Бабалар сөзінің бағдаршысы

0 20

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ғалым, академик Сейіт Қасқабасовтың сеңгірлі сексен жасқа толуына орай «Бабалар сөзінің байрағын ұстаушы» атты онлайн академиялық сұхбат өтті. Бұл шараға зиялы қауым өкілдері мен ғалымның шәкірттері қатысып, ардақты азамат туралы толымды ой-пікірлерін айтты.

Сұхбатты ғалым, қалам­гер, Мәжіліс депутаты Са­уыт­бек Абдрахманов жүр­гізіп отырды. Сауытбек аға өз сөзінде қазіргі коронавирус кернеп тұрған шақта Сейіт аға секілді асылдарымызды ардақтай білетін ұлттық дәстүріміздің жалғастығын көріп, көңілі қуанып отырғанын жеткізді.
«Шын мәнінде, әр нәрсені өз атымен айтатын болсақ, қасқабасовтану ғылымы басталуы тиіс. Оның ешқандай ертелігі жоқ. Біз арамызда осындай тарихи адамның жүргеніне жеткілікті деңгейде мән беруге тиістіміз» деп ой толғап өтті. Одан кейін сөз алған Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып берді. Сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің ыстық ықыласын жеткізді.
– Сіз сонау тоқсаныншы жылдардың басында Жоғары аттестациялық комиссияны өз қолыңызбен құрып, соның төрағасы болып, отандық ғылымның дамуына зор үлес қостыңыз. Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы басталғанда «Бабалар сөзі» жүз томдығының жарыққа шығуына өзіңіз және сіз басқарған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары үлкен жұмыс істеді. Мұны құбылыс деп айтуға болады. Ел игілігіне айналған осы еңбегіңіз – сіздің ұлтқа жасаған қызметіңіз, – деді Жанна Дулатқызы.
Айтулы ғалым заңғар жазушының есімін иеленген әдебиет және өнер ғылым ордасын басқарған жылдары «Бабалар сөзі» жүз томдығынан бөлек, қазақ әдебиетінің он томдығы мен қазақ музыкасының антологиясы, қазақ өнерінің бес томдық тарихы секілді ірі еңбектер жазып, жарыққа шығарды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжан Сейіт Асқарұлының аспирант кезінен басталып, академик дәрежесіне жеткенге дейінгі бар өмірі осы руханияттың құтты мекенімен тікелей байланысты екенін айтты. Сондай-ақ сұхбат барысында басқа да азаматтар сеңгірлі сексенді бағындырған ардақты ақсақал туралы ізгі лебіздерін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =