Азық-түлік пен дәрі-дәрмекке тапсырыс беріңіз

0 56

Сovid-19 пандемиясына байланыс­ты енгізілген шектеулер негізінде елімізде онлайн тапсырысқа сұраныс артты. Жеткізу қызметімен айналысатын компаниялардың жұмысы көбейді. Бүгінде қала көшелерінен добалдай дорбасын арқалаған тамақ тасушыларды жиі кездестіруге болады. Бұл кәсіптің нәсібі қалай екен? Тап қазіргі жағдайда тамақты жеткізу қаншалықты қауіпсіз?Елорда тұрғыны Жадыра Ортаева қашықтан жұмыс істейді. Қауіпсіздік үшін үйден шықпауға тырысып отырған Жадыра дүкенге барғаннан тауарларды үйге алдыру әлдеқайда қауіпсіз деген пікірде. «Адамдар көп шоғырланатын жерлерге бара бермеймін. Оған аса қажеттілік те жоқ. Көп уақытқа жететіндей азық-­түлік мөлшерін тап­сы­рыс­пен алдырамын. Мін­детті түрде тауарларды қабылдау барысында дезинфекциялаймын» дейді ол.
Қала тұрғыны Жеңісбек Сағындықов та осы қызмет түрін көп қолданатын­дардың қатарында. «Ка­ран­тин уақытында тамақ­тану орындары жабық. Сондықтан аптасына екі-үш рет дайын тамақ жеткізу қызметіне жүгінемін. Үйде ас пісіруге үнемі мүмкіндік бола бермейді» дейді ол.
Керісінше бұл қызмет түріне сенімсіздікпен қарайтындар бар. Мәселен, көпбалалы ана Айсәуле Нұрланова тауар жеткізіп берушілердің санитарлық талаптарға сай жұмыс іс­тей­тіндеріне күмәнданатынын айтып, бұл қызмет түріне мүлдем жүгінбейтінін жеткізді.
«Қызметкердің ауру таратушы еместігіне ешкім кепілдік бермейді. Қанша жерді жүріп келеді. Өзі де байқамай вирус жұқтырып алуы әбден мүмкін. Балаларыма алаңдаймын. Тамақты міндетті түрде үйде істеп ішеміз. Мен қазіргі жағдайда дайын тамаққа тапсырыс беру нағыз ысырапшылдық деп ойлаймын. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, керек-жарағымызды барлық санитарлық талаптарды сақтап, өзіміз барып сатып аламыз. Эпид­ахуал асқынып тұрғанда өзіңнен басқа ешкімге сенуге болмайтын сияқты» деп түсіндірді ол.
Қазіргі таңда мейрамханалардың басым көпшілігі жабық, тек ашық аспан астындағы тамақтану орын­дары жұмыс істеп жатыр. Жұмысын жалғастыру­ға тырысқан мекемелер жет­­кізу қызметін ашып, я осы салада жұмыс істейтін ком­паниялардың көмегіне жүгінуде.
Айта кетейік, жеткізіп салу қызметінде клиент алған тауарларына онлайн төлем жасайды, ал курьер өнімді жеткізген кезде тапсырыс берушіге алдын ала телефонмен хабарласа отырып, үйіне келгенде азық-түлікті есік алдына қойып, өзі тұтынушыдан алыс тұруы тиіс. Дәл осындай байланыссыз жеткізу қызметін ұсынатын компаниялардың бірі финдік Wolt компаниясы. Бұл сер­вис мобильді қосымша ар­қылы жұмыс істейді. Курьер тапсырыс берушіге дүкеннен кез келген тауар түрін сатып алып, көрсетілген мекенжайға жеткізіп береді.
Аталған компания қыз­меткері Асылхан Жәнібе­ковтың айтуынша, індет өршігелі бұл қызмет түрі негізгі табыс көзіне айналған. «Карантинде он­лайн тапсырыстарға сұраныс артты. Тұрғындар әлеу­меттік маңызы бар тауар­ларды: сүт өнімдері, лимон, май, тұз, жеміс-жидек, химия тауарлары мен таза суды да жеткізіп беруімізді өтінеді. Сондай-ақ қымыз, саумалға жиі тапсырыс береді. Жұмыс барысында барлық санитарлық талаптарды сақтаймыз. Күніне 7-8 сағат жұмыс істеймін. Бір күндік табысым кемінде 9-10 мың теңгені құрайды» деді Асылхан Жәнібек.

Glovo бәрін жеткізеді

Бұл испаниялық Glovo жеткізу сервисінің қызметкері, студент Азат Арыстановтың пікірі. Ол бір жылдан бері осы жеткізіп беру ісімен шұғылданып келеді.
«Белгілі бір жұмыс уақыты жоқ. Күніне 5-6 сағат қана жұмыс істеймін. Ком­пания мүмкіндігінше бет­тұмша, антисептикпен қам­тамасыз етуде. Тұрғындар наннан бастап парацетамолға дейін онлайн сатып алуда. Мейрамхананың дайын тағамына да сұраныс артқан, тұрғындар фаст фуд өнімдеріне жиі тапсырыс береді. Екінші кезекте, дәрі- дәрмек. Тап қазіргі жағдайда егде жастағылар үйден шыға бермейді, жұмысымның тиімді тұсы осы. Ешқандай ақысыз тегін жеткізіп берген кездерімде болды. Өз басым, тек үй маңындағы шағын дүкендерден тапсырыс қабылдаймын. Жалақыма тоқталсам, екі аптада тапқан табысым 45 000 теңге. Карантиндегі нағыз қажетті кәсіптің бірі осы шығар» дейді ол.
Бұл кәсіппен жастар ғана айналысады десеңіз, қателесіз. Елуді еңсерген Асан Нұрымов та осы қызметтің нәпақасын тауып жүр. Ағамыздың айтуынша, бұл жұмыстың денсаулыққа пайдалы тұсы бар.
«Бұрын такси қызметкері болып жұмыс атқардым. Бір ай болды, ұлымның велосипедін алып, тауар жеткізіп берумен айналысып жүрмін. Шығын шықпайды, тек табыс. Менің ойымша, үйде бос жата бергеннен адам ауру болады. Сондықтан спортпен шұғылданып, көбірек қимылдау қажет. Күні бойы ашық аспан астында велосипедпен жүремін. Бетперде, қолғап киемін, әр жарты сағат сайын қолымды антисептикпен өңдеп отырамын. Еш қауіп жоқ. Бір байқағаным аталмыш жұмыспен көбінесе жастар айналысады. Дегенмен бұл жастардың жұмысы емес, мен сияқты орта жастағыларға арналған. Күніне 8-9 сағатты арнаймын, сол аралықта 9-10 мың теңге табыс түседі, көңілімнен шығады» деді ол.
Мұны дәрігерлер де рас­тайды. Велосипед тебу адам өкпесінің толыққанды жұмыс істеуіне ықпал етеді. Өкпе белсенді жұмыс істеп, өзінде жиналып қалған токсикалық заттарды жылдамырақ шығарады. Сондай-ақ аяқтың аяналмалы қозғалысы кезінде қан тамырлар бойымен 3 есе жылдам ағады. Артық салмақтан арылуға да пайдасы бар.
Айта кету керек, отандық жұмыс іздеу сайттарында мұндай кәсіп аса сұраныс­та. Мәселен, kz.jooble.org сайтында жұмыс беру­шілер жеке көлігімен курьер болғысы келетін үміт­керлерді көп іздеген. Жал­ақы мөлшері 130 мың нан басталып 220 мың теңге дейін.
Жалпы жеткізіп беру қызметіне жұмысқа тұру үшін ұялы телефоныңыз бен жеке транспортыңыз болса жеткілікті. Десе де бұл жүйеде жаяу жұмыс істеуге де болады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − seven =