Баға неге өсті?

0 27

Елімізде жыл басынан бастап әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,6 пайызға қымбаттаған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

– Жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 2,6 пайызға өсті. 3,3 пайызды ең жоғарғы өсім Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында тіркелді. Олардан кейін тағы 8 өңірде еліміздегі тіркелген орташа деңгейден жоғары, яғни 2,7-ден 2,9 пайызға дейін баға қымбаттаған. Әсіресе, импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағасы шарықтап кеткен, – деді Бақыт Сұлтанов.
Министрдің дерегінше, жұмыртқа өндірістің 8,4 пайызға қысқаруы, жем мен пестицидтердің 25 пайызға қымбаттауы, сондай-ақ құс тұмауы таралуы салдарынан қымбаттаған. Ал күнбағыс майы мен қанттың бағасының өсіміне әлемдегі бағалардың өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарын қысқаруы және экспорт өнімнің қымбаттауы себеп болған. «Осыған орай, Ауыл шаруашылығы минис­трлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет» деді Бақыт Сұлтанов.
Сонымен қатар, министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, баға тұрақтандыру бойын­ша жол картасын әзірлеп жатқанын жеткізді. «Мемлекет басшысының халыққа арналған Жолдауында тапсырылған, Ұлттық тауар өткізу жүйе­сі мен әлеуметтік әмиянын жедел іске қосу бір жағынан бағаны тұрақтандырады, екінші жағынан отандық тауар өндірушілер үшін өнімдерін сату нарығына және олар үшін экономиканың айналымындағы қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді» деді министр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 9 =