©2020 Астана Ақшамы
БАҒАЛЫ ЖОБАЛАРДЫҢ БАҒЫ ЖАНАДЫ
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде бірнеше өндіріс орны ашылып, азаматтардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің мұндай ізгі қадамын тек мақұлдаған жөн. Былтыр бұл бағдарламаға шамамен 37 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, осы жылдың 4 қаңтарында бизнес бастамаларын қолдау бойынша 567 келісім шарт жасалған. Оған берілген несие сомасы – 96 848 миллион теңге, ал төленген субсидия – 2 875 миллион теңгені құрайды.
«Кәсіпкерлік секторды сауықтыру» бағытына 116 келісім шарт әзірленіпті. Соның ішінде өндеу өнеркәсібі саласына айрықша маңыз берілген. Негізі, бағдарламаны іске асыру төрт жүйеге бөлінген: жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды күшейту, экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау, кәсіпкерлік әлеуетті күшейту.
Тағы өткен жылдың дерегіне сүйенсек, 2,2 мыңнан астам жобаны субсидиялауға рұқсат етілген. 335 кәсіпорынға инженерлік инфрақұрылымдар тартылып, жаңадан ісін бастаған кәсіпкерге 3 миллион теңгеге дейін гранттар берілді. Бұған қоса, лизингтік мәмілелер субсидияланып, несиелерді кепілдендірудің жаңа жүйесі енгізілген.
«Даму» кәсіпкерлікті дамытады
Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Бизнестің жол картасы – 2020», «Инвестор – 2020», «Лизинг – 2020» және «Экспортер – 2020» бағдарламаларына белсенді атсалысуды міндетіне алды. Осының ішінде екінші дәрежелі банктердегі орта және шағын бизнестің несиелерін кепілдендіру, орта және шағын кәсіптің лизингтік мәмілелерін қаржыландырудың жеңілдетілген бағдарламасы қарастырылған. Кез келген шағын және орта бизнес иесі банктен несие алу кезінде кепілге зат қоятыны анық. Алайда, жылжымайтын мүлік бағасы арзандап кеткендігінен бірқатар түсінбестік орын алды. Мәселен, банктер ол заттарды бағалауды төмендетті. Нақты айтқанда, кәсіпкердің сұрап отырған несие сомасын кепілге қойған дүниесі қамтамасыз ете алмады. Сол себепті де, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры осы істі оңтайландыруға кірісті.
Елорда жоғарыдағы бағдарламаны жүзеге асыру ісінен оң нәтижеге ие. Былтыр Астана қаласының әкімдігінде арнайы құрылған үйлестіру кеңесі бірнеше жобаны сараптан өткізіп, банк тарапынан қаржыландыруға келісімін берді. Айта кету керек, жол жөндеу мен құрылыс саласын өркендетуге бағытталған жобалардың қатары мол. Сонымен бірге көлік қызметін жүйелі ұйымдастыруға көпшілік ниет білдірді.
Жүзеге асқан жобалар
Астана – күннен күнге қанатын кең жайып келе жатқан киелі мекен. Жас қаланы тамашалауға да жер-жерден қонақтар жиі ат басын бұрады. Сол себепті қазір қолданыстағы қоғамдық көліктер сұранысты қанағаттандыруға аздық етіп отыр. Осы мұқтаждықты жақсарту мақсатын көздеген «№2 автобус паркі» ЖШС ескі автбусын жаңаға ауыстырып, техникалық қызметті жақсартуға мүмкіндік алды.
Индустриялдық парк еліміз бойынша іргелі кешен болып есептеледі. Осы аумақта биыл 8 өндірістік кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Олар: электронды-оптикалық аспаптар, тепловизорлар, жалпақ парақша әйнектерді, әйнектен, алюминийден жасалған қабырға панельдері мен витраждарды, ірі панельді темірбетон бұйымдарын, трансформаторлық қосалқы стансаларды шығару және жиһаз, аффинаж зауыты.
Жалпы алғанда, «Астана – жаңа қала» АЭА 2012 жылдың басынан бері 116 миллиард теңгені құрайтын инвестицияны игерді. Оның ішінде 104,4 миллиард теңге жаңа әкімшілік орталық аумағындағы 46 жобаны қамтыса, 11,9 миллиард теңгесі аталмыш парк аумағындағы жобаларға тиесілі. Игерілген жалпы инвестицияның 95 миллиарды жеке және заемдық қаражат үлесіне жатады. Ал 20 млрд теңге – бюджет қаражаты, 1,3 млрд теңгесі – тікелей тартылған шетелдік инвестициялар.
Бұл жерде жекелеген кәсіпкердің де нәпақа табуына мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай бір серіктестікке үйлестіру кеңесі жұмыс істеуге рұқсат етті. Олар макарон өнімдерін таяу арада елорда тұрғындарына ұсынатын болады. Осы тұрғыдан алғанда, «Бизнестің жол картасы» өз өміршеңдігін дәлелдей түсуде.
Бөтелке тығынын шығару еліміз бойынша ілуде біреуі кездеседі. Аталған жұмысты жоғарыдағы бағдарлама шеңбері аясында елордадағы «Қазақстан ТООК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Енді олар банкіден алған қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алып, өнім көлемін ұлғайтады.
Электронды билет – уақыт талабы
Елбасы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше екпін берілді. Әрине, байрақты бәсекеде топ жару үшін біздің спорт алаңдарымыз бен жабдығымыз сақадай-сай болуы тиіс. Жалпы, Астанада спорт кешендері аз емес. Сонда да болса, жекелеген азаматтар оның қатарын көбейтуге ықылас танытып отыр. Өткен жылы аталған жоба мен бірнеше медициналық кешен қызметін жақсартуға бағытталған жұмыстар үйлестіру кеңесі мүшелерінен оң баға алды. Осы жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу ісі пысықталып жатқанын жеткізді.
Қазір электр энергиясын үнемдеу мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Ол бойынша «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында бірнеше жобалардың қаралатыны сөзсіз. Әзірге еліміздің жекелеген аймақтарында жел стансалары бар. Бірақ, қосымша қуат көзін қарастыру артықтық етпейді. Ал «LED Solution» серіктестігі қол қусырып отыруды құп көрмей, диодты шамды шығару ісін бастап кетті. Ондағы мамандардың айтуынша, бұл өнім қуат көзін үнемдейді әрі адам денсаулығына зияны жоқ. Керісінше, бүгінде көпшілік жерде қолданып жүрген люминесцент шамын пайдалануға болмайды екен.
Астанада үйлестіру кеңесінде қаралған жобаның бірі – елорда аумағы мен жеке тұрғын үй аулаларын гүлдендіру. Қазір осы аумақта өсірілетін гүлдердің көбі салқынға шыдас бермейді екен. Екіншіден, осы іспен шұғылданатын құрылымның барлық төңіректі жасыл желекпен көмкеруге қауқары жетпейді. Бұл жағдайларды ескере келе, үйлестіру кеңесі «Астана Флора Интер» ЖК иесінің жобасына бірауыздан келісім берді. Өйткені, ондағы мамандардың өсіретін гүлі төзімді және ұзақ өмір сүреді.
Қазандық ойлап тапты
Қаламызды газдандыру ісі алдағы уақыттың еншісіне қалып отыр. Ал жеке тұрғын үй қожайындары өз бетінше жылу қазандығын орнатып әлек. Кей жағдайда көмірдің толық жанбауынан адамдардың өміріне қауіп төнуде. Осыны мұқият зерттеген «Салгарин А.К.» ЖК иесі көмір түгел жанып кететін су қазандығын ойлап тапты. Бұл жоба да жұртшылықтың қызығушылығын туғызып, оны әзірлеу үшін банктен қаражат алатын болды.
Өздеріңіз байқағандарыңыздай, сараптамаға ұсынылған жобалар әр алуан. Күн сайын бизнес жоба жөнінде кеңес алу үшін қалалық әкімдікке отызға тарта азаматтар келеді екен. Сондықтан, құзыретті орган халыққа қызмет көрсету орталығы ішінен тегін кеңес беру қызметін ұйымдастырды.
Күн сайын бизнес жоба жөнінде кеңес алу үшін қалалық әкімдікке отызға тарта азаматтар келеді екен. Сондықтан, құзыретті орган халыққа қызмет көрсету орталығы ішінен тегін кеңес беру қызметін ұйымдастырды.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ