©2020 Астана Ақшамы
БАҒАҒА САПА САЙ БОЛСА…
Бүгінгі таңда елімізде азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар бағасының өсуі байқалады. Соған қарамастан, олардың барлығының бірдей сапасы талапқа сай деу қиын.
Бүгінгі Астана – көз алдымызда көркейіп келе жатқан тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, гүлзарлар мен субұрқақтары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері бар ғажайып қала. Оның қазіргі келбеті, күн сайын абаттана түскен көшелері мен қайталанбас кейпі, Есілдің жағалауындағы кешкі көріністер мұнда алыс және жақын шетелдерден жиі келетін қонақтардың есінде ұзаққа сақталары ақиқат. Астанаға қарап, олар тұтастай Қазақстан туралы пікір қалыптастырады. Сондықтан да бүгінгі таңда Астананы азық-түлікпен тұрақты түрде қаматамасыз етіп отырудың маңызы зор.
Мәліметтерге сүйенсек, қазір елордадағы азық-түліктің 70 пайызға жуығы Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, ҚХР, Бразилия және т.б. елдерден әкелінуде. Қала дүкендері мен супермаркеттеріне бас сұқсаңыз, жыл басынан бері азық-түліктің кейбір түрлеріне бағаның 10-12 пайызға дейін өскенін аңғарасыз. Мәселен, «Евразия» сауда орталығында жылқы етінің бір келісі 1300-1500 теңге болса, шошқа еті 1200-1300 теңге, шұжық (колбаса) 1300-1700 теңге, қымыз 650 теңге. Көктемге қарай оның тағы өсе түспесіне кім кепіл?!
Өткен жылдың он бір айы ішінде бізге қалалықтардан 4900 өтініш келіп түсті. Оның алдындағы жылы да осынша елордалық біздің қоғамға өтініш білдірген болатын. Олардың бірі «Анвар» супермаркетінде сатылған Белгород облысында шығарылған «Славянка» шоколадты конфетінің ішінен кәдімгі тірі құрт шыққанына шағымданса, енді біреулері дәл сол сауда орталығында сатылатын кейбір азық-түліктің құрамы туралы күдік тудыратыны, сапасыздығы жөнінде айтты. Бұл ретте біз, «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамдық бірлестігі Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, елордамызда тұрғындарға қызмет көрсету мәдениеті мен сапасының артуына атсалысып келеміз. Себебі, біз жай қалада емес, бас қалада өмір сүріп жатқанымызды бір сәтке де естен шығармауға тиіспіз. Ендеше, елордадағы тұрғындарға қызмет көрсету сапасын тұтынушылар талабына сай жақсартуға үлкен-кіші, жас-кәрі болып, ұйымшылдықпен бәріміз бірлесіп атсалысайық. Тек сонда ғана біздің Астанамыз басқа қалаларға барлық жағынан бірдей үлгі бола алады.
Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ,
«Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы