БАБАЛАР ДӘСТҮРІНІҢ БАЙҚАУЫ

0 93

Жуырда Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ата-аналар арасында «Отан отбасынан басталады» атты қалалық байқау өткізілген еді.

Жаһандану үдерісіне қаласаң да, қаламасаң да килігіп кетіп отырған бүгінгі таңда өз ұлтын, мемлекетін, тілін, ділін сүйетін ұрпақты тәрбиелеп шығару, па­триот азамат етіп қалыптастыру оңай шаруа емес. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жеті атасын санасына құйып отыру – тек әжелердің міндеті емес, аты қазақтың қасиетті парызы.

Аталмыш байқаудың діттегені де – сол ұлтжандылыққа баулу. Бұл байқауға қаламыздан 39 отбасынан өтініш түскен. Бірнеше кезеңдік іріктеуден соң 11 отбасы қалды.

Байқауға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтарға жауап беріп, халқымыздың мақал-мәтелдерін айтудан жарысты. Өз өнерлерін ортаға салып, кеш көрігін қыздырды.

Үміткерлердің білімі мен өнеріне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Тілеулес Әбдіғали, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин, 2008 жылы өткен «Қарттарым – асыл қазынам» байқауының жеңімпазы, тіл жана­шыры Әли Қажы Қаңтарбаев баға берді.

Байқау қорытындысы бойынша №48 мектептің атынан шыққан Жасхайыр Қарағойшиннің отба­сы жеңімпаз атанды. ІІ орынды – №55 «Мерей» балабақшасының атынан келген Ғабит Сәрсенбаев, ІІІ орынды – №60 мектеп-лицейінен қатысқан Мұхтар Байбосын және №62 «Нұрсәуле» балабақшасының өкілі Сәндібай Күмісбековтің отбасы иеленді.

Байқау жеңімпаздары арнау­лы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жиналған қауым алдағы жылдары жарысқа отбасылардың көп қатысуы үшін жағдай жасалсын деген ұсыныс білдірді.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =