©2020 Астана Ақшамы
АЗИЯДАН ҮШ АЛТЫН
Ташкентте дзюдо күресінен өткен Азия чемпионатында Қазақстан балуандары үш алтын, екі күміс, төрт қола медаль иеленді. Жалпы есепте жерлестеріміз Жапония және Моңғолиядан кейінгі үшінші орынға табан тіреді.
Өзбекстан астанасында байрағы көтерілген жарыстың жеңімпаздарына биыл Рио-де-Жанейро өтетін Олимпиада ойындарына жолдама берілді. Азияның мықты балуандары түгел қатысқан жарыста Қазақстан құрамасы сапынан Елдос Сметов (60 келі), әйелдер бәсекесінде Галбадрах Отгонцэцэг (48 келі) пен Мариям Ордабаева (63 келі) алтын медаль иегері атанды. Гүлжан Исанова (75 келі) мен Дидар Хамза (73 келі) күміс жүлдегер атанса, Елдос Жұмақанов, Максим Раков, Азиз Қалқаманұлы, Ержан Шынкеев сынды балуандар қоланы қанағат тұтты.д
Ал командалық жарыста ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да қола жүлдеге қол созды. Ерлер жартылай финалда Өзбекстаннан (2:3) ұтылып, үшінші орын үшін өткен матчта Қытайды 4:1 есебімен жеңді. Ал қыздар жартылай финалда ширек финалда Иранды 5:0 есебімен жеңіп, жартылай финалда Жапониядан ұтылды. Ал үшінші орын үшін бәсекеде Өзбекстаннан құрамасын жеңді. Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы төртінші рет, қыздар екінші рет қатарынан АЧ командалық сында үшінші орыннан көрінді.
Осылайша, Қазақстан дзюдошылары Азия чемпионатында алғаш рет 11 медаль иеленіп отыр. Ал жалпы Қазақстан екінші рет Азия чемпионатында үш алтын медаль алды.
Ғалым Қожабеков