©2020 Астана Ақшамы
Бағалы бастамалар бағдары
Бүгінгі таңда кең-байтақ республикамыздың барлық өңірлерінде Елбасының халыққа жолдаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы қызу талқыланып жатыр.
Себебі, онда елдің ертеңгі дамуы, ұлтымыздың өсіп-өркендеуінің алғышарттары көрсетілген.
Жолдау – мемлекеттің даму бағдарламасы. Сондықтан, аталған салиқалы құжатқа бей-жай қарамай, қоғамды жақсылыққа жетелейтін бағалы бастамаларды орындауға жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Елорда тұрғындары да осыған орай өз пікірлерін білдіріп, Жолдау жүктеген мәселелер орындалады деп сенім білдіруде.
Елбасы үндеуінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың сапалы, озық үлгідегі білім алуына зор көңіл бөлінді. Жолдауда бұл жөнінде «балаларымыздың, жалпы, барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» делінген.
Расымен, бүгінгі қоғам сауатсыз, біліксіз маманды мойындамайды, қабылдамайды. Өйткені, өркениетті елдермен иық теңестіру үшін білімді һәм білікті болуымыз шарт. Біздің елде жеткіншектердің білім алуына жағдай жасалған. Соңғы жылдары білім саласындағы реформалар сабақ берудің озық әдістерін енгізуге, оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашты. Сондай-ақ, қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін көтере түсті. Оның бір дәлелі – жастардың мектепте жұмыс істеуге құлшынысы арта бастады. Қазір қай мектепке бас сұқсаңыз да, ұстаздық етіп жүрген жастарды көптеп кездестіресіз. Жастардың ұстаздықты таңдағанына біз қуанамыз. Өйткені, олар бір кездері өздері сияқты партада отырған ұл-қыздарға жай ғана сабақ емес, тәрбие де беріп жүр. Себебі, олар болашақ тек білімді ұрпақта екенін жақсы біледі. Оларға қарап өскен жасөспірімдеріміз ертең билік тұтқасын ұстап, ұлтқа қызмет ететіні анық. Бұл жетістікке білім саласына деген биліктің оң көзқарасының нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан, бұл Елбасы Жолдауында білім саласына қаратып айтылып жатқан тапсырмалардың сапалы орындалғанының көрінісі деп айтуға негіз бар.
Ырысбике ӘБДРАХМАНОВА,
№57 орта мектептің мұғалімі