АЗИАДА ҮЗДІКТЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

0 118

ZAH_2315

Елордадағы Ұлттық музейде Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері марапатталып, ұйымдастырушылардың қолынан қомақты сыйға ие болды.

Шараға вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы, облыстық спорт басқармалары мен спорт түрлерінен ұлттық федерация басшылары, Азия ойындарына қатысқан спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, Азиададағы Қазақстан спорт делегациясының мүшелері қатысты. Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып, Президенттің атынан спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.

Спорт және мәдениет министрлігі ұйымдастырған шарада Азиада ойындарында чемпион атанған спортшылар 1 800 000 миллион теңге (10 мың АҚШ доллары) алса, күміс жүлдегерлер 900 000 теңге (5 мың АҚШ доллары) иеленіп, қола жүлдегерге 545 000 теңге (3 мың АҚШ доллары) көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Ал, бас бапкерлерге бес мың АҚШ доллары тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан биыл өткен Инчхондағы Азия ойындарында бұған дейінгі өзінің медальдік рекордын жаңартып, жалпы есепте төртінші орнын сақтап қалған еді.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Арыстан Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт министрі:

   – Әлемнің басқа мемлекеттерінде әлеуметтік қолдау мақсатында халықаралық ареналарда елдің атын шығарған спортшыларға осындай сый-құрмет көрсетіледі. Біз де сол ниетпен осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Жалпы, соңғы Азия ойындары Қазақстан үшін нәтижелі болды деп айта аламыз. Бірақ, осымен тоқталып қалуға болмайды. Алдымызда Рио де Жанейро ойындары күтіп тұр. Лондондағы жетістікті қайталау қиын болса да, біз мемлекеттің, Елбасының спортқа көңіл бөлуінің арқасында оны да бағындырамыз деп ойлаймыз.

Дайындаған: Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 3 =