Әжем менің

0 152

 «Қош! Барған соң бір хабар берерсің?! Ел көр, жер шал! Қонысқа жай мекен тапқан соң көшіп барамыз. Түгел көшеміз», – дескен бәрі. Арада ауып ай, жылжып жылдар өткен. Керейдің елі кеңес құрып, бір кезде от жағып, түтін түтеткен сары далаға, еңсе тіктеген елі – Қазақстанға қарай қоныс аударамыз деп шешкен. Бірақ, тал-тарағына дейін буынып-түйініп, ертең қопарыла көшеміз деп отырғанда кейуана: «Мен қалам», – деген.  – Шалымның қасына көміп кетіңдер!». Оның екі сөйлемейтінін ел біледі. Бұдан кейін ешкім тырп етпепті. Әкем жарты ғұмырын шу жалмасып туған аға-бауырынан жырақта өткізуінің тарихы – осы. Ес біліп, етек жапқалы өз әжемді көрмеуімнің сыры да – сол.

Тереземнен Алтай таулары жөңкіліп жатты. Менің де ой аспанымда сағыныш бұлттары зымыраған көліктен оза көшіп, біз мінген көңке алып-ұшқан көңілге ілесе алмай келе жатқан. Темір тұлпар бір таудан бір тауға асқан сайын мен де бір ойдан соң екінші ойды еңсере бердім. Асығып келем, бейтаныс туыстарым мен әлі көз көрмеген әжеме асығам. «Дипломымды алдым, апа!», – деп қоңырау шалған жаздың күні әжемнің: «Бір келіп маңдайыңнан иіскетіп кет, ботам?!», – деген сөзі қайта-қайта құлағыма келеді. Табиғаттың тылсым заңын-ай! Көрмеген, білмеген адамды қалай сағынып келем?!

Әкемнің айтуынша, әжем әкесі қайтыс болғанда да көзінен жас шықпаған діні қатты адам екен. «Жетім қозы – тасбауыр». Тағдыр тауқыметін талай тартқан қарт ана қатыгез өмірге қабағын ашпаса керек. Қалай дегенмен, бала үшін тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңіткен әжем ғой. Екіншіден, перзенттік парызым еді – бұл сапар.

Ақыраптың алғашқы таңында Алтайдың бұлақ бұрымды ақ бас тауларын артқа тастап, Бай-Өлкеге бұйырғынын аңсаған ботадай жүрегім боздай жеттім. Күн сәскеге ілінгенде қасиетті қара шаңырағымыз қалқиып көз ұшынан көрінді. Үйдің алдына жеткенімізде ақ боз үйден сүйретіліп қалақтай ғана әжем шықты. Көзі қол жетім жерді ғана көреді екен. Қарт ана ұмсына беріп, құшағына алды мені. Ана айқасқан құшақты ажырата бере: «Тәубе! Жеткізгеніңе шүкір, Жасаған!», – деді күбірлеп. Жылаған жоқ, бірақ.

Қарашаға дейін жамбастай жатып, күздің күбі-күбі сары қымызымен сарық бастық. Қызара бөртіп отырып оны-мұны, өткен-кеткенді сөз еттік. Әжем кезінде сауатсыз адамдарға сабақ беріпті. Әлі күнге Абайдың өлеңдерін жатқа біледі екен. Әңгіменің тиегін ағытып, мауқымызды басқанша шүйіркелестік. Атамды айтты. Ел басқарған ер болғандығын, мәрттігін мақтанышпен жеткізді. Әкемнің бала кезіндегі қылықтарын, тентектіктерін әңгімеледі. Бір ай бойы сөзіміз таусылмады-ау. Біраз көне мақалдар, құлақ естімеген ақындардың өлеңдерін түртіп алдым. Кетерімде қолыма жемтірі шыққан ескі шежірені ұстатты. «Әкеңе де бермеп едім кетерінде», – деді. Сонымен не керек, «туған ай – туралған ет», менің де кететін кезім асығып жетті. Қайтарымда: «Апа, батаңызды беріңіз?», – деп алақан жайдым. Апам баппен батасын берді. «Аллаға аманат еттім сендерді», – деді. Мен дәтке қуат іздеп, кемсеңдей жөнелместің қамымен болдым.

Барлық туған-туыс ертеңіне мені шығарып салды. Кетерімде «енді қайтіп көрем ба, жоқ па» деген оймен әжемді қайта-қайта құшақтағаным есімде. Автобус орнынан қозғала бергенде терезеге үңіле қарасам әжем сора-сора жылап тұр екен… Кейін білдім, кейуана мені емізіпті ғой кезінде. Сол үшін де соқыр көзінен жас сорғалаған шығар, кім білсін?!

Ербол ЖАНАТ,
е.zhanat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − one =