Азық-түлік себеттері бірінші кезекте аса мұқтаждарға беріледі

0 24

«Astana» телеарнасындағы «ELORDA LIVE» кезекті бағдарламасында «Әлеуметтік осал отбасыларды азық-түлік себеттерімен қамтамасыз ету» деген тақырып сөз болды. Бұған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен БАБАМҰРАТОВ қатысып, азық-түлік себеттері және олар кімге тиесілі екені жайлы сұрақтарға жауап берді.– Алдымен азық-түлік себеттері дегеніміз не және ол кімдерге арналған?
– Елімізде 16 наурыздан бастап әлемді жайлаған ауыр індетке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Карантин режимі енгізілгеннен кейін Елбасы арнайы «Тұңғыш Президент» қорынан біздің қалаға қаражат бөлді. Бөлінген қаражатты біз әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, осы көмекке мұқтаж азаматтарға азық-түлік себеті ретінде жеткізуді көздедік. Осы бағытта жұмыстарды қолға алдық. Алғашқы он күн ішінде, яғни 19-30 наурыз аралығында 4500-ге жуық отбасы қамтылды. Ал одан бері қарай 8500-ге жуық отбасын қамтыдық. Азық-түлік себеттері ең бірінші көмекке мұқтаж адамдарға арналған. Бұл жерде көпбалалы, жалғызбасты, зейнет­кер, мүгедек, жетім деп бөлмейміз, қоғамның кез келген тұрғыны қазіргі таңда өзін азық-түлік себетіне мұқтаж сезінсе, дәл қазір қиналып тұрса, хабарласа алады. Барынша көмек көрсетеміз.
– Жалпы, осы мұқтаж адам­дардың тізімін жасағанда арнайы категория бар ма? Ол ті­зімді қайдан аласыздар?
– Жергілікті тұрғындар 109 нөміріне қоңырау шалып жазылуларына болады. Бұдан бөлек, әр аудандық әкімшілікте арнайы телефондар бар. Сол телефондарға кез келген уақытта хабарласып, тағы да тіркелуге болады. Алдымен барынша хабарласып, тіркелген тұрғындарды тізім бойынша азық-түлікпен қамтудамыз. Қазір тізімге 30 мыңға жуық отбасы тіркелді.
– Бұл шара қанша күнге жал­ғасады?
– Карантин режимі аяқталғанға дейін біз ешкімге жоқ деп айтпаймыз деген ойдамыз. Әрі қала әкімі Алтай Сейдірұлы да «Әрбір хабарласқан тұрғынмен барынша сөйлесіп, түйткілді мәселесін, барлық ойын қағаз бетіне түсіріп, көмек көрсетуге тырысыңдар» деп айтқан болатын. Сондықтан осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ бір нәрсені түсіну керек. Жоғарыда айт­қандай, тізімдегі 8500-ге жуық отбасы азық-түлік себеттерін алып үлгерді. Енді 20 мыңнан аса отбасы бар. Карантин режимі аяқталғанға дейін кейбір азаматтарға көмек жетпеуі, бармай қалуы да мүмкін. Бірақ біз барынша тырысамыз. Осы бағытта жұмыс­тар жасалуда.
Сондай-ақ тағы ескеретін жағдай, тұрғындар үшін айтқым келіп отыр «біз хабарласқан телефондар көтермейді, 109 үлгермейді, нашар жұмыс істейді» деген сындар да жоқ емес, бірақ қазір төтенше жағдай, хабарласып жатқан азаматтар өте көп. Бір 109-дың өзі күніне 30 мыңнан аса қоңырау қабылдайды. Ал аудандарға кемінде 300-400 адам тағы хабарласады. Ол жерде отырған азаматтар да қолдан келгенше жауап беруге тырысады.
– Себеттерді жеткізуге әкімшілік қызметкерлерінен бөлек, еріктілер де тартылған ба?
– Негізінен, жеткізумен айналысып жатқан – осы еріктілер. Биыл Еріктілер жылына байланысты елордада еріктілердің арнайы жасағы қалыптасқан болатын. Осы еріктілер жасағы бүгінгі таңда өзінің нәтижелі жұмысын көрсетіп отыр.
– Ол кісілердің қауіпсіздігі қалай қадағалануда?
– Еріктілердің қауіпсіздігі, әрине, бірінші кезекте. Ол туралы Елбасы да, Президентіміз де айт­қан болатын. Қала әкімі Алтай Көлгінов те күнделікті таңертең «біздің еріктілеріміздің қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілді?» деп міндетті түрде айтып, қадағалап отырады. Сондықтан олардың барлығына жеткенінше арнайы бір реттік комбинезон беріледі. Одан басқа, арнайы бетперде, бастарында бас киім, антисептиктермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ еріктілер азық-түлік себеттерін жеткізген кезде азаматтардың үйіне кірмейді. Алдын ала хабарласып, сыртқа шақырып табыстап, суретке түсіріп алады. Суретке түсіргенге де түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Себебі біз есеп жа­сауымыз керек. Кейде бір отбасына екі рет барып келетін жағдайлар болады.
– Демеушілік танытқысы келетін жомарт жандар сіздерге қалай хабарласа алады?
– 109 нөмірі арқылы, сондай-ақ қала әкімдігіне, аудан әкімдіктеріне кез келген уақытта хабарласуларына болады. Әкімдіктегі азаматтар осы бағыт бойынша жұмыс жүргізгісі келген азаматқа тікелей жөн сілтейді. Бірігіп жұмыс атқаратын боламыз. Демеу­шілер көп болса, біз барынша азық-түлік себеттерін отбасыларға екі мәрте жеткізуді қамтамасыз етуге тырысамыз.
– Азық-түлік себеттерінің ішінде не қарастырылған? Дезинфекциялық құрал-жабдықтар бар ма?
– Тұрғындарға алғашқы 5000 азық-түлік себетін жеткізерде «Нұр Отан» партиясы өз тарапынан осы 5000 отбасын антисептикалық құралдармен қамтамасыз етті. Оның ішінде арнайы қолға себетін антисептиктер, майлықтар, бетперделер, сабын сияқты құралдар берілді. Ал одан бері қарай біз тек азық-түліктің өзін ғана жеткізіп жатырмыз. Әрине, демеушілерге де байла­ныс­ты. Қазіргі біздің жоспарымыз бойынша бірінші кезекте азық-түлікпен қамтамасыз ету.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =