесетін амал болуға тиіс.

Осыған орай біз пәнаралық байланыстардың маңыздылығы жайында талай айттық. Егер де дұрыс ойлап, пайымдауға, әрі сол арқылы ой жүйесінің арқауы хақында шынайы білім алуға, яғни өзіндік ой қорытуға не көмектеседі деп сұрақ туындай қалса, мен «Логика» деп сенімді түрде жауап қайтар едім.

Бұл оның анықтамасының өзінен-ақ аңғарылып тұр. «Логика» дегеніміз – білімнің кез келген саласы мен қоғамдық үдерістердегі жосықты таным үшін қажетті ойлардың ортақ мәнді пішімдері мен құралдары туралы ғылым.

Жалпы, логика пәнінің қысқаша тарихына тоқтала кетсек, ол 1917 жылға дейін мектеп бағдарламасынан түспеген. Төңкеріс болды да, 1918 жылы логика мектеп бағдарламасынан біржола жоғалып кетті. Содан соң, тіпті, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін ұзақсонар пікірталастар өршіді. Соғыс бұл дау мен талқылаулы тыйды. Соғыстан кейін мектеп бағдарламасына логика пәнін енгізуге шешім қабылданды. Пролетариат көсемдері бұған неліктен барды? Егер де логика оқытылса, соғыс жылдары шығын аз болар еді. Қисынды ойлай біліп, стратегияны ұтымды түзсе, текке қырылып, көрінеу құрбандыққа шалынбас еді. Міне, сонымен, логика Сталинге өлгенше өмір сүрді. Сталин өлгеннен кейін, өздеріңіз білесіздер, ол 1953 жылдың наурызында көз жұмды ғой, 1953 жылғы қыркүйекте логиканы тағы мектеп бағдарламасынан алып тастады. Осылайша, содан бері, өткен жиырмасыншы ғасыр бойы, логика мектерде он жылға таяу оқытылды.

Меніңше, бұл өте маңызды пән, мектеп бағдарламасындағы сабақтар тізбесінен түспеуге тиіс. Себебі, заманауи дүние алуан түрлі ақпараттарға тұнып тұр әрі шапшаң түрде жаңаруда. Сондықтан да, баланы толассыз ақпараттар ағынында адаспай жол тауып, оларды безбендей білуге үйрету және де өте маңызды нәрсе – алуан түрлі деректер нөпірінен ой қаңқасын құрастырып, сол арқылы өзіндік көзғарастардың жіптіктей жүйесін түзуге баулу керек. Осы тұрғыдан келгенде, логика бүкіл оқу пәндерін оқып-үйренуге негіз бола алады. Егер де Білім министрлігі осы мәселені зерделесе, жаман болмас еді деп ойлаймын.

 

Құрметті әріптестер!

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев білім дегеніміз – күшті де бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға ауадай қажет өміршең талаптардың негізгісі екенін бірнеше мәрте атап көрсетті. Сондықтан да бүгін оның өзекті мәселелерін тиянақты талдап, болашаққа бастап бағдарды айқындауымыз бекер емес.

Мектеппен өмір түгесілмейді, тек басталады. Оның кешегі түлектері әртүрлі кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге барады. Сондықтан, біз үшін елдің білімді әрі өз бетінше ойлай алатын азаматының тұлғасын сомдау аса маңызды мәселе.

Бұл мәселе жалпы ұлттық мәнге ие болады. Тек биылдың өзінде Мемлекет басшысы оны бірнеше рет қозғады. Әсіресе, Еңбек қоғамы туралы өзінің соңғы мақаласында Елбасы: «Балалардың, жасөспірімдер мен жастардың олардың есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіздігін» өткір сынға алды.

Жастар үшін де бұл өмірде жетістікке жеткізетін басты міндет. Және де баласының мамандық таңдауына көмектесуді ойламайтын ата-ана жоқ.

Сондықтан оқушыларға кәсіби бағдар беруді қалай ұйымдастыру керек деген орынды сұрақ туындайды. Тұтастай алғанда, кәсіби бағдар беру дегеніміз не нәрсе?

Заманауи әлемде жеті мыңнан аса мамандық бар. Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады да, кейбіреулері келмеске кетеді. Қоғам мен экономика қарқынды дамыған сайын мамандық мәселесінің мәні арта түседі. Зерттеушілер, бұрыннан да белгілі жәйт бола тұра, өзіне шын мәнінде сүйікті іспен айналысқан адамдардың ғана мол табысқа кенелетінін анықтады.

Көптеген зерттеулер бойынша, бүгіндері сауалдамаға тартылғандардың 15 пайызы ғана әлдебір мамандыққа бейімділігін бала шағында байқатқан. Ал, қалғандары, басым көпшілігі білім алып, басқа бір кәсіби тәжірибе жинақтап, «кім боламын» деген сұрақтың жауабы табылғандай кезде өз мамандықтарына көңілі ауғандарын мойындайды.

Жас буынның лайқатты кәсіби таңдауына жәрдемдесу – мектептің маңызды әлеуметтік-педагогикалық міндеті ғой, ал кәсіби бағдарлау ісі – оқушылармен жүргізілетін бүкіл педагогтік жұмыстың заңды жалғасы, белгілі бір мағынада – оның табиғи түйіні деуге де болады.

Ал, осы міндеттерді мектептеріміз ойдағыдай атқарып отыр ма?

Бірақ, кейбір деректер бұған керағар жәйтті көрсетуде. Мәселен, елордадағы жоғары оқу орындарын бітірушілер мониторингінің нәтижелері 2012 жылғы жұмыссыздардың негізгі бөлігі экономика (87%) және заң (86%) мамандары екенін айғақтайды. Сонымен қатар, елорданың жоғары оқу орындарында жүргізілген сауалдама түлектердің 60%-ға жуығы, немесе 5710 жас маман Астана қаласында қалуды жоспарлайтынын алға тартады. Олардың 775-і магистратурада оқуларын жалғастыруға тілек білдерген. Демек, ағымдағы жылдың күзіне қарай елорданың бес мыңнан аса түлегі қала тіршілігінің сан саласынан жұмыс іздемекші.

Ал, енді, қаламыздың еңбек пиасасындағы нақты мүмкіндіктерге назар аударайық. Мәселенки, қазір қала бойынша жұмыспен қамту органдарының тізбесінде 270-тен аса мамандық ұсынылған.

Осы тізімдегі жоғары оқу орындары дәстүрлі түрде оқытып келе жатқан негізгі мамандық түрлеріне еш сұраныс жоқ. Атап айтқанда, ұсыныстың нақты сұраныстан асып түсу мөлшері:

заңгер мамандығы бойынша – 80%-ды;

–        экономист 80%-ды;

–        сауда-саттық менеджері90%-ды;

–        кассир мамандығы бойынша 95%-ды құрайды екен.

Яғни, аталған мамандықтар бойынша білім алған жас жігіттер мен қыздар жұмыс таба алмай жүр! Мамандар даярлаудағы асыра сілтеушілік.

Көріп отырғандарыңыздай, бұл мамандықтар қала тірлігінің экономикалық айналымынан шет қала бастаған.

Сөйте тұра, қала «ІТ-технолог», «бағдарламашы», «инженер-механик», «инженер-электригі», «монтажшы-құрылысшы», «электрші-дәнекерлеуші» сияқты мамандарға аса зәру.

Осынау сұранысқа ие «мамандықтар қатары» елорданың еңбек пиасасындағы құрылымдық ілгерушілікті әрі оның экономикалық қажеттілігінің өтелгенін айқын көрсетеді. Шын мәнінде, бұл таяу келешектегі ең кепілді мамандықтар.

Ондаған жұмыс орны бос бола тұра, әлгі мамандықтар бойынша ұсыныстың бірлі-жарым екендігі тізімнен айқын көрінеді.

Сіздердің әрқайсыңызға: «бұл цифрлардың орта мектепке қандай қатысы бар?» деген ой келетінін іштей бажалаймын. Айтайын дегенім: тікелей қатысы бар.

Адамды әлеуметтендіру тізбегінде мектеп бастапқы, демек, негізгі деңгейде тұр. Ол жас көңіл, албырт ақыл иелерімен жұмыс істеудің шешуші тетігін иеленген. Сайып келгенде, оқушыны орнықты есейіп, саналы түрде мамандық таңдау жүйесін нақ мектеп белгілеп береді.

Алайда, қазір біз мектептеріміздегі кәсіби бағдарлау жұмысы жүйелі деңгейге жетпегенін мойындауға тиіспіз. Бұл көз жұмсаң да көрініп тұрар кемшілік. Қыл аяғы, 1-сынып 9-сыныпқа дейінгі оқулықтарды парақтап шығыңыздаршы. Міндетті пәндерді айтпағанда, 8-сыныпқа дейін балалар үздік-создық білім алады, олар мақсатты түрде кәсіби бағдарлау талаптарына мүлдем сай келмейді. Тек жалғыз «Еңбек» сабағын ғана ауызға алмасақ.

8-9-сыныптарда бұл жұмыстың ауқымы тарылып, мамандық таңдауға оқушыны да, мұғалімді де байыпты түрде міндеттей алмайтын «мектептік компенонт» ұғымының қаузына қамалып қалған. Және де бұл 9-сыныптан кейін оқушылардың 40 %-ы колледждер мен кәсіптік лицейлерге түсетін жағдайда орын алуда. Міне, көріп отырсыздар, мектептеріміздегі кәсіптік бағдарды айқындау ісі жүрдек уақыт талабына сай келмейді.

Мәселенің екінші жағы бар, ол – сірескен стереотиптер. Бәрінен бұрын, мамандықты беделділігіне қарай бөле-жара қарап, биік қою жойдасыздығы етек жайған.

Қазір мамандықты қалай таңдайды? Зерттеушілердің дерегі бойынша, мектеп түлектерінің 70%-ы өздерінің болашақ мамандықтарын ата-аналарының «өйткені, бұл беделді» деген ақыл-кеңесіне құлақ аса отырып таңдайды екен.  Яғни, оқушылар болашақ мамандығына бағдар ала алмайды.

Осы орай мектептегі ұстаздар ұжымының басты міндеттерінің бірі – үздік оқушының қарасын көбейту үшін ғана бәсекеге түсу емес, ең маңыздысы – әр баланың өз бетінше кәсіби білімдерді меңгеру қабілетін ұштап, машығын жетілдіру.

Осы айтылғандардан ой түйіндей келе, қазіргі елорда мектептері мынадай міндеттердің шешуге жұмыстануы керек деп пайымдаймын.

Бірінші міндеткешенді әрі сан алуан мекемелермен үйлесімді жұмыс жүргізуге байланысты. Сондықтан арнаулы жұмыс тобын құру қажет деп санаймын, оның құрамына бірқатар мектеп директорлары, тәжірибелі ұстаздар, ірі кәсіпорындар мен мүдделі қала құрылымдарының басшылары кіреді. Бұл топ кәсіби бағдар беру әрі келешекте жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын жасақтауға тиіс.

Екінші міндет қаламыздың экономикалық қартасына мейлінше сай келетін салаларға қатысты болмақ. Мұндай үш ірі бөлік бар:

біріншісі – шағын және орта бизнес. Бұл бөлік бойынша бүкіл сала мамандықтарына талдау жасап, оның даму қарқынын саралауды, соның негізінде бизнес-сектор бағыттарының әрқайсына кадр мәселесі тұрғысынан болжам түзуді тапсырамын.

– екіншісі – құрылыс саласы. Бұған біз, өз күшімізбен кадр даярлауға мүмкіндігіміз бола тұра, кейбір мамандарды шетелден алып келуге мәжбүрміз. Қандай мамандықтар бойынша тапшылық барын талдау жеткілікті, соған сәйкес мамандандырылған училищелерде оқыту курстарын аша аламыз.

– үшіншісі –  өндіріс секторы. Сіздер елорда үйреншікті ұғымдағы индустриялық орталық бола алмайтынын түсінуге тиіссіздер. Яғни, ауыр өнеркәсібі, атшаптырым цехтары, өндірістік желілер бар қала кейпінде елестетпеңіздер.

Өнеркәсіптік  тұрғыдан елорда инновациялық өндірістердің орталығы ретінде өркендеуге тиіс. Ал, ол үшін бүгіннің өзінде осы кәсіпорындардағы жұмысқа білек түре кірісіп кететін білікті мамандар қажет қой.

Осындай жағдайда мектеп еңбек пиасасының ахуалын және де оқушылар мен олардың ата-аналарының мамандық таңдау ауанына, қарым-қабілеттері мен кәсіби мүдделеріне әрдайым жол сілтеп, жөн көрсетіп отыру үшін мамандарға қойылар заманауи талаптарды жете білуге тиіс.

Ақыр соңында айтарым, орта мектептің кәсіби бағдар беру мақсатына сай келетін міндет туралы. Осы оқу жылынан бастап әр тоқсанның басында мектеп бітіруші сыныптардағы оқушылардың кәсіптік қалауларын, яғни, болашаққа құрған жоспарларын анықтауға арналған сауалдамалар жүргізіледі. Бұл олардың қалаулары мен таңдаулары қаншалықты өзгеріп тұратынын көріп, мектеп бітірген соң кім болғылары келетінінен хабардар болуға, сонымен қатар оларға тұрақты түрде ақыл-кеңес айтып отыруға мүмкіндік береді. Қай оқу орны қандай мамандар даярлайтыны, оған қалай даярлану, қай пәнді тереңдете оқу қажеттігі де қамтылады.

Бұл бүгінгі жиын тақырыбының аясында айтылар мәселелердің бір парасы ғана. Сөз жоқ, қазіргі мектептің сан қырлы міндеттерінің негізгісі – баланың интеллектуалдық және рухани тұрғыдан дамып жетілуіне қажетті тиянақты білім беру. Әрқашанда Ұстаз тұлғасы ұйытқы болып, жетекші орын алатын кез келген мектептің ұласымды қасиеті, міне, осыдан тұрады.

Ал, енді, елордалық білім беру жүйесі жайында айтар болсақ, соңғы алты жылдың ағымында әртүрлі үлгідегі 83 мектепке дейінгі мекеме іске қосылып, 20 орта мектеп ғимараты салынды. Мазмұндық жағынан келгенде, мектеп әдістемесі ұдайы жаңартылып, 1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі балақандарға «ыстық тамақ» ұйымдастырылды, бөбектерді балабақшаларға қабылдау жүйесі ретке келтірілді. Бұл, әрине, ауқымды да жансебіл жұмыстың шет-шашағы ғана. Осынау жұмыстар, ең алдымен, өз қызметтерін аса кәсіби біліктілікпен атқаратын мұғалімдер  қауымының, Әсима Темкеқызы басқаратын елордалық Білім басқармасы қызметкерлерінің ерен еңбектерінің арқасында бітіп жатыр деп ойлаймын.

Ардақты ұстаздар!

Сіздердің мамандықтарыңыздың маңызын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Мұғалімдік – рухани-адамгершілік кемелдіктің, әрине, практикалық білімнің дара бастауы болып қала береді.

Сондықтан, сөзімді қорытындылай келе, жаңа оқу жылының басталуымен баршаңызды тағы да құттықтағым келеді!

Сіздерге бақыт, денсаулық пен молшылық тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =