Азиядағы әлемге әйгілі 10 жұмбақ

0 312

Жаратылыс әлемінде сыры ашылмаған жұмбақтар көп. Ғылым-техника қаншалық дамып, көптеген сырлардың беті ашылса да, жұмбағы шешілмеген құпиялар да аз емес. Газетіміздің бүгінгі санында Азия құрлығындағы 10 үлкен жұмбаққа тоқталамыз.

Сауд Арабиясындағы сырлы қада тастар

Сауд Арабиясының солтүстік шөліндегі Әл-раджил деп аталатын қада тастардың сыры күні бүгінге дейін ашылмай келеді. Жай көзге көп сандысы құлап немесе қисайып қалғандай әсер беретін бұл тастар күннің шығу және бату бағытын білдіреді. Әл-раджил қада тастарының тарихы 4-5 мың жылдан асады. Биіктігі 3 метр шамасында, қима беттеріне Thamudic мәтіндері жазылған.

Филиппиндегі тақталы күріш атызы

«Ifugao» тақталы күріш атызы – Филиппиндегі ең құнды мәдени құндылықтардың бірі. Бұл керемет құрылым «Солтүстік Филиппиннің таулы өңір халқының жасампаздық туындысы» және «Филиппиндердің бай мәдениеті» символы болып саналады. Мектеп оқулықтары мен ұлттық тарихи жазбалардың дерегінше, бұл тақталы атыздардың 2000-3000 жылдық тарихы бар көрінеді. Алайда жақында Филиппин археологтары бұл көзқарасқа тойтарыс беріп, «Ifugao» күріш атызының тарихы көп болса 400-500 жылдан аспайды деген байламды ортаға салды.

 

Израильдегі ежелгі қалалар

Байырғы Ницана, Халтуз және Шивта қалалары Израильдің сауда және мәдени орталықтары болған. Алайда осы керемет қалалардың тұрғындары неліктен аяқ­астынан өз мекендерінен көшіп кетті деген сұраудың әлі күнге дейін шешімі жоқ. Археологтар осы ежелгі қалалардың ешбір сырын аша алмай отыр. Бұл қалалардың иен қалуына не себеп болған деген түйін адамзатқа әлі жұмбақ.

Ыстықкөл құпиясы

2015 жылы Томск мемлекеттік университетінің зерттеушілері әлемдегі оныншы және Каспий теңізінен кейінгі екінші ірі тұзды көл – Ыстықкөл түбінен ежелгі өркениеттің қалдықтарын анықтады. Зерттеушілер тапқан 200-ден астам қазба қалдықтың арасындағы ірі фарфор ыдыс­тың ішіне армян және сириялық бума қағазы салынған. Бұл өте маңызды мәнге ие, себебі бұл қасиетті Левий Матфейдің құпиясын, яғни оның қайда жерленгенінің сырын ашуы мүмкін.

 

Камбоджадағы күмбез төбешік

2016 жылы археологтар Камбоджадағы кейбір көне қалалардан күмбез тәрізді төбешіктерді тапты. Бұл төбешіктердің тарихы шамамен 1000 жылдан асады. Ғалымдар осы жұмбақ төбешіктердің не мақсатта пайдаланғанын біле алмай отыр.

Қазақстандағы алып өрнектер

Перудегі Наска сызығы әлемдегі ең танымал және зерттеушілердің назарын айырықша аударған жағрапиялық белгі саналады. Дегенмен басқа да сырлы сызбалар бар, ол – қазақ даласындағы ғажайып өрнектер. Бұл жұмбақ құрылымдарды әуесқой археолог Дмитрий Дей Google картасы арқылы пирамидаларды іздестіріп жүріп, кездейсоқ байқаған. Бұл ғажайып өрнектер 200-ден астам алып шеңбер, төртбұрыштар мен желілерден құралған. Ғалымдар Торғай даласындағы бұл өрнектерді белгісіз өркениет салған деп болжап отыр. Тек кеңістіктен ғана көруге болатын бұл сызбаларды зерттеуге NASA да қызығушылық танытуда.

Қытайдағы сырлы құбырлар

Ғалымдар Қытайдың Чиңхай өлкесіндегі үш үңгірден көптеген құбырларды тапты. Бұл үңгірлер Бигоң тауындағы ғажайып пирамиданың маңына орналасқан. Құбырлардың үлкен-кішілігі бірдей емес, кейбірінің үлкендігі 40 см шамасында болса, кішкентайы тіс шұқитын қылдырықтай жіңішке. Ғалымдар бұл құбырларға 150 мың жыл болған деп мөлшер жасады. 2007 жылы зерттеушілер бұл құбырлардың кейбіреулері жоғары радиоактивті қосынды бөліп шығаратынын байқаған.

Иорданиядағы Хатт Шебиб

Иорданиядағы 150 шақырымдық жұмбақ қабырға – Хатт Шебибті британдық дипломат Алек Киркбрейд 1948 жылы ұшақпен кетіп бара жатып байқаған. Хатт Шебиб қабырғасының биіктігі – 1 метр, ені – 0,5 метр. Осы уақытқа де­йін зерттеушілер қабырғалардың қашан салынғанын, оны кімнің және қандай мақсатпен салғанын білмейді. Қабыр­ға Набатей кезеңі (б.з.д. 312-106 жж.) мен Умайе кезеңі (б.з. 661-750 жж.) арасында салынған деп болжануда.

Ғажайып шеңбер

Хатт Шебибтен басқа Иорданиядағы үлкен шеңберлердің құпиясы күні бүгінге дейін ашылмай келеді. Бұл үлкен құрылыс 1-1,5 метр биіктіктегі тас қабыр­ғалардан құралған, диаметрі – 400 метр. Бұл шеңбер 1920 жылы байқалды. Құрылыстың салынған уақыты, кімдер салғаны күні бүгінге дейін анықталған жоқ. Дегенмен археологтар осы құрылыс­тың жанынан табылған артефакттарға сүйене отырып, олардың кемінде 2000 жыл бұрын салынғанын айтты.

Үндістандағы түбі жерге тимейтін діңгек

Үндістанда көптеген ғажайып ғибадатханалар бар. Олардың ең қызықтысы – Лепакшидегі ғибадатхана. XVI ғасырда салынған бұл діни құрылыстың 69 қарапайым діңгегі және тағаны, жерге тимейтін бір тіреуі бар, былайша айтқанда, ол жерге тиіп тұрмайды, бірақ төбеге «ілулі». Лепакши храмын 1583 жылы екі ағайынды Веранной және Вирупанной салған. Ғибадатхананың «ілулі» діңгегі Үндістанның ортағасырлық техникасының құпиясын білдіреді. Бұл сырды қазіргі заманғы инженерлік білімдері мен техникалары бар ғалымдар әлі де шеше алмай отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды