Азық-түлік қымбаттай ма?

0 86

Елордада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қосымша 1,2 млрд теңге бөлінді. Ал жыл басынан бері астананың дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұруға 4,6 млрд теңге жұмсалған. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында осыны қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев хабарлады.– Жалпы бағаны тұрақтандыруға бізде форвордтық келісімшарттар түрінде 4,6 млрд теңге бөлінді. Бұл жобада сегіз кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мәслихат отырысында бағаны ұстап тұруға қосымша 1,2 млрд теңге мақұлданды. Біз тікелей фермерлермен жұмыс істей бастадық. Бұрынғы механизмнен біртіндеп бас тартып жатырмыз, – деді Е.Бекмырзаев.
Басқарма басшысының айтуынша, тұрақтандыру қорының жұмысын форвордтық сатып алу тәсілі арқылы басқару осыдан үш жыл бұрын қолға алынған.
– Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тікелей өндірушілерге несие бөлеміз. Өндірушілер сауда желілерімен тікелей байланысады. Сәйкесінше, күзде алынатын өнімнен өзімізге қажет мөлшерді алдын ала қамдап қоямыз. Орташа алғанда, бағалар дәстүрлі түрде қаңтар-мамыр айларында, былтырғы өнімнің түбі көрініп, жаңасы жетіліп үлгермей жатқан кезде өседі. Бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді басқарма басшысы.
Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрдәулет Оразханов қазір елде жанар-жағармай бағасы өсіп жатқанын айтып, осыған байланысты азық-түлік қымбаттамай ма деп сұрады. Оған жауап берген Е.Бекмырзаев елордадағы азық-түлік бағасы іргелес облыстардағы фермерлерге тәуелді екенін жеткізді.
– Бізде, Нұр-Сұлтан қаласында, фермерлер жоқтың қасы. Сондықтан баға мәселесі басқа өңірлердегі фермерлердің экономикалық жағдайына келіп тірелуі мүмкін. Елордаға өнімнің барлығы азық-түлік белдеуінде жатқан Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Түркістан облысынан жеткізіледі. Яғни азық-түлік бағасына тасымалдау құны әсер етпесе, одан басқа әсерін көріп отырған жоқпыз, – деді Е.Бекмырзаев.
Басқарма басшысының сөзінше, жанар-жағармай бағасы азық-түлік бағасына әсер ете қалған күннің өзінде бұл шаруа министрлік деңгейінде шешіледі. Себебі тиісті баға министрлік тарапынан қадағаланады.

Әлеуметтік сала бюджеті 56,3 пайызға көбейді

Осы отырыста Нұр-Сұлтан қаласының 2020 жылғы бюджетінің орындалуы туралы қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев есеп берді. Оның мәлімдеуінше, өткен жылы қала бюджетіне 696 млрд 940 млн теңге түсті. Тиісті жоспар 35 млрд 899 млн теңгеге асыра орындалды. Былтыр қала әкімдігі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында 49 млрд 578 млн теңге сомасына құнды қағаздарды шығарды. Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 44 млрд 030 млн теңгеге құнды қағаздар шығарылды.
– Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің шығындары 658 миллиард 708 миллион теңгені құрап, 98,9 пайызға орындалды. Игерілмеген қаржының 86,9 пайызы немесе 6 миллиард 283 миллион теңге қалалық Құрылыс басқармасына тиесілі, – деді Ә.Жұмаев.
Оның айтуынша, 2020 жылдың бюджеті алдындағы жылдардағыдай, негізінен, әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған. Соның ішінде білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, туризм салаларына ерекше көңіл бөлінді. Соңғы бес жылда әлеуметтік салаға бөлінген қаржы айтарлықтай артты. Мәселен, 2015 жылы бұған 118,7 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 185,5 млрд теңге бөлінді немесе 56,3 пайызға көбейді.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Ахметханованың мәлімдеуінше, өткен жылы аталмыш басқарманың бюджеті 13 млрд теңгені құрады. Соның 6,6 млрд теңгесі індетпен күрес шараларына бағытталды. Соның ішінде «Ramada Plaza» қонақүйінде 500 төсек орынға арналған карантинді стационар ашылып, медициналық қондырғылар сатып алынды. Басқарманың есебінен 54 ИВЛ аппараты алынды, қалған осындай аппараттар гуманитарлы көмек арқылы жеткізілді.
Елордада жылына 10 млн шамасында мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Пандемияға байланысты осындай қызмет былтыр электронды форматқа көшірілді. Қалада қызмет көрсетулердің 85 пайызы онлайн форматта атқарылды. Ал қала әкімдігі, оған қарасты мемлекеттік мекемелер 90 пайыздан аса қызметті электронды форматта көрсетті. Бұл туралы айтқан Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Роман Ким мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =