©2020 Астана Ақшамы
АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАМБАСЫ ОРТАЙМАЙДЫ
Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Алтайдан Атырауға дейінгі алқапты алып жатқан байтақ елімізде Индустрияландыру картасына кіретін 15 жаңа жоба іске қосылды. Бағыты әр алуан бұл жобалар мемлекетіміздегі мұнай, алтын өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, кейінгі кезде кенжелеп қалған мақта-мата өндірісіне жан бітіргендей болды. Сондай-ақ, елдің дамуына даңғыл жол ашатын логистикалық қызмет көрсететін жобалар саны толықты. Олардың қатарында Елбасы іске қосылуына рұқсат берген Астанадағы «Астық Логистик» ЖШС-нің «А» санатындағы қоймалар кешені бар.
Елорданың сауда нүктелеріне тұтынушылардың сұранысына ие тауарларды жылдам жеткізу мақсатында «Фалькон» фирмасының базасында 2007 жылы ашылған бұл кәсіпорын азық-түлікті қабылдап, қоймаларында сақтайды. Азық-түлік қауіпсіздігіне оң ықпалын тигізіп, қажет кезінде сауда орындарына жеткізеді. Мұнда астықтан бөлек «Цесна» сауда маркасымен шығарылатын ұн, макарон, жарма өнімдерінен бастап, шайдың түр-түрі, түрлі тәтті сусындар, қалбырланған жеміс пен көкөністер, балмұздаққа дейін сақталады.
Жаңа қоймалар кешені жайында айтсақ, жалпы ауданы 3497 шаршы метр оның 40 мың паллетоорындық қуаты бар. «Астық логистик» ЖШС-нің бас директоры Игорь Переверзевтің айтуынша, бұл кешен Қазақстанға шетелдік компанияларды тартуға, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылардың жүктерін орналастыруға мүмкіндік береді. Нарықтың барлық талаптарына жауап беретін қоймаларға жүк көліктерімен де, темір жолмен де тауарлар жеткізіліп тұрады. Ол үшін темір жол тармағы салынған.
«Бір мезгілде 10 вагон мен 24 автокөлікпен келген жүкті қабылдай аламыз» дейді кешеннің техникалық директоры Әсет Бекмұхамбетов.
Күніне 700 тоннадан астам азық-түлікті қабылдап алатын бұл кәсіпорын өз әлеуетін келешекте мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы жерден тауарлар Астананың сауда нүктелеріне ғана емес, еліміздің өзге аймақтарына да жөнелтіледі. Алайда, қоймалар азық-түлікке сықап тұр деп айта алмаймыз. Олар қазірде 15 пайызға ғана толтырылған. Бұл олқылықтың орнын кәсіпорын мамандары келесі жылдың ортасына қарай реттейміз деп отыр. Мамандар демекші, мұнда осы күндері 150-ден астам маман нәпақасын айыруда. Сондай-ақ, «Астық Логистик» ЖШС-нің Көкшетау және Қарағанды қалаларында филиалдары жұмыс істеп тұр. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы бастау алғанын ескерсек, бұл кәсіпорынның алар асулары әлі алда деп есептейміз.
Жалпы, Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының хабарлауынша, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудың алғашқы бесжылдығында елордада Индустрияландыру картасы бойынша 86,8 млрд теңге сомасына 19 жоба іске қосылып, 3100 жұмыс орны құрылған. Биыл 7 жобаны іске асыру қолға алынды. Оларды пайдалануға беру мерзімі 2015-2016 жылдарға қойылған.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ