Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бағаналы орда – басты орда

немесе Бұқар жырау мұрасындағы көне ұғымдар

0 568

Қарсы менен Құзарда,
Жалаң аяқ жар кешіп,
Бөз тоқыған сарт едің!
Бұқар жыраудың Абылайға айтқан осынау шумағында аталатын Қарсы менен Құзар туралы не білеміз ? Бұл таулар Жиделібайсын аталатын, біздің аталарымыздың тамаша қыстау жерлері болған, шүйгін де берекелі қоныс. «Қалың найман нуынан» шыққан арқалы ақын Дулат:
Әуелгі қазақ деген жұрт
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Емін-еркін ен жайлап,
Өсіп едің Бұхарда, – деп жырлай­тыны осы Қарсы мен Құзар.
Қазіргі уақытта Қарсы (Карши) мен Құзар (Гиссар) таулары Өзбекстан мен Тәжікстанның шекаралық аймақтарында жатыр. Бұқар жырау «бөз тоқыған сарт» деп Орталық Азияның ежелгі отырықшы, саудагер тұрғындарын айтады.
Тәңірім сөзі Бұрқанды айт,
Кәлим Алла Құранды айт.
Бұл жерде Бұрқан (фұрқан) әуел баста тәңіршілдік ілімнің кітабы, бірақ кейін келе қазақ будда дініндегілердің өз ғибадат­ханаларына орнатқан адам бейнелі пұттарын да осылай атайтын болған. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздікте»: «Фұрқан 1) жақсылық пен жамандықты, шындық пен өтірікті айырушылық; 2) әл-Фұрқан (Құранның жиырма бесінші сүресінің аты); 3) «Құран» деген түсініктеме берілген. Бұл – тым жалпылама, көңілжықпас анықтама. Шын мәнінде Бұқар жырау мұрасында Бұрқан тура мағынасында, тәңіршілдіктің бас­ты кітабы ретінде берілген деген пікірдеміз, әйтпесе егер Бұрқан Құран мағынасында айтылса, толғаудың келесі жолында «Кәлим Алла Құранды айт» деп оны қайталаудың қаншалықты қажеті бар?!
Қазақ исламды қанша жерден қабылдаса да, ХІХ ғасырдың ортасына дейін табиғаттың дүлей күштерінің иелері деп, мал иесі деп қуыршақ жасауды жалғастыра берген. Ауру иесі деп қуыршақ жасап, оны жеті жолдың торабына апарып өртеп жіберу бертінге дейін келді, оның шетін менің замандастарым көрген де болар.
Өзің болған күніңде,
Бір көшке сыймайды,
Азаткерде құлыңыз!
Қазақ хандығы дәуірінде Нау­рыз, Құрбан айт сияқты ұлы мерекелердің құрметіне құлдарға бостандық беру дәстүрі болған. Басына бостандық алған құлдар азаткер құл атанады да, не өзінің еліне қайтады, не қазақтың руларына сіңеді, не ханның төлеңгіттері арасында қалады.
Өзіңнен туған жас бала
Саудагердей сарт болар.
Өзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар!
Бұқар жыраудың болашақты болжап айтқан сәуегей толғау­ларының бірінен. Сарт деп бұл жерде жырау саудагер халықты айтып отыр. Ерте уақытта Сыр бойындағы қалалық өңірді мекендеген, негізгі кәсібі Ұлы Жібек жолы бойындағы сауданы жүргізу болған қауымдарды «сарт» деп атаған. Олар диханшылықпен де, қолөнермен де айналысып, көшпелі рулардың қажетін өтеп отырған. Әртүрлі жағдайларға байланысты (жаугершілік, жұт) көшпелі қазақ та отырықшыға айналып, сарт атанып кетеді.
Екіншіден, Бұқар жырау «Алаштан бетер жат болар» деп Алаш одағының құрамына әртүрлі елдердің енетінін де меңзейді. Қазақта бұрын болған «Алашсың ба, ағайынсың ба?» деген сөздер де осының дәлелі, яғни қазақсың ба, әлде Алаш құрамындағы елдердің біріненсің бе деген сөз.
Лабашы деген бір еліні,
Антыменен улатқан.
Ераншы мен Серенді
Тозығындатып шулатқан.
«Лабашы деген бір еліні» қа­те жазылып кеткен болуы керек, дұрысы – Лабашы деген бір ер­ді. Әңгіме қалмақтың соңғы қонтайшыларының бірі Даваци туралы. Черен Дондук тайшының немересі, Нәмжілдің немересі. Жоңғария тағына тура мұрагерлердің бірі. 1751 жылы қара қалмақ ханы Лама Доржымен билікке таласып, Абылай қолына келеді. 1753 жылы Әмірсанамен бірге Лама Доржыны өлтіріп таққа отырды. 1755 жылы Шығыс Түркістанда Қытай қолына түсіп Бейжіңде өлді.
Ераншы-қалмақша аты – Эринцин. Әмірсананың қайын атасы. Күйеу баласымен бірге Абылай ханға қашып келіп, кейін қазақтың бір адамын өлтіріп алады да, Жоңғарияға қайта барады. Серен – қалмақ деректерінде Шерен, Цэрэн түрінде кездеседі. 1756 жылы өзінің жақтастарымен бірге, шамамен он мың үйдей адам Серен бастап Оңтүстік Сібір арқылы Еділ бойындағы торғауыттарға келіп қосылды.
Шүршіт келем деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап
Інжіл атты кәләмда.
Бұқар жыраудың «төрт кітап» деп тұрғаны – Таурат, Забур, Інжіл, Құран. Кәләм (калам) – арабша жаратушының сөзі, кітабы, жазуы деген мағынада. «Шүршіт» деп қазақ Қытайды 1640 жылдары бағындырып, 1911 жылға дейін (Цинхай революциясы) билеген мәнжүрлерді айтады.
Үшбу ердан бек (даруа),
Жасылкөлге мәслихатқа келтір­ген.
Түпнұсқада «Үшбу елдің бек­терін» деп айтылған-ау деген пікірдемін. Жасылкөл – Жетісу Алатауы аймағындағы көл. Ол Лепсі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым шамасында, Ағынықатты өзенінің бір тармағы Киікөзен өзенінің орта ағысында орналасқан. Көл теңіз деңгейінен 1630 метр биіктікте. Көлдің ұзындығы – 2 шақырым, көлденеңі ең кеңейген тұсында 700 метрге жетеді. Тереңдігі 30-50 метр шамасында. Көлді жағалай өскен жапырақты тоғай күзде ерекше сұлуланып түрленеді.
Көлдің түсі тәулік мезгілі мен ауа райына да байланысты құбылып тұрады. Талтүс кезінде көкшіл түске боялады. Шайдай ашық аспанда су көкпеңбек түсті болса, бұлтты ауа райында қорғасындай сұрғылт түске енеді.
Осы Жасылкөлде болған мәс­лихаттан қалған белгі бар ма екен, шамасы 1750 жылдардың ортасы-ау деп ойлаймын.
Бағаналы орда – басты орда,
Байсал орда қонған жұрт!
Бұқар жырау мұрасының ішіндегі жұмбақ дүниенің бірі – осы Бағаналы орда! Әлі күнге сыры ашылмаған көне ұғымдардың бірі десек те болады. Бағана тарихи-этнографиялық деректерге көне замандарда қарасақ, бірнеше мағынада қолданылған.
Біріншіден, «бағана» деп жерге тік орнатылған ағашты айтамыз. Қазақ ертеде ас бергенде жерге ұзын ағаш бағана қадап, оған қайтыс болған адамның жасына қарай ақ, қара, қызыл ту байлап жатады.
Екіншіден, ертеде Уыз хан (Оғыз хан) заманында ұлы дүбір тойларда жерге алтын, күміс бағаналар орнатып, біріне ақ қой, біріне қара қой байлап жүргенін аңыздардан білеміз.
Үшіншіден, біздің түрік халықта­рында, алыс туыстарымыз буряттарда қасиетті тауларында тау майлар мерекесін жасап, бағана орнатып, соған құрбандыққа соятын малдарын байлау дәстүрі болған. Б.Манжигеев деген бурят этнографы «Еще в начале 30-х гг. на горе Байтаг сохранялось 85 деревянных столбов, на которых когда-то, привязывалось столько же жертвенных животных, приносимых от каждого бурятского рода духу-хозяину горы» деп жазады. «Байтақ – бай, қасиетті деген ұғымды білдіретін түрік сөзі» дейді зерттеуші. Бұқар жыраудың да «Байтағың байып мал беріп, Байрақты жерде қыстатқан» деген сөзі осы Байтақ ұғымына байланысты емес пе?!
Төртіншіден, «бағана» сөзі уа­қыт мөлшерін білдіретін ұғым екені анық. Қазақ осы күнге дейін бірталай уақыт өтті дегенді «бағана» дейді. Есік алдында отырған адамнан «қашаннан бері отырсың?» деп сұрасаң «бағанадан бері отырмын» деп екеуінің бірі айтады. Ерте заманда хан ордасының алдына бағана орнатып, соған бас­ты оқиғаларды белгілеп, уақыт шамасын жасаған жоқ па екен деп те долбарлауға болады.
Бесіншіден, қазақта Бағаналы аталатын үлкен бір ата бар! Орта жүз, оның ішінде Найман тайпасының құрамына кіреді, арғы түп-тегі Елтай батыр (Ел­ата) арқылы Ғұн империялық қауымдастығына барады.
Міне, осы бес мысал басы қосыла келе, Бағаналы орда ұғымының көне дүниеден келе жатқан мемле­кеттігіміздің қасиетті белгілерінің бірі екенін көрсетсе керек.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының
докторы

(Соңы. Басы газеттің №47, 50, 52 санында)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды