«Astana arlans» — асқақ тұрар ар-намыс

0 97

Бокстан WSB сериясы бойынша болған «Астана арландары» және «Украина атамандары» командасы арасындағы финалдық бәсекеде жерлестеріміз жеңіске жетіп, бүкіләлемдік доданың үшінші кезеңінің чемпионы атанды.

Бұған дейін екі рет жеңіс тұғырына біртабан жақындағанымызбен, алтын бұйырмай келген еді. Есесіне қоржынымызда әлемдік доданың бір күмісі және бір қоласы бар. Бірақ, оны місе тұтқымыз келмеді. Бұл жолы қалай да «Атамандарды» тізе бүктіріп, әлемге «Арландардың» теңдессіз команда екенін паш ету керек болды. Паш еттік те!

Жарыс екі күнге созылды. Әуелде 10 жұп жұдырықтасады деп жоспарланған. Бірақ, есеп 5:5 болып, 11-ші жұпты шығаруға мәжбүр болдық. Соңғы жұптың жыры сәл кейінірек. Әңгімені басынан бастайық.

Жарыс шымылдығын 54 келі салмақта өнер көрсететін Мейірболат Тойытов пен «Атаман» Виктор Гоголев ашып берді. Бірінші кездесу біздің пайдамызға шешіліп, Мейірболаттың жеңісімен аяқталды. 61 келі салмақтағы украиндық Василий Ломаченко келесі кездесуде-ақ ұпай санын теңестірді. Василийдің қарсыласы Самат Башков болатын. Үшінші кездесуде таразы басы қайта біз жаққа ауды. Бұл жолы Днепр бойынан келген легионеріміз Сергей Деревянченко команда қоржынына олжа салды. Жартылай ауыр салмақ – 85 келідегі Хрвое Сеп те жекпе-жекті жеңіспен аяқтап, басымдылықты арттыра түсті.

Бірінші күннің соңғы кездесуінде атақты Александр Усик біздің Михай Нистордан басым түсіп, жалпы есеп – 3:2-мен жарыс күні аяқталды.

Екінші күнгі дода Біржан Жақыповтың жеңісімен басталды. Ол Николай Буценкодан айласын асыра білді. Украиндардың үміт артып келген мықтыларының бірі Дмитрий Митрофанов өзінен 7 жас үлкен арландық боксшы Константин Снигурды аямай-ақ сабады. Дмитрийдің мықтылығы әу бастан-ақ білінді. Одан кейін рингке шыққан Александр Гвоздиктің де айбыны асты. Әлемге даңқы жайылған Гвоздик біздің елдің атынан шыққан Ихсан Рузбаханиді есінен тандыра сұлатты. Ихсанның бапкерлері алаңға орамал тастап, боксшыларының жеңілгендігін мойындады. Жанкүйерлердің екі жеңілістен кейін су сепкендей басылып қалған көңілін Руслан Мырсатаев бір серпіп тастады. Бірақ, қарсыласы Ростислав Архипенко да оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Көбіне қорғаныста жүріп, өнер көрсетті. Дегенмен, оның дәлдігі мен сезімталдығы басым секілдене берді. Сол себепті де Русланның ауыр соққылары дарымай, біресе желкесін жанай, біресе құлақ-шекесінің тұсынан сүріп өтіп жатты. Бұл украиндықтың дер кезінде шегіне білетінін аңғартса керек. Жұдырығы ауа қармап қалып жатқанына ашуланды ма, Русланның бір рет қарсыласын баспен қағып қалғанын да төреші аңғарып, ескерту ретінде бір ұпайын шегеріп тастады. Соңғы раундта Руслан шабуылды үдете түсіп, ақыры жеңіске жетті. Жалпы есеп 5:5!

Жанкүйерлер демін ішіне тартып, келесі боксшымызға бар үмітін артып отырды. 11 кездесу 54 келі салмақтағы боксшылар арасында өрбіді. Ескеретін нәрсе, бұл салмақта қазақстандық боксшылар елімізде ғана емес, WSB сериясында мықты саналады. Биылғы маусымда 4 мәрте рингке шыққан Бағдат Әлімбековке командасына жеңісті алып беру міндеті жүктелді. Бағдат бұл тапсырманы тамаша атқарып шықты. Ә дегеннен-ақ жұдырықтың астына алып, ептілігімен, жылдамдығымен, дәлдігімен қарсыласынан әлдеқайда шебер екендігін аңғартты. Даусыз, Бағдат жеңді және бұл жеңіс оның командасына чемпион деген атақты алып берді.

Ербол Жанат

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + seventeen =