Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бағаналы орда – басты орда

немесе Бұқар жырау мұрасындағы көне ұғымдар

0 1  127

Сегіз қиыр шартарап – Еуразиялық көне ұғымдардың бірі. Өткен заманның уақыттық шекараларын көрсете алатын, болашақ заманды есептеуге мүмкіндік бере­тін астрономия­лық есептерге негізделген календарлар бірден пайда болған жоқ. Кеңістік пен уақыттың стандартты түсініктерін қалыптастыруға көшпелі халықтар үлкен үлес қосты, Еуразияның алып территориясында кеңістікті және уақытты есептейтін ортақ үлгілер туғызған да көшпелілер еңбегі.

Бізде «сегіз қиыр шартарап» ұғымын Батыстық, не Исламдық мәдениетпен байланыстыру үстем. Батыста оны октаграмма деп атайды және тәртіп пен тепе-теңдікті білдіретін символ деп есептейді. Ислам әлемінде Руб аль-хизб (араб.) ұғымы қолданылады. Бұл жерде «руб» – ширек деген мағынада, ал «хизб» топтама. Біздегі қолданыстағы «сегіз қиыр шартарап» екі тік төрт бұрыштың бір-біріне 45 градустағы қосындысы да Батыс пен Шығыстан келді.
Егер тарихи тұрғыдан қарасақ, онда біз ислам мен батыс өрке­ниетінен де ертерек болған Уыз (Оғыз) хан заманына барамыз. Себебі сегіз қиыр шартарап «Оғыз жұлдызы» деп аталады.
Жалпы сегіз сөзіне қатысты құпиялар толып жатыр. Мысалы, саха елі сегізді «ағыс» дейді. Бұл – арийлік нұсқадан қалған жұрнақ. Батыста осы ағыстан «август» пайда болады, яғни сегізінші ай. Қазақта «ағыс» – рудың да аты, жердің де аты (мысалы, Ағыс Қу).
Арсы менен күрсіге,
Дәу таласты үніңіз!
Бұқар жыраудың Абылайға айтқан мадақ сөздерінің бірі. Арсы мен Күрсі дегеніміз не, қазіргі замандастар осы сөздің мағынасын білер ме екен?
Осы сөздердің мағынасын анықтау үшін қазақтың ежелгі космогониялық ұғым­дарына сая­хат жасау керек. Сол ұғымдардың бірі – жеті қат көк, жеті қат жер. Жеті қат көктің ең жоғарғы қаттары (сфералары) – Арсы мен Күрсі. Бұқар Абылайға айтқан сөзің, жарлығың жеті қат көктің ең арғы қабаттарына да жетеді деп тұр. Осылай мақтап-мақтап алады да, «өкпеңменен қабынба, өтіңменен жарылма» деп ұрсады. Адам баласының о дүниелік өмірі осы қаттарда өтеді деген де түсінік бар. Осыған байланысты қазақтың адам мінезін арсы-күрсі деп атайтыны қызықтырады, арсы-күрсі сөйлейді деп те айтамыз.
Лауқы менен кәләмді айт,
Құдыретімен жаратқан,
Он сегіз мың ғаламды айт. Лауқы мен кәләм – қазаққа ислами мәдениеттен келген күрделі ұғымдар. Кәләм сөзі түсінікті – қазақтағы қалам, яғни жазу құралы ұғымы содан шығады, не­гізгі арабтық мағынасы жазу. Бұқар жырау «лауқы» сөзін қыс­қартып, жыр жолына қолай­лы етіліп, ықшамдаған. Бұл сөз ислами әдебиетте Ләуһу Махфуз аталады. Мағынасы бүкіл әлемде болған, болатын оқиғалар жазылған тағдыр тақтасы, кітап деген мағынада. Қазақта ертеректе «Лауқылмақпұздан қарайық» деген сөз болған, бірақ одан қарау үшін аса бір ғұламалық қасиет керек деп есептеледі.
Сонымен Бұқар бабамыздың «Лауқы менен кәләмді айт» деге­ні тағдыр тақтасындағы жазуды айт дегені болып шығады. Бір қызығы, «лауқы мен кәләм» дәл осы мағынада Ахмет Ясауи хикметтерінде де қолданылады: «Шоқ қанатын хазрат Таба тоқиб учар, Ғарш уа курси лаух уа қалам тайран қылур», қазіргі мағынасы «Қос қанатын хазірет тоба қомдап ұшар, Ғаршы-күрсі, Лауқыл-қалам думан қылар». Бұл қанатты сөздер Бұқар жырау­дың Ахмет Ясауи мұрасын жақсы игерген, талантты шәкірттерінің бірі екенін тапжылтпай дәлелдесе керек.
Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң?!
Хандар киген қамқа тон,
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай,
Мортық болар бүлген соң! Бұқар жырау мұрасы ішінде мына бір толғау ерекше екені белгілі. Дүниенің бәрі жалған, бәрі тозады, бәрі алдамшы. «Ай не болар күннен соң, Күн не болар айдан соң?!» дегені қандай ғаламат?! Біз Бұқар мұрасында сақталған көне ұғымдарды талдаймыз деген уәдеміз бойынша мортық сөзіне назар аударамыз. «Мортық» – көне заманнан, соның ішінде үндіеуропалық тілдердің сөздің қорынан сақталған атау. Әрине, тілдердің шекарасы шартты, оларды жүйе­леу де шартты. Дегенмен, тілдерді этимологиялық тұрғыдан зерттеу бізге тарихи жағынан тамаша материал береді. Мортық сөзінің түбірі «mort» үндіеуропалық тайпалар ұлы даладан батысқа және оңтүстікке әлі көшпей тұрған уақытта, яғни ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда қолданылған. Оның түбірі праиндоеуралық mer – «өлу» (ср.: русск. «мор» мёртвый, лит. mirtis «смерть», латышск. meris, готск. maurþr «убийство», др.-в.-нем. mord «убийство», англ. murder «убийство», др.-ирл. marb «покойник», лат. mortuus «мёртвый», др.-греч. βροτός «смертный», армянск. (mard) «человек», авестийск. marta- «смертный»). Сонымен бірге Еуропада «mortyк» – өлімді, кесірді білдіретін символ есебінде белсенді қолданыста бар ұғым.
Қазақ тіліндегі «мерт», «мерт болды» сөздерінің тарихы да сол ерте кезеңге барады, яғни біздің тамырымызда арийлік қан тамшыларымен бірге сөздік қор да сақталған. Осы мортықпен егіз қозыдай бірге жүретін шортық (shortyk), қортық (kortyk) т.б. сөздер де ежелгі ортақ тіл қорына барады.
Қазақ жерінде мортық атауы, негізінен, көне заманның обаларына қатысты бірнеше жерде сақталған. Батыс Қазақстанда Жаңа қала ауданында мортық обалар бар, Солтүстік Қазақстан облысында Сілеті өзені бойында мортық обалар кездеседі. Сілеті бойындағы Мортық обалар туралы кезінде «Астана ақшамы» газетіне «Сілетінің оңтүстік жағасында, Петропавл-Қоянды сауда жолынан бір шақырым жерде «Мортық оба» аталатын обалар бар… осыдан қырық жылдай бұрын қазба кезінде бұл Мортық обадан шойын құмған табылған екен» жазыппын. Мортық аталатын ауылдар Алматы және Ақмола облыстарында бар. Солардың бірі – Ақтөбедегі Мортық. Ол жерде студент кезімде Мир Қадырбаев ағамыздың жанында сармат қорғандарын қазып едік. Ендеше Ақтөбедегі Мортық сармат өркениетіне қатысты қолданылады деп жорамал жасауымызға болады. Cармат өркениеті бүліншілікке ұшыраған, иесіз қалған дүние, біз әлі күнге дейін сармат мәселесінің қыр-сырын нақтылай алмай жүрміз.
Расында да, қазақ жерінде не көп, көне заманның қорған-обалары көп, ал олардың барлығы бірдей мортық аталмайтыны белгілі. Сонымен «мортық» атауы қандай мағына білдіреді? Қазіргі халықтық этимологияда мортық сөзін көктем уақытында гүлдейтін өсімдік атауымен байланыс­тырады. Біздің ойымызша, тез бұрқ етіп өсіп, тез қурап қалатын және шөлейт аймақтарда өсетін өсімдік атауының мортық обаларға қатысы жоқ, керісінше, мортық оба сөзінің осы өсімдік атауының пайда болуына әсері бар десек дұрыс.
«Мортық» дегеніміз – Бұқар жырау бойынша бүлінген «кең сарай». Ең бастысы, жырау «құлаған», «қираған» деген сөздерді қолданбайды, бүліншілікке ұшыраған ескі жұртты айтып отыр.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы

(жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды