«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азық-түлік бағасы аспандамасын

0 186

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында есеп беріп, кейбір азық-түлік тауарларының бағасының өсуі маусымдық сипат алып отырғанын мәлімдеді. Қала басшысы елордада демалыс күндері өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жеміс-жидектердің бағасын арзандатуға ықпал еткенін атап айтты. Сейсенбі күні Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен отырыста 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу бағытында жасалып жатқан іс-шаралар баяндалды.

Қазақстандағы жылдық  инфляция  6%-ға өсті

Жыл басынан бері Қазақстандағы инфляция деңгейі 6,1 пайыздық көрсеткішке өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов хабарлады. «Бірқатар өңірде баға орташа рес­публикалық деңгейден асып түсті. Бұл жағдай Маңғыс­тау, Атырау, Павлодар облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында байқалады» деді Р.Дәленов. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің тізіміне 19 (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сары май, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) өнім кіреді. 2018 жылдың 9 айында осы тауарлардың бағасы 0,7%-ға өсіпті. Бірқатар тауар бойынша шектеулі баға 15%-ға дейін қымбаттаған. Мұндайда сауда қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес, кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Соның бірі – тұрақтандыру қорындағы резервті пайдалану.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері бойынша, қыркүйек айында инфляция деңгейі 0,4%-ды құраған. Жалпы тұрақты ахуалға қарамастан, кейбір тауарлардың бағасы айтарлықтай өсіп барады. Жылдық өлшеммен алғанда қарқынды өсім төмендегі тауарлар мен қызмет түрлері бойынша байқалып отыр:
дизельді отын – 38,2%-ға;
қызылша – 18,3%-ға;
қала маңындағы жол ақысы – 18,1%-ға;
қырыққабат – 16,7%-ға;
тас көмір – 15,2%-ға.
Сонымен қатар, инфляцияның ұлғаюына мынадай тауарлардың құнының өсуі әсер етті: мысалы, көмір – 15,2%-ға, АИ-92 маркалы жанармай – 5,7%-ға, дизельдік отын 38,2%-ға қымбаттады. Өңірлік бөліністе инфляцияның орташа республикалық деңгейінен мынадай облыстар мен қалалар асып отыр. Маңғыстау облысы – 4,1%, Атырау облысы – 3,9%, Павлодар облысы – 3,4%, Астана қаласы – 3,8%, Шымкент қаласы – 3,5%, Алматы қаласы – 3,4%.

«Бағаның өсуі маусымдық сипат алып отыр…»

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттаған өңірлердің әкімдеріне сөз беріп, бағаны өсірмеу үшін қандай іс-шаралар жүргізіп жатқанын сұрады. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов кейбір азық-түлік тауар­ларына бағаның өсуі маусымдық сипат алып отырғанын мәлім етті. Бақытжан Сағынтаев қаланың тұрақтандыру қорының шотында 1,5 млрд теңгенің игерілмей жатқанын айтты. «Қазіргі кезде тұрақтандыру қорының көлемі 940-тан 770 тоннаға дейін төмендеді. Біз әрбір пайыздық өсімге талдау жасадық. Барлық өңірлерде бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие болуда. Қосымша іс-шараларды қолға аламыз. Елорданың тұрақтандыру қорында 1,5 млрд теңге бар. Мәселен, сауда-саттықпен айналысатын ұйымдарға 25 өнім түрлері бойынша пайызсыз несиелер береміз. Соның нәтижесінде бағаларды тұрақтандырамыз» деп жауап берді Бақыт Сұлтанов.

Елорда әкімі өткен аймен салыстырғанда көкөніс өнімдері бағасының арзандағанын мәлімдеді. Бұған әр демалыс күндері өткізілетін өңірлердің ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесі оң ықпал етіпті. Бақыт Тұрлыханұлы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға ықпалы зор екенін атап айтты. Оның айтуынша, тек қант пен күріштің бағасы 21%-ға өсіпті. Үкімет отырысында сөз сөйлеген Ауыл шаруа­шылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев құзырлы ведомствоның атынан қолда бар қаражатты барлық өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсау туралы ұсыныс айтты. Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Бұл жұмыстардың барлығы әкімдердің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Мониторингті күшейтіп, қажет болған жағдайда барлық ресурстарды жылдам іске қосуды тапсырамын» деді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды