Азық-түлік қоры жеткілікті

0 12

Бүгінгі таңда елордада 48 мың тонна азық-түлік тауарының қоры бар екен. Бұл шамамен қала халқын тамақпен бір айға қамтамасыз етуге толық жетеді дейді мамандар.Аталған жұмыстар туралы Нұр-Сұлтан қаласының Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев пен Қоршаған ортаны бақылау бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Исмағулов Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн түрде өткен брифинг барысында толығырақ ақпарат берді.
Карантин кезіндегі шектеулер елордалық бизнес нысандарының жұмысына оңай тимейін деп тұр. Себебі қаладағы барлық ірі сауда орындары, атап айтқанда, сауда ойын-сауық орталықтары, кейбір базарлар, сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылды. Олардың ішіндегі азық-түлік пен аса қажетті тауарларды сататын нысандармен қоса дәріханалар, банктердің кассалары ғана бір қалыпты жұмысын жалғастыра береді.
Әр демалыс сайын той өткізетін, жұмысбасты қала тұрғындарына кез келген мезгілде тамағын ұсынатын немесе кешкі уақыт көңілін көтеретін барлық мейрамхана, кафе, асханалардың жұмысына да тоқтау салынды. Әзірге олар онлайн тапсырыс беру және жеткізу қызметін ғана көрсете алады.
– Карантин кезінде елордада азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарлар сататын орындардан басқа барлық басқа шаруа­шылық нысандарының жұмысы тоқтатылуы тиіс. Бұл – мәжбүрлі шара. Өйткені қазіргі таңда бірінші мәселе – адам денсаулығы мен өмірін қатерге тікпеу болып тұр. Сондықтан бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев.
Алайда жұмысын жалғастыра беретін нысандарға қойылатын талаптар да жоқ емес. Олардың жұмысы әдеттегіден өзгеше жүргізілмек. Біріншіден, қалыпты режимде үздіксіз жұмыс істеп, санитарлық және дезинфекция шараларын күшейтулері керек. Оның ішіне тепловизорларды пайдалану, беттұмшалар тағу, тазартқыш қондырғылардың болуы сынды талаптар кіреді. Сонымен қатар кезекте тұрғанда сатып алушылар бір-бірінен 1 метр қашықтықта тұруы қажет. Кәсіпкерлік иелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен ең қажетті тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге, азық-түлік тауарларының, соның ішінде көкөністер мен жемістерден басқа, қант, күріш, қарақұмық сынды сусымалы тауарлар мен кептірілген жеміс-жидектерді қапталған күйінде сатуы тиіс. Және ең бастысы, сусымалы тауарлардың әр түрін сатқанда бір қолға 5 келіден, күнбағыс майын 5 литрден аспауын қадағалай отырып, шектеуі тиіс.
Карантин аймағына қала маңындағы Қосшы, Қоянды, Ильинка, Талапкер, Жібек жолы сынды елді мекендер де кірді. Басқарма басшысының айтуынша, сол себепті аталған елді мекендер тұрғындары елордадағы жұмысына емін-еркін барып келе алады. Ал карантин жарияланған күні таңғы 00.00-ден бастап қалаға кіреберіс жолдарға қойылған 6 блокпост арқылы басқа жерден келген халықтың орталыққа өту және кетуі шектелді.
Азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы еліміздің басқа өңірлерімен және шаруа қожалықтарымен қалаға тамақ өнімдерін тікелей жеткізу бойынша келісімге келді. Бау-бақша тұтыну кооперативінің жеткізушілермен 1 қазанға дейін шектеулі бағада картоп, сәбіз, капуста, жуа секілді көкөніс­тердің 1,3 млрд теңге көлеміне шығатын өнімін жеткізу бойынша келіссөздер жасалды, бұл, шамамен, 14 мың тонна көкөніс деген сөз. Былтыр қалаға 8 мың тонна ұн алынған екен. Бұл – нанмен қамтамасыз етуге қажет жылдық көлем. Азық-түлік барлық ірі сау­да нүктелері мен базарларда, атап айтқанда, «Magnum Cash & Carry», «Small», «Астықжан», «КеңМарт» сауда орындары мен «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» базарларында сатылатын болады. Сондай-ақ әр тұрғын үйдің аулалары ішіндегі азық-түлік дүкендерінің жұмысы да штаттық режимде, яғни әдеттегідей жалғаса береді.
Халықты толғандыратын ең өзекті мәселе – мына қиын жағдайды пайдаланып, жеке меншік иелері негізгі азық-түлік бағасын көтеріп жібермей ме деген сұрақ. Басқарма басшысының айтуынша, барлық ірі сауда желілері мен базарларда әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасына күн сайын мониторинг жүргізілуде.
– Қазіргі таңда азық-түлік бағасын негізсіз көтеру фактілері жиі анықталып отыр. Мұндай фактілердың бәрі монополияға қарсы органдарға жолданады. Талапты бұзғандарға қатаң шаралар қолданылады. Бұл жұмысты біз күн сайын өңірлік өндірушілер, сауда желілері және жеткізушілерге қатысты тұрақты жүргізетін боламыз. Азық-түлік бағасын негізсіз көтеруге жол берілмейді. Бұл – ел Президентінің тапсырмасы, – дейді Е.Бекмырзаев.
Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны бақылау бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Исмағулов төтенше жағдайда жұқпаның таралуына жол бермеу мақсатында барлық жұмыс берушілерге әлеуметтік жауапкершілік көрсету, жұмысшыларды уақытша қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру ұсынысы туралы айтты. Технологиялық процестер немесе басқа себептермен жұмысшыларын қашықтан жұмыс істеуге көшіре алмайтын ұйымдарда жұмысты толық емес режимде ұйымдастыру қажет. Ол үшін әдеттегі жұмыс күнінің ұзақтығын, апта ішіндегі жұмыс күндерін азайту, жұмыс уақытында қызметкерлерді қажетті құралдармен қамтамасыз ету, сонымен қатар денсаулық сақтау органдары ұсыныстарын орындау керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды