АЖЫРАСПАУДЫҢ АМАЛЫ БАР МА?

0 168

razvod_001

Кеше ғана ақ көйлек киіп, аймалап сүйіп, «сенсіз өмір жоқ» деп серттескен, «пәниден бақиға көшкенге дейін бірге боламыз» деп некесін қиғызып, Алланың алдында ант берген жастар уақыт өте келе бірге тұра алмайтынына көздері жетіп, ажырасып жатады. Ажырасудың себептері – сан түрлі. Жантанушылар солардың басты себептерінің бірі ретінде адамның өзімшілдігін көрсетеді. Жұптасқан екеу бірін-бірі түсінуге, кеткен кемшілігі үшін кешірім сұрап, ақылға жүгініп, өмірді әрі қарай жалғауға дайын болмағандықтан, әрқайсысы өзінің сөзін растап, ақырында, шаңырақ ортасына түсіп тынады.

Өмірдің аты – өмір. Кино мен кітапта ғана болмаса, өмір бойы бір-бірін алақанға салып, өбектеп тіршілік кешу мыңнан бірде кездеспесе, шынайы өмірде некен-саяқ. Алып-ұшқан албырт махаббат үйленген соң, уақыт өте келе сыйластыққа ұласады. Ал оған қол жеткізе алмағандардың жолы екі айырылады. Жалпы, ажырасудың мынадай түрлерін атап өтуге болады:

  1. Мінездерінің жараспауы. Екі жас бірін-бірі толық зерттеп білмей жатып, жылт еткен махаббат сезіміне алданып, бас қосады. Уақыт өте келе кешегі қырмызыдай сызылған қыз қырсық мінездерін көрсете бастайды. Ал, кеше жүзінен нұр төгіліп, бұл үшін тау қопаруға дайын тұратын жігіт енді айнып, бақытын сырттан іздейді.
  2. Ата-ененің қазымырлығы. Біздің жастар әлеуметтік жағынан нашар қорғалған. Көбінің баспанасы болмағандықтан, үйленген соң ата-енесімен бірге тұруына тура келеді. Ал, бұрыннан балаларына бұйрық беріп, айдап өргізіп, иіріп жусатып үйреніп қалған енесі немесе атасы жаңа түскен келінге талапты қатаң қоюы да мүмкін. Кейде жай ғана қатаң қоймай, келінге күн көрсетпей, ізіне түсіп, істеген ісін жақтырмай, өмірін өксікке толтырып, көзінен жас арылтпайтын да ата-аналар бар. Қазақ қоғамында ажырасуға кейде құдалар арасындағы келіспеушілік те әсер ететіні бұрыннан белгілі.
  3. Жұбайлардың бірінің жеңіл жолға салынуы немесе басқа адаммен шатасуы. Өкінішке қарай, жантанушылардың зерттеуінде белгілі болғандай, отбасын құрғандардың үштен екісінің көңілі сыртқа ауып тұрады екен. Осыдан келіп отбасында ұрыс-керіс, түсініспеушілік белең алып, жастар екі жаққа кетеді. Ер-азамат әйелінің, әйелі ерінің көзіне шөп салуы отбасында ауыр психологиялық ахуал туғызады. Алайда, көптеген отбасылар, әсіресе, әйелдер ерлерінің «серілігін» кешіріп, балаларын әкесінен айырмай, өмірді ары қарай жалғап жатады. Мұны үлкен ерлік деп бағалауға болар. Қалай десек те нәпсіқұмарлық – кешірілмейтін күнә.
  4. Арақ, наша, ойынқұмарлықтың кесірі. Тентек суға салынған отбасының мүшесі бала-шағасының қамын ұмытып, құлқынының құлына айналады. Үйіндегі барын тасып, сатады. Әйеліне қол көтереді. Нашақордың да жағдайы осындай. Ал, ойынқұмарлық – бұдан да өткен дерт. Ол қолына түскен дүниенің бәрін ойынға салып, ұтқызып жібереді.
  5. Перзенттің болмауы. Көп жағдайда жастардың бірінің денсаулығы келмегендіктен, ұзақ уақыт перзентті бола алмаулары ықтимал. Қазіргі заманда бұл мәселені медициналық жолмен шешуге болады. Тіпті, бір-бірін шын сүйген адамдар бала асырап алуы да мүмкін.
  6. Еріксіз үйлену немесе алып қашудың кесірі. Көп жағдайда жастар албырттықпен неке төсегіне жетпей, жыныстық қатынасқа түседі де, қыздың аяғы ауырлап қалады. Үйленеді. Мұндай еріксіз құрылған отбасы екі жаққа да ұнамауы мүмкін. Уақыт өте келе олар қателескенін түсініп, бір-бірінен суынып кетеді. Сол сияқты ауылды жерлерде қызды сыртынан аңдып, зорлықпен алып кететін әдет те тыйылмай келеді. Көп жағдайда қазақшылықпен қыздар «тас түскен жеріне ауыр» деп қалып қояды. Жақсы отбасы болып кететіндері де бар. Алайда, ешбір сезімсіз құрылған отбасы түбінде ажырасуға әкеліп соғуы жиі кездеседі.
  7. Тұрмыс тауқыметі. О баста күйдім-сүйдіммен үйленгенімен, келе-келе тұрмыстағы ауыртпалықтар жан-жақтан қысқан кезде оған шыдамай, әркім өз жөнімен кететін жағдай кейінгі жылдарда жиі кездесетін болды. Жастардың көбі жұмыссыз, баспанасыз, пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал, қалалы жерде мұндай ауыртпалықты көтеру жас отбасы түгілі кексе адамдарға да оңай тимейді.
  8. Көзқарастарының сәйкеспеуі. Бұрын мұндай мәселелермен ажырасатындар қатары аз болатын. Бүгінгі таңда қазақ баласының кришна, иегова, сатанизм, тағы басқа осы сияқты азғындатқыш ағымдарға ілесуі, тіпті, исламның өз ішінде сан түрлі ағымдарға еріп, адасуы себеп болып жүр.

Ажырасуды ислам да қолдамайды. Дегенімен, некені бұзуға рұқсат етілген. Ажырасатын адамдарға қойылатын шарттар да бар. Мәселен:

– Әйелмен оның қайыс уақытысында ажырасуға болмайды. Оны келесі қайыс уақытына дейін қалдырып, екінші қайыс уақыты аяқталғанда ғана ері не әйелін қалдырады, не ажырасады.

Егер қайыс уақытынан кейін ерлі-зайыптылар жыныстық қатынасқа түскен болса, келесі қайыс уақыты келіп, әйелінің аяғы ауыр емес екеніне көзі жеткенге дейін ажырасуға тыйым салынады.

Әрине, ешкім де ертең ажырасам деп үйленбейді. Бірақ кімді қандай тағдыр күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Десек те, отбасын құрған жастардың ажырасуға жеткізбей жарасып өмір сүруіне өздерінің ақыл-ой, сабырының жетпей жатуы да көп себеп болады. Ең бастысы, олар махаббаттың мәңгі тұрмайтынын, оның ертең сыйластыққа ұласатынын жақсы білуі қажет. Отбасы – кішкентай мемлекет. Ол мемлекеттің бейбіт әрі берекелі өмір сүруі екі адамға теңдей жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, ата-ана отбасында басты қажеті: жауапкершілік пен ақыл, сабыр, сенім, иман, сыйластық екенін баласының құлағына жас күнінен құя бергені жөн.

Байқап қарасаңыз, негізінен, мінезі шайпау әйелден – ері, шатақшыл еркектен – әйелі безіп жатады. Отбасында ынтымақ, түсіністік, жылу болмаған кезде отбасы мүшелерінің екеуінің бірі сол жылуды сырттан іздейді. Сөйтіп, ол жеңіл жүріске салынып, мұның ақыр аяғы сүттей ұйыған отбасының іркіттей іруіне әкеліп соғады, арына дақ түседі. Екі адам бір-біріне кешірімді болып, отбасының әр мүшесі өзінің менменшілдігін жеңіп, «мен» деп емес, «біз» деп өмір сүргенде – ортақ үндестік пайда болады.

Ажырасу – екі тағдырдың бұзылуы. Қыз кешегідей гүлдей жайнап өмір сүре алмайды. Бейкүнә балалығын, пәктігін, жастық жалынын қайтара алмайды. Жүректе болашаққа деген сенімсіздік, күдік орнайды. Осыдан келіп, әйел адамдардың біразы өзіне қол жұмсап немесе жеңіл жолға салынып кетіп жатады. Бұл орайда біздің қоғамға психологтардың көмегінің орасан пайдасы барын баса айтуымыз керек. Сондықтан отбасылық өмірге қол ұстасып аттанған әрбір жас отбасылық өмір тек ұлан-асыр үйлену тойы ғана емес, оның артында қиыншылығы мен ауыртпалығы көп өмір жатқанын ұғынуға, ұрпағын да сондай адал, таза өмірге дайындауы қажет.

… Бұрын  ауылда бір отбасы ажырасса немесе біреудің қызы ерден қайтып келсе, бетке шіркеу, сүйекке таңба еді. Қазір бұл екінің бірінің басында бар. Ең қорқыныштысы, бұл сүйекке таңба түгілі, ұят саналудан қалып барады…

Бозым Еренші

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + fifteen =