«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әзіліңіз жарасса…

0 148

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі жиын-кездесу барысында тауып айтқан тапқыр сөздері мен әзіл әңгімелері аз емес. Олардың бірінде Елбасы ащы шындықты астарлы қалжыңмен жеткізсе, енді бірінде өзі куә болған қызықты жайттармен бөліседі. Бүгін біз солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

«Сен де қоймайды екенсің»

Былтырғы сәуір айында Елбасы Маңғыс­тау облысы тұрғындарымен кездес­ті. Жиын барысында ол Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірхановқа қарап:
– Аудан әкімдерінің ішіндегі ең үлкені кім? Жағдай қалай болып жатыр? Әріптес­терің не дейді? Айтшы, – деп сұраған-ды.
Әкім болса, бәрінің жақсы, тіпті, өте керемет екенін айтқан.
– Мен де сізбен бірге 90-жылдардан бері осы ауданда жұмыс істеп келемін, – деп бастай бергені сол еді, Елбасы:
– Сен де мен сияқты қоймайды екенсің, – деп жиналған жұртшылықты ду күлдіргені бар-ды.

«Мен жүріп өтетін жерлер тап-таза»

Елбасы биылғы Жолдауын халыққа жария етер кезде қалалардың көркі мен тазалығы мәселесіне ерекше тоқталған-ды. «Алматыдағы аулалар біраз ретке келіп қалды. Әкім Бәйбекті бұл үшін мақтап жатыр. Астанада да, басқа қалаларда да солай. Қазір мен облыс орталықтарын, қалаларды араласам, бәрі тап-таза. Әсіресе, мен жүріп өтетін жерлер ерекше таза сияқты. Құдды бір мен аспаннан түскен сияқтымын» деп күлді Мемлекет басшысы. Әрі қарай ол өз сөзін былайша жалғады: «Александр Григорьевич Лукашенко айтқандай, мен ауылда тұрдым және онда не болып жатқанын беске білемін. Мен ауданда оқыдым, Теміртау қаласында, Қарағанды облысында жетекшілік қызметтер атқардым. Орталық Комитеттің хатшысы және Үкімет төрағасы ретінде Қазақстанның барлық аудандарын аралап шыққанмын. Ол кезде 230 аудан бар болатын. Ненің қай жерде және қалай жатқанына дейін жақсы білемін және мен үшін облыс-қалаларды аралау барысында бағытымды басқа бұрышқа қарай өзгерте салу да түк емес».
Осылайша Президент ел арасындағы шынайы өмірдің қандай екенінен, кей кездері ол шынайылықтың беті жасандылықпен көлегейлене салатынынан әрқашан хабардар екенін астарлап жеткізген еді.

Астананың боранын «жарнамалау»

2016 жылы 16 желтоқсанда «Хабар» телеарнасындағы «Тарих қалай жасалды» арнайы жобасында Президент, отандық саясаткерлер, кәсіпкерлер және қоғам қайраткерлері Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жайлы ой бөліскен еді. Сонда Қасым-Жомарт Тоқаев:
– 1996 жылдың желтоқсанында Елбасының тапсыр­масымен біршама дипломаттарды осында әкелдім. Ол кезде бұл жер – ен дала. Аяздың түрі жаман. Кенет қатты жел соқты да, америкалық елші Элизабет Джонстың шляпасын ұшырып әкетті. Бәріміз қар басқан далада 15 минут бойы әлгі шляпаны қуып жүрдік, – деп айтқан. Сөйтсе ол шақ Елбасының да есінде екен. Әңгіменің жартысын Нұрсұлтан Назарбаев былайша жалғаған:
– Осы оқиғадан кейін елшілерді сол кездегі Ақмола облысының әкімі Андрей Браун қабылдады. Дипломаттар жаңағы желді айтып арыздана бастаған ғой. Сол кезде Андрей: «Біздің нағыз боранды әлі көрмепсіздер. Шляпа түгілі адамды да ұшырып әкете алады. Бұл жерде жазда масалардың қандай болатынын көрсеңіздер!» дейді. Елшілерді осында келуге көндіріп жатқан түрі осы сонда, – деп жып-жылы естелік айтқан-ды.

«Аяқ диспропорциясы»

Мемлекет басшысы елдегі кей проблемаларды астарлы әзілмен айтқанды жақсы көреді. Қиын терминдерді жұртқа түсінікті тілде жеткізу керектігін, канцеляризм­нен құтылу қажеттігін Елбасы 2017 жылы сәуірде болған Қазақстан халқы Ассамблеясында мына қалжың арқылы жеткізген.
– Бұрын колхозға ауданнан, облыстан лекторлар келіп, дәріс оқитын. Сондай жиындардың бірінде бір лектор «Бізде қалалар мен ауылдардың, өндіріс пен өнімділіктің арасында диспропорция бар» деген ғой. Оны тыңдап отырған қойшы Федор аға қасындағы жас бухгалтерден «Диспропорция дегеннің не екенін маған қарапайым тілмен түсіндіріп берші» деп өтініпті. Сол кезде совхоз директорының хатшысы трибуна жаққа қарай сәл ақсаңдап құмырамен су алып бара жатыр екен. Әлгі қыздың бір аяғы екіншісінен сәл қысқа болса керек. Соны көрген бухгалтер: «Мәселен, біздің Маняның оң аяғы мен сол аяғының арасында диспропорция бар» депті. «Ал керек болса! Біз оны өмір бойы басқаша атап жүрдік қой онда» деп таңғалыпты сонда Федор аға.

Әйелдерге қалай комплимент айту керек?

Мемлекет басшысы жыл сайын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елімізге есімі белгілі еңбекқор ханымдарды Ақордада қабылдайтыны дәстүрге айналып кеткен. Сондай жиындардың бірінде, дәлірек айтсақ, былтырғы басқосуда Президенттің нәзікжандылар туралы айтқан мына қағытпасы есімізде:
– Егер әйелге ұнағың келсе, ол әдемі болса – «Ақылдысың!» деп айт. Егер оның келбеті соншама көз тартарлық болмаса, «Әдемісің!» де. Егер бұл екеуі де келмесе, «Қалай арықтап кеткенсің?!» деген комплимент айтып көр, – деп отырғандарды күлкіге қарқ қылды.
Ал 2016 жылғы кездесуде Елбасы бикештерге гректердің жеңісті неге әйел кейпінде бейнелегені жайлы әзіл айтып берді:
– Мектеп оқушысы Ежелгі Грекия аңыздарын оқып болып, әкесінен «Неліктен осы ежелгі гректер жеңісті әйел кейпінде бейнелеген?» деп сұраса, әкесі: «Үйленгенде түсінесің, балам» деп жауап берген екен.

Қазіргі әжелер де басқаша

2016 жылдың 30 қарашасы мен 1 желтоқсаны арасында Астанада Республикалық жастар форумы өтті. Аталмыш жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
– Сендердің араларыңда білімнің арқасында Отанымыз­ға орасан зор пайда әкеліп жатқан жастар аз емес. Маған әлдебіреулер «Қазіргі жастар бұрынғыдай емес, басқаша» деген сықылды әңгіме айта бастаса, мен оларға «Қазіргі әжелер де бұрынғы әжелер сияқты емес қой. Шұлық тоқымайды, бәліш пісірмейді. Есесіне интернетті шемішкеше шағады» деймін. Бұл, әрине, қалжың. Бірақ шынымен солай. Жастар дегеніміз заманауи өмірге сай болуы керек, – деп Елбасы жастардың бойындағы жаңашылдықты, өзгерісті қолдайтынын білдірген.

Өмірді шынымен Шымкентте сүру керек пе?

Шымқала мен оның тұрғындары туралы қалжың-қағытпалардың халық арасында өте көп екені белгілі. Тіпті, Президенттің өзі де бұл тақырыпты әзілсіз айналып өтпейді. 2017 жылғы сәуір айында Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, сондағы жиналыста:
– Ерекшелігі бар ағайындарсыңдар ғой енді… Мен облыс­ты үш «Ш»-мен айтамын. «Шырайлы Шымкент шаһары!». «Ш»-ға жақынсыңдар ғой жандарың… – дегенінде, көпшілік ду күлген.
Мұнымен қоса, Елбасының аузынан шыққан «Адамға Құдай өмірді бір-ақ береді, оны Шымкентте сүру керек» деген сөз де шымқалалықтардың мерейін асырып тастағаны рас. Дегенмен Президенттің ол әзілді біреуден естігені, кейде, тіпті, адамдардың соған құлақ асып кетіп, Шымкентте аста-төк той жасайтынын сынағаны туралы біреу білсе біреу білмес.

Үлкен Буштың сәлемдемесі

Мемлекет басшысы АҚШ-қа іссапары барысында Американың сол кездегі президенті Джордж Уокер Бушқа кірмей тұрып, оның әкесі Американың 41-ші президенті Джордж Герберт Уокер Бушқа бас сұғады. Елбасы ардагер саясаткердің үйінде бір түн қонақ болып, ертесінде оянса, Джордж Герберт су жағасында отырған екен. Нұрсұлтан Назарбаев сол жолғы сапарды былайша еске алады:
– Ол маған «Сен қазір Вашингтонға барасың. Онда ресми сапарың, жұмысың басталады. Мүмкін маған қояр сауалың болар?» деп сұрады. Мен ешқандай сауалдың жоқтығын, тек ескі досыма қонаққа келгенімді айттым. Джордж Герберт «Елдің көбі мен оның әкесі болғанымдықтан, қолыма таяқ алып, оны Ақ үйді айнала қуып жүреді деп ойлайтын шығар. Ал мен қазір тек Американың қарапайым азаматымын. Десе де, бір шаруаңа көмектесе аламын. Сен Ақ үйге кірген кезде оған 41-президент алдағы сенбіде 43-президенттің әкесін танытатынын айт» деді.
Елбасының «Ыңғайсыздау болады ғой» дегеніне қарамастан, Джордж Буштың әкесі «Сөзімді қаз-қалпында жеткіз. Содан кейін араларыңда жайлы ахуал қалыптасады» дегенінен таймапты.
Ақыры, бәрі де үлкен Джордж Буштың айтқанындай болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан әкесінің сөзбе-сөз сәлемін тыңдаған АҚШ президенті Джордж Буш қарқылдап күліп жіберген екен.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды