©2020 Астана Ақшамы
АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНДІРУ АРТАДЫ
Астананың азық-түлік белдеуі қалалық әкімдікте өткен жиынның бас тақырыбы болды. Елорда әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұханбетовтың қатысуымен өткен жиынға азық-түлік тауарларын шығарумен айналысатын кәсіпорындар басшылары қатысты.
Астана азық-түлік белдеуінің радиусы 300 км аумақты қамтып отыр. Бұған Ақмола облысының 17 және Қарағанды облысының 4 ауданы кіреді. Белдеу шекарасын Астананы қосып алғанда азық-түлік өндіру және қайта өндеу саласында 916 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның 270-і орта кәсіпкерлік нысаны екен.
Астана әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков елорданың азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде қаланың 58 негізгі сауда орындарымен сауда үстемесі мөлшерін қолдану және өнімдерді өткізу бойынша меморандум жасалғанын айтты. Бұдан бөлек, 15 850 тоннаға есептелген 3 көкөніс қоймасы салынып, жалпы қуаттылығы жылына 2500 тонна көкөніс өндіретін 2 жылыжай кешені пайдалануға берілді. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін шаһардың сауда нүктелерінде ретро бонустар мен қосымша алымдар жойылып, базарлардан сауда орындары берілді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша тағам өндірісімен айналысатын 15 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік белдеуі аймағына әлеуметтік маңызды өнімдер жеткізу көлемі жалпы азық-түлік тұтыну көлемінен 35%-ға дейін ұлғайып, импорт үлесі 2011 жылғы 72%-дан 2012 жылы 52%-ға дейін қысқарған. Осы мәліметтерді тілге тиек еткен Қанат Таңатарұлы қабылданған шаралар азық-түлік тауарлары инфляциясын төмендетуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Далабаевтың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары азық-түлік белдеуі аймағынан әлеуметтік маңызды тағамдар – ет, сүт және көкөніс жеткізу көлемі 35%-ға дейін артқан. Бүгінде азық-түлік аймағынан жеткізілетін тағамдар есебінен елорданың: етке 43%, соның ішінде сиыр етіне – 53%, сүт және сүт өнімдеріне – 38%, тауық жұмыртқасына – 97%, картопқа – 77% және көкөніске – 32% қажеттілігі өтеледі.
– Әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Бұл ретте Астана қаласының әкімдігі 2013 жылға маңызды міндеттер белгілеп отыр. Қаладағы сауда орындары арқылы азық-түліктің жеткізілуі мен сатылу көлемін 60%-ға арттыру көзделген. Мұнымен қатар жалпы өнімділігі 4 мың тоннаны құрайтын тағы 3 жылыжай кешені мен сыйымдылығы 50 тонналық 9 көкөніс қоймасын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл «ҚазАгро» АҚ бірлесіп, Астана қаласында ірі көтерме-бөлшек сауда базарының құрылысын бастаймыз. Бүгінде азық-түлік жеткізу бойынша сауатты логистиканың болмауы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі мәселе болып табылады, – деді басқарма бастығы М.Далабаев.
Айнұр САНАБЕК