Азық-түлік бағасы тұрақты

0 61

Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдіктегі кезекті отырыста қала тіршілігінің маңызды мәселелері талқыланды. Жиында көтерілген мәселелердің ең негізгісі азық-түлік бағасын тұрақтандыру тақырыбына арналды.

Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту мақсатында AQMOL дүкендер желісі кеңейтіледі. Сәуір айының соңына дейін тағы бір дүкен ашылады деп жоспарлануда. Қазір қалада осындай бес дүкен жұмыс істейді. Мұндағы бағалар нарықтық бағадан 15 пайызға төмен. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тоғыз түрі осында сатылады. Осы аптада «Астана» ӘКК мен AQMOL дүкендер желісі жеңілдетілген қарыз беру жөніндегі шартқа қол қояды деп күтілуде. Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова кейбір көкөніс пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке бағаны тұрақтандыру туралы шарт талаптарын дайындау бойынша ірі гипермаркетпен келіссөздер жүргізілгенін хабарлады.
– Қазір тұрақтандыру қорында ұн, қант, күріш, қарақұмық, картоп, сәбіз бар. «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы аясында тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуға қатысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы айдан бастап тұрақтандыру қорының өнімдері аталған дүкен желісі арқылы сатылатын болады. Дүкендердегі нанның бағасы 75-80 теңгеден аспайды. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында наубайханалар мен ұн тартатын кәсіпорындармен меморандумға қол қоямыз, – деді әкім орынбасары.
Ал өз кезегінде жергілікті бюджеттің орындалу барысы туралы баяндаған әкім орынбасары Асқар Амрин шығындар бо­йынша бюджет 98 пайызға игерілгенін атап өтті.
Қоршаған ортаны қорғау және та­биғатты пайдалану басқармасының басшысы Мұса Танабаев қаланың 2018-2020 жылдарға арналған қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ жиында сыртқы жарнама мәтіндерін орналастыру және оларды тиімді пайдалану мәселелері де қаралды.
Қаланың санитарлық жағдайы сын көтермейтінін тілге тиек етіп, осы жөнінде орынбасарлары мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмаларын жүктеген Бақыт Сұлтанов жауапты мамандарға сау­да нысандары арасында алдын алу шараларын өткізуді, құқық бұзушылықтарды анықтауды және оларға шұғыл шара қабылдау қажеттігін тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + six =