Баға өсіміне бақылау қойылды

0 30

Қазақстан өңірлерінде және бас қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті бөлшек сауда бағасы белгіленді.Нақтырақ айтқанда, мұн­дай өнімдердің 9 түріне – бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан (пішінді), өлшеп сатылатын рожки, қарақұмық жармасы, ағартылған күріш, сиыр еті, тауық жұмырт­қасы, күнбағыс майы, ас тұзына («Экстрадан» басқа) әр өңір бойынша жеке шекті құн бекітілді. Шекті бағаны сақтамағандарға заң аясында 265 мың мен 530 мың теңге аралығында айыппұл салынады. Осыған орай, елорда әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар супермаркеттер мен базарларда болып, көтерме-тарату орталықтарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің үстемесіз сатылуын тексерді.

 Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, қаладағы карантин және төтенше жағдай режимі кезінде санитарлық нормаларды сақтау бойынша шаралар кешенін қабылдады. Елордада тұрақтандыру қоры құрылды. Сауда желілерін жеңілдікпен несиелендіру бойынша жұмыстар жүргізілді. «Айналым схемасы» жобасына «Maгнум», «Астықжан», «Кенмарт», «Small», «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» сияқты сауда орындары қатысады. «Кенмарт», «Магнум» және тағы басқалары картоп, пияз, сәбіз және қырыққабатты өзіндік құны бойынша сатуда. Бүгінгі күннен бастап мынадай тауарларға шекті бағалар белгіленуде: 1) бірінші сортты бидай ұны, 2) бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), 3) рожки (өлшеніп салынатын), 4) қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), 5) тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), 6) сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), 7) тауық жұмыртқасы (I санатты), 8) күнбағыс майы, 9) ас тұзы («экстра»-дан басқа). Сатушылар атап өткендей, азық-түлікке қатысты дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ, «тұрғындар сөрелерде барлығы бар екенін көрді, сондықтан да алғашқы күндердегідей азық-түлікті қапшықтап сатып алып жатқан жоқ». Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және санитарлық нормаларды сақтау бойынша прокуратура мен монополияға қарсы органдардың қызметкерлері бірлесіп рейдтер жүргізуде. Тәртіпбұзушылар жауапкершілікке тартылуда.
Жалпы, елде төтенше жағдай жарияланғалы халықты азық-түліктің толық жетпей қалуы мен бағасының көтерілу қаупі қатты алаңдатты. Сол алаңдаумен бастапқыда тұрғындардың біршама бөлігі азық-түлікті жаппай көтеріп алып дүрліккен болатын. Бақылаушы органдар үрейленуге негіз жоқ деп басу айтқанмен, баға тұрақсыздығы бәрібір байқалды. «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының еріктілер арқылы жүргізген зерттеу қорытындысы елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 15%, ал қалған тамақ өнімдерінің барлығы осы кезеңде 30% артқанын көрсеткен. Бұл бақылаушы органдар жұмысының толық сапалы атқарылуына сын болып отыр. Оқшаулану жағдайында көзбе-көз аралап зерттеу жүргізе алмағандықтан, әлеу­меттік желілердегі пікірлер арқылы жағдайды сипаттау­ға тырыстық.
Азық-түліктің ішінде зімбір (имбирь), сарымсақ, лимон бағасының тым шарықтағанын сауда жасау барысында бәріміздің көзіміз көрді. Кейбір ірі супермаркеттерде лимон сататын сөрелер қашан барсаң да бос тұрды. Карантинге дейін келісі шамамен 1000-1500 теңге тұрған зімбір бағасы көтеріле-көтеріле 20 мың теңгеге жеткенін ел шулап жазды. Пандемия­ға қарсы күресте табиғи антибиотик ретінде қорғаныштық қасиетке ие деген ақпарат тарауына байланысты оларға сұраныстың артуын пайдаланған саудагерлер бұл өнімдердің бағасын еш қорықпастан қолдан өздері шарықтатып жіберді. Мұның себебін олар сырт елдерден импортталатын аталған «шипалы» өнімдердің бағасын шетелдік жеткізушілер көтеріп отырғандығымен байланыстырды. Оның үстіне доллар бағамының өсуіне байланысты отандық өндірушілер шикізат жеткізу және бағаның қымбаттауы мәселелеріне душар болған. Ал тұтынушылар құқығын қорғайтын лига аталған зімбір мен лимонның коронавируспен күрестегі пайдалы қасиеттері туралы деректер расталмағанын жеткізді.
«Атамекен» ҰКП 20 нау­рыздан бастап күн сайын «Магнум», «Смол» сияқты ірі сауда желілері мен «Шапағат», «Астаналық» базарларында және әрбір тұрғын үй жанында әлеуметтік маңызды азық-түлік сататын дүкендерге мониторинг жүргізді. Палатаның деректері бойынша кейбір азық-түлік өнімдеріне бағаның маусымдық өсуі байқалуда. Мәселен, картоп бағасы 5-28%-ға, сәбіз құны 4,6%-ға өскен. Сонымен қатар төтенше жағдайға байланысты жеткізу қызметінің жұмысы бұзылғандықтан, кейбір сауда желілерінде қанттың бағасы 15%-ға көтерілген. Жалпы алғанда, палатаның мониторинг нәтижелері қалада азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі жоқ екенін көрсеткен. Қоймалардағы азық-түлік қоры 40 мың тоннаны құрайды. Ішінара кейбір шағын дүкендер бағаны өсіріп отырған жағдайлар тіркелсе де, салыстырмалы түрде қалада азық-түлік бағасы тұрақты деп қорытындыланды.
Бағаның осындай па­йыз­­дық өсімін Ұлттық тұтынушылар лигасы да растады. Лига президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, негізінен, дәнді-дақылдар, көкөністер мен тағы басқа бірқатар өнімдер қымбаттаған.
– Сауда желілері жеткізушілердің бағаны көтеріп жатқанын сылтауратып азық-түліктердің құнын өсіріп сатуда. Тауардың көбі импорттық-мыс. Тіпті Қазақстанда өндірілетін болса да, бірқатар өнімдердің тұқымы мен сыртқы қаптамалары шетелден әкелінетінін алға тартуда, – дейді ол. Аталған лигаға күн сайын азық-түлік пен медициналық маскалар бағасының қымбаттауына байланысты 300-ге жуық адамнан шағым келіп түседі екен.
Қазақстанда әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының тұрақтылығын қадағалайтын мемлекеттік тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді. Бірақ олар азық-түліктердің әлеуметтік маңызды мынадай 19 түрі бойынша ғана бағаны ұстап тұруға жұмыс жүргізе алады: бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан, өлшеп сатылатын рожки, қарақұмық дәні, күріш, картоп, сәбіз, жуа, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, тауық жұмыртқасы, тұз және сүзбе. Қалаларда осы өнімдер бағасына мониторинг жүргізу басталып, тұрғындардың шағымдары үшін қызу желілер іске қосылды. Алайда тұтынушылар құқығын қорғаушылардың айтуынша, бұл шаралардың тиімділігі аз болып тұр. Жалпы елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін Үкімет пен әкімдіктер тарапынан 32 млрд теңге бөлінеді.
Осы жылы 4 сәуірде ҚР Сау­да және интеграция, Ауыл шаруашылығы мен Ұлттық экономика минис­трліктері елімізде Төтенше жағдай кезеңінде «Әлеу­меттік маңызды азық-түлік өнімдеріне шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды. Нақтырақ айтқанда, шекті бағалар жоғарыда аталған 19 өнімнің тоғызына қойылды. Азық-түлік өнімдеріне қажеттілік талдауы көрсеткендей, соңғы айда азық-түліктің дәл сол түрлеріне, атап айтқанда, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан, өлшеп сатылатын рожки, қарақұмық жармасы, ағартылған күріш, сиыр еті, 1 санатты тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, «Экстрадан» басқа ас тұзына қазақстандықтардың сұранысы артқан. Содан болар, дәл осы өнімдердің бағасы да жыл басынан бері көтерілгені байқалған. Шекті бағалар әр өңір үшін әртүрлі болып белгіленді. Мәселен, елордада 1 келі нан бағасы ең көп дегенде 150 теңге тұруы мүмкін. Ал әдетте бір бөлке нанның салмағы 550 грамды құрайтындықтан, қалада нан бағасы 82,5 теңгеден аспайтын болады. Осындай шекті бағалар қойылған азық-түлік өнімдерін қымбаттатқандарға 265 мың мен 530 мың теңге аралығында айыппұл салынады. Сауда және интеграция министрлігі BTS компаниясымен бірге «Карантин кезіндегі тауарлық қауіпсіздік» деген web-платформа жасап шығарды. Бұл платформа аталған әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері бағасына онлайн режимде мониторинг жүргізуге, сөйтіп олардың әр өңірдегі қоймаларда қанша қалғандығы туралы деректерді көріп отыруға мүмкіндік береді. Бұл азық-түліктің өңіраралық ағынын дер кезінде қамтамасыз етуге септік етеді. Аталған платформаға жергілікті атқарушы билікпен қоса өндірушілер де, көтерме саудагерлер мен ритейлер де мәліметтер енгізе алады. Сонымен қатар дүкендердегі азық-түлік бағасы туралы деректерді қарапайым сатып алушылар да www.dosmart.kz сайтынан көре алады.
Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы барлық ірі сауда желілері мен базарларда әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасына күн сайын мониторинг жүргізіліп жатқанын айтқан еді. Соның барысында азық-түлік бағасын негізсіз көтергендердің бәрі монополияға қарсы органдарға жолданып, талапты бұзғандарға қатаң шаралар қолданылуда.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + three =