Азық-түлік өнімдеріне тапшылық жоқ

0 22

 Елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді. Кездесуге ірі сауда желілері мен базар өкілдері қатысты. – Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша екі бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, тұрақтандыру қоры құрылды, сауда желілері жеңілдікпен несиелендірілді. «Айналым схемасы» жобасына «Magnum», «Астықжан», «Кенмарт», «Small», «Шапағат», «Евразия» және «Артем», «Биг Шанхай» сияқты сауда орындары қатысады, сондай-ақ ет пен жарма бойынша жеткізушілер анықталды. Көтерме сауда, делдалдар, кәсіпкерлер тарапынан «азық-түлік себетіне» жататын тауарлармен алыпсатарлыққа жол берілмеуі тиіс. Осы бағытта жұмысты жалғастыратын боламыз. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру мәселесі бойынша Мемлекет басшысы тапсырма беріп, бақылауына алып отыр, – деді қала басшысы.

Кеңесте Нұр-Сұлтан қаласы Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмурзаев қалада азық-түлік жеткілікті мөлшерде бар екенін жеткізіп, дүрлігуге ешқандай себеп жоқ екенін айтты.
Сондай-ақ елорда әкімдігі әлеуметтік нан бағасын ұстап тұру мәселесін де қарастырып, тұрақтандыру қорының ұн қоры толықтырылып, қаланың наубайханаларына қолдау көрсетуде. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу де жүйелі түрде қолға алынып отыр.Кеше ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елімізде азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі жоғары екенін айтты. Жыл басынан бері ас-судың баға өсімі 0,6 пайызды құраған. Бұл – 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.
– Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарлары бойынша еліміз толықтай қамтамасыз етілген. Оның 80 пайызы – отандық өнімдер. Импорт тауарларына деген сұраныс тек қант пен тауық етінен байқалады. Дегенмен көршілес Ресейде бұл тауарлар артығымен өндіріледі. Оны Қазақстанға жеткізудің еш қиындығы жоқ. Сондықтан тауар тапшылығы туралы дүрбелең туындатуға еш себеп жоқ, – деді министр.
Қазіргі күні тұрақтандыру қорларында 1,2 млн тоннадан астам азық-түлік өнімі сақталған. Бұл бүгінгі тұтыну жағдайында 5-6 айға дейін жеткілікті.
– Бұл – қолда бар дайын өнімнің есебі. Сондай-ақ ұн, ет, сүт өнімдері күнделікті өндіріліп тұратыны белгілі. Тіпті кейбір тауар түрлері сұраныстан екі есе артық. Мәселен, ұн өндірісі 3 млн тоннадан асады, ал оның тұтыну көлемі – 1,5 млн тонна. Яғни ұнға деген сұраныс 204 пайыз қамтамасыз етілген. Сол сияқты күріш өндірісі – 144 мың тонна, тұтыну көлемі – 76 мың тонна (190 пайыз), макарон өндірісі – 165 мың тонна, тұтыну көлемі – 153 мың тонна (108 пайыз), картоп өндірісі – 3,9 млн тонна, тұтыну көлемі – 3,8 млн тонна (107 пайыз), – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Үкіметте халықтың негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне байланысты күнделікті мониторинг жүргізіп отыратын арнайы жұмыс тобы жұмыс жүргізуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − twelve =