Бағаналы орда Бақорда

0 66

– Елбасының тарихи шешімімен Сарыарқа төрінде бой көтерген жаңа астанамыздың тә­уелсіз еліміздің өмірінде алатын орны қандай деп ойлайсыз?
– Мемлекет ұғымының өзі ең алдымен астанамен астасып жатады. Қай елді атасаңыз да ә дегеннен санаңызға бірден ол елдің астанасының аты түсетіні сондықтан. Біздің қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты қалаларда ордалы жұрттың туы тігілген. Нұр-Сұлтан қаласының дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласы да үлкен орталықтың бірі болғанын ғалымдар дәлелдеді. Ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі осы Есіл бо­йында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек.
Ал бүгінгі жағдайға келсек, біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыс­тырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Бұл біз үшін өте дер кезінде, өз тағдырымызды белгілейтін сын сағатта істелген сәтті қадам болды. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кірістік. Сол арқылы іс жүзінде жаңа мемлекет құруға кірістік. Жалпы, тақыр жерден жаңа көтерілген әлсіз елдің астанасын салу – айтуға ғана оңай іс. Дей тұрғанмен, халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бо­йынша орнатты. Ең бастысы, өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әрбір көшеге, әрбір үйге жүрек мейірін, перзенттік сү­йіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Нұр-Сұлтан қаласы осылайша халқымыз­дың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы. Бұл қала – елдің болашаққа салған алтын көпірі, жаңа қоғамның символы.
– Нұр-Сұлтан қаласының тарихи-әлеуметтік, философиялық, руха­ният тұрғысынан қандай артықшылықтарын атап бере алар едіңіз?
– Алдымен астананы ауыс­тырудың саяси астарына үңілсек. Бұл жөнінде 1995 жылы ағылшынның беделді басылымдарының бірі саналатын «Financial Times» газеті былай деп жазды: «Нұрсұлтан Назарбаев мырза Қазақстанның астанасын Алматыдан Орталық Қазақстандағы өндірістік қала – Ақмолаға ауыстыру туралы Жарлық шығарды. Көптен күткен бұл заң Орталық Азиядағы Батыс дипломаттарының ренішін туғызса, Ресей ұлт­шылдарының ашу-ызасын келтірді. Бақылаушылардың есебінше, Назарбаев мырзаның астананы елеу­сіз провинциялық қалаға көшірудің бірден-бір себебі, ол – Қазақстанның солтүстік аймағына көз алартып жүрген орыс ұлтшылдарын қапы қалдыру». Негізі, бұл астананы көшірудегі үлкен саясаттың бір ғана жағы болатын.
Иә, астана таңдауды қай кезде болмасын мемлекеттің асқақ мүдделері айқындаған. Бізде де астананы көшіру ұлттың стратегия­лық мүдделерінен туындады, онда геосаяси да, әлеу­меттік-экономикалық та, рухани – тарихи астарлар болды. Алайда көшірудің мерзімі мен жағдайын есептей келгенде, астана феномені бүгінгі әлемде өзіне ұқсас белгі табу қиынға түсетін бірегей тарихи оқиға болып табылады. Елдегі экономикалық ахуал едәуір күрделі болып тұрған 90-жылдардың басында бізге бәрінен бұрын өзіміздің күшімізге сенімді орнықтыру қажет еді. Қазақстанды қуатты да өркендеген мемлекетке айналдыра аламыз деген сенім керек еді.
Астана ел ортасында орналасқандықтан жақын маңайға да, әлемнің әр қиырына да бірдей ашық, сонысы арқылы біздің ­сыртқы саясатымыздың бейбітсүйгіштік сипатын танытып тұрады. Астананы тоғыз жолдың торабында тұрған қалаға ауыстыру Қазақстан экономикасын сауықтыру қажеттігінен, бүкіл экономиканың өсуі үшін керекті мультипликативті тиімділікті қамтамасыз етуге ұмтылудан да туындаған еді. Елорданы құрамы жағынан көпұлтты өңірге көшіре отырып, біз тұрақты полиэтностық мемлекет құруға және ұлт­аралық келісімге басымдық беруге бағыт ұстағанымыз­ды таныттық. Сайып келгенде, жаңа астана көшпелі ордадан бүгінгі заманғы республикаға дейінгі дамудың көп ғасырлық жолын жүріп өткен қазақ ұлтын өзін-өзі танып-білудің аса маңызды белесіне шығарды. Бүгінгі астанамыз біздің ұлттық санамызды нағыз егемендік деңгейіне жеткізіп, қазақ этносын ұйыстырған идея­лық символға айналды.
– Елордамыз астана болып жарияланған күннен бастап бүгінге дейін өзінің миссиясын қаншалықты атқарып келеді? Ел астанасы болып толыққанды қалыптасты ма? Қандай мәселелерді әлі де шешу керек, дамыту керек деп ойлайсыз?
– Әрине, тарих үшін 22 жыл дегенің – уақыттың қысқа ғана кезеңі. Дей тұрғанмен, бұл кезең бүкіл Қазақстанның және оның көпұлтты халқының өмірін түбегейлі өзгеріске түсірген терең үдерістерге толы болды. Бүгінде өмір сүріп, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы, ыңғайлы болып бара жатқан мегаполиске айналды. Осы жылдар ішінде денсаулық сақтауға бөлінген қаржы – 32 еседен астам, білімге бөлінген қаржы – 22 есе, әлеуметтік қамсыздандыру мүддесіне бөлінген қаржы алты есе артты. Мұнда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылып, ол өңірдегі күшті оқу орындарының қатарына қосылды.
Астаналық медициналық кластер жайы да көңіл толарлықтай. Ол ең осы заманғы алты медицина институттарынан құралған. Қазір мұнда Ана мен бала орталығы, Балалардың сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бүгінде Диагностикалық орталық, Нейрохирургия орталығы, Жедел медициналық жәрдемнің ғылыми-зерттеу институты іске қосылды. Осы орталықтардың негізінде біртұтас холдинг ретінде басқарылатын бірегей «Денсаулық қалашығы» құрылды. Ең осы заманғы озық медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мұндай кешен көптеген Еуропа елдерінде де жоқ. Қазірдің өзінде мұнда ауыр науқастарды емдеуге, бұрын тек шетелде ғана жасалатын аса күрделі операцияларды атқаруға болады. Барынша сапалы ем алу үшін өз елімізден, көршілес елдерден адамдар Нұр-Сұлтанға келуде.
Нұр-Сұлтан экологиялық мәселелерді шешуде осы заманғы көзқарастың үлгісіне айналуда. Елбасының тікелей өзі бастамашы болған астананың айналасынан «жасыл белдеу» жасау жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Осы жылдарда елорда маңайында 71 мың гектар жерге орман отырғызылды, ол орман қала климатын едәуір өзгертіп, даланың желінен қорғап тұр. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағы 722 шаршы километрден астам, ал халқының саны 2020 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 1136008 адам.
Бүгінде әлемдік қауым­дас­тық үшін Қазақстан мен Нұр-Сұлтан атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзімізді келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Осы жылдар ішінде Нұр-Сұлтан әлемдегі ең жас та танымал астаналардың бірі ретінде нақты елордалық ауқымға ие болып қана қоймай, бүгінде мейлінше үздік дамып келе жатқан әлемдегі 30 мемлекеттер астаналарының ортасынан ойып тұрып орын алып отырған астананың біріне айналды. 1999 жылы ЮНЕСКО Нұр-Сұлтанды «Бейбітшілік қаласы» деп жариялады. 2008 жылдың сәуірінде Мәскеуде өткен «ТМД-ның таңдаулы қаласы» атты байқау-конкурста Нұр-Сұлтан 16 жүлденің 9-ын алды! 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болып табылады.
Сөйтіп, елордамыздың аты халықаралық сөздік қорына тез-ақ енді, әлем картасында өзіне-өзі сенімді мемлекет пайда болғанын аңғартатын маңызды мағынаны ала келді. Сондай-ақ біздің елорда өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиіс көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды. Нұр-Сұлтан қазір жай ғана елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның елордасы ретінде өңірлік даму бойынша жаңа идея­лардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда. Қала әлемдік конфессияаралық үнқатысудың астанасына айналды. 2003 жылдан бері мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезі өтті. Біз әлемге діндер арасындағы үнқатысу мүмкін екендігін көрсеттік, өйткені олардың бәрі жасампаздық пен адамзаттың игілігі идеясына негізделеді. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, 2011 жылы VІІ қысқы Азия ойындары, Ислам конференциясы ұйымы жиналысы, 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесі өткізілді. Бұл – орасан зор сенімнің, дамудың «қазақстандық жолының» тиімділігін, қазақстандықтар толеранттылығының жоғары деңгейін танудың белгісі.
«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Дегенмен халқы миллионнан асқан астанада билік тарапынан баспанамен қамтамасыз ету, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді салу, қала шетіндегі мекендерді сумен, жарықпен қамту, сапалы жол салу, Абу-Даби Плаза «сақалды» құрылысы, Мемлекет басшысы ­Қ.Тоқаевтың тарапынан қатты сынға іліккен LRT мәселелері, ең бастысы, қазақ ұлты басым қаладағы қазақ тілінің аянышты халі тәрізді ірілі-­ұсақты кемшіліктерден құр алақан емеспіз. Бірақ дүрбелең дүние бүгінгідей дүбірлеп жатқан тұста біз де шүкіршілік десек әсте қателесе қоймаспыз. Қаншама қиын да күрделі, күрмеуі қиыр-шиыр істердің түптің түбінде өзінің оң шешімін табары анық. Бәрі де тек уақыт еншісінде. Күте білгенге ол күндер де алыс емес.
– Елбасының тәуелсіз Қазақстанды орнықтырудағы, жаңарған, өзгерген, мақсаты биік мемлекет ретінде дамытудағы тарихи рөліне тоқталсаңыз.
– «Ағылшындардың мәңгілік досы жоқ, ағылшындардың мәңгілік қасы жоқ. Ағылшындардың мәңгілік мүддесі бар» деген сөз бар. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте, ұлтты ұшпаққа шығаратын азамат, ұлтқа шым тереңнен ойлайтын, тым қияннан болжайтын тұлға қажет десек әсте қателеспейміз. Бірер мысал. Алып Қытай жол айрығында абдырап тұрғанда ұлтын Дэн Сяопин бастап, халқын қазір АҚШ-пен иық тірестіріп, Жапонияны және Германияны экономика жағынан көп артқа қалдырып отыр. Үндістан Ұлыбританияға жалтақтап қалғанда Махатма Ганди басын бәйгеге тігіп шықты. Ең демократия­шыл деп саналатын Америкада Франклин Делано Рузвельт президенттікке қатарынан төрт мерзімге сайланса, Шарль де Голль есімі Франция тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Түркия елінде Мұстафа Кемаль Ататүрік, Сингапурда Ли Куан Ю болып, әлемде осындай біртуар ұлт тұлғаларының есімдері жалғасып кете береді.
Ақтамберді жырау былай жырлапты: «Жауға шаптым, ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан, жылады жүрек, қан қайнап, елді, жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап». Яғни ата-бабаларымыздың ұлы мақсаты тәуелсіздікті алу болды. Сол тәуелсіздікті ХХ ғасырдың соңғы жылдарында алдық. Біз тәуелсіздікті көшбасшымыз, ұлтымыздың ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Ал астананың тарихы біздің тә­уелсіздігіміздің тарихынан ажырамайды. Яғни Елбасы мен Астана – егіз ұғым. Сондықтан астананың Нұр-Сұлтан аталуы мейлінше әділетті шешім. Көзі ашық қазақ ұлты, Қазақстан елі мұны анық біліп, өз ұлтының тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлын мақтан тұтады.
Негізі, нағыз мақтанатын нәрсеге мақтана, қуанатын нәрсеге қуана білген абзал. Бұл көңілдің ақтығын, жүректің тазалығын білдіреді. Бірақ ел болған соң әртүрлі адамдар бар. Қайсыбір басылымдарда, әлеуметтік желілерде, адамдар арасындағы ауызекі әңгімелерде Елбасы да сынға ілініп жатады. Бұл түсінікті де. Жұрттың бәріне жағу қиын. Осыған орай, Конфуцийдің бір әңгімесін келтірейін. Бірде Конфуцийден шәкірттері сұрайды:
– Әміршіні жұрттың бәрі жақсы көрсе не болады? – деп.
– Жақсы болмайды, – деп жауап береді қытай ғұламасы.
– Әміршіні жұрттың бәрі жек көрсе ше?
– Әрине, жақсы емес.
Сосын Конфуцийдің өзі:
– Әміршіні жақсы адамдар жақсы көріп, жаман адамдар жек көрсе дұрыс болады, – дейді. Жалпы, ел билеген адамдардың абыройы туралы сөз болғанда Ыбырай Алтынсариннің мына шумағы еске түседі:
Жақсыны көзден салмаңыздар,
Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.
Өзі болған ерлердің,
Аяғынан алмаңыздар.
– Елордамызда зама­науи үлгіде салынған әсем ғимараттар аз емес. Келбеті сұлу, ажарлы. Ал рухани жағы қалай? Зиялы қауым, әдеби және ғылыми орта қаншалықты деңгейде қалыптасты?
– Нұрсұлтан Әбішұлы алғашқы күннен бастап астананың мәдениетін қатар алып жүруге бетбұрыс жасады. Елбасының пәрменімен Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры ашылып, оған Алматыдан көптеген өнер қайраткерлері тартылды. Аталмыш театр елдегі ең жас музыкалық театр, классикалық мұраны түсінетін және жаңарып жатқан қазақстандық қоғамның рухани қажеттіліктерін іске асыратын, сондай-ақ қазақ және әлемдік музыкалық дәстүрін жалғастырушысы болып саналады. «Астана Опера» театры да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған театр. Сонымен қатар, Елбасының тапсыр­масымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Заманауи өнер мұражайы, Орта Азиядағы ең үлкен мұражай – Қазақстан Республикасының ұлттық мұражайы, әлемдік және отандық жұлдыздардың концерттері, мерекелік және ресми кездесулер, көрмелер, конференциялар ұйымдастыруға арналған жас астананың ерекше кешені – «Қазақстан» орталық концерт залы, Қазақстанның үлкейтілген картасындағы табиғат, архитектура және өмір сүру этномемориалды «Атамекен» кешені, «Ұшатын табақ» түріндегі ғимарат – астаналық цирк ойын-сауық мекемесі, «Назарбаев орталығы» көпфункция­лы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі аясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 27 кітапхана, 8 мемлекеттік мұражай, 10 демалыс және көңіл көтеру саябақтары, 6 кинотеатр бар.
Әлем әртісі атанған скрипкашы Айман Мұсақожаеваға Қазақ ұлттық музыка академиясын құруға қамқорлық көрсетіліп, бұл академия музыка саласынан классикалық тәрбие мен білім беретін үлкен бір ошаққа айналды. Әзірбайжан Мәмбетовті алдырып, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрын астаналық деңгейге көтеруге барлық жағдайлар жасалды. Таяуда оның жаңа ғимараты пайдалануға берілмекші. Дәл сол жылдары Астана қаласының филармониясы ұлғайтылды. Ұлттық аспаптар оркестрі және симфониялық оркестр құрылды. Алматыдан, республиканың өзге де аймақтарынан танымал әншілер мен домбырашылар жиналды. Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.
Мұнда ұлттық әдебиеті­міздің қаймағы саналатын классик ақындар мен жазушылар келді. Олардың барлығына да ресми билік барлық мүмкіндіктер туғызды. Үй-жай, қызмет жағынан қамтамасыз етілген. Бұл қамқорлық әлі де жалғасуда. Әрине, астананың мәдени ортаға айналуы ақын-жазушылар мен сазгерлерге, олардың шығармашылық өнімділігіне тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде ешкімге тұсау салынып жатқан жоқ. Осында келген ақын-жазушылардың кітаптары жарыққа шығып жатыр, астана туралы поэмалар, әндер де жазылуда. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында елордаға арналған керемет драмалар, музыкалық опералар, пьесалар көптеп қойылуда.
– Кенжеболат Жолдыбайұлы, Астана сіздің шығармашылығыңызға қандай үлесін тигізді? Өміріңіздегі орны қандай? Өзіңіздің қандай жетістіктеріңізді осы қаламен байланыстырар едіңіз?
– 1998 жылдан елордамен бірге жасасып келемін. Былайша айтқанда, қала менің көз алдымда бой көтерді. Астанамен бірге мен де есейдім. Осында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң» АҚ Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігі бас директоры, «Еура­зия+ОРТ» ЖШС бас директорының кеңесшісі тәрізді қызметтерді атқардым. Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті болдым.
Мұндағы орта маған бірқатар маңызды саяси-әлеуметтік жобаларды іске асыруға молынан мүмкіндік берді. Атап айт­қанда, жас астананың имиджін қалыптастыру, сондай-ақ жастарды қолдау мақсатында «Астана – жастар көзімен» бай­қауы ұйымдастырылып, ке­йіннен бұл жоба «Еуразия сақинасы» халықаралық жастар ақпараттық форумына айналды. Қазақстан тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасы журналисінің Этика кодексі қабылданды. Отандық БАҚ-ты қолдау мақсатында «Қазақстандық БАҚ – EXPO» көрмесі ұйымдас­тырылды. «Казахстанская правда» республикалық газетінің акциясы аясында Алатаудың Өгем сілемінде 4034 м биіктіктегі шың бағындырылып, ол «Казахстанская правда» шыңы» ретінде ресми география картасына тіркелді.
Күнделікті жұмыстармен қатар шығармашылықпен де айналыстым. Әр жылдарда «Бұл жылдардың мен де бір куәсі», «Мұратымыз: жер, ниет, ар тазалығы», «Время жить и творить», «Қазақстан 2030: болашақтың бағдаршамы», «Притяжение Родины», «Өткен күнде белгі бар» атты публицистикалық жанрдағы кітаптар жазудың сәті түсті. Бұл кітаптар ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың электрондық нұсқасында сақталып тұр.
Бір сөзбен айтқанда, елорда мен үшін жаһандық тарихтың толқынында қазақстандық жолдың басталғанын байқатып тұратын аса маңызды мәреге айналды. Соны сезінген тұста жүрегің бұлқына соға бастайды, ал жаныңды өрлік пен мақтаныш кернейді.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + two =