АЖАРДЫҢ ДАРА АЛТЫНЫ

0 84

Грекияның Салоники қаласында самбо күресінен өткен кезекті Әлем фшылар арасынан топ жарып, бірінші тұғырға көтерілді. Чемпион жерлесіміз Отанына оралысымен елордалық басылымның редакциясына келіп, қуанышымен бөлісті.

Ажар бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дене шынықтыру және спорт факультетінің бірінші курс студенті. «Астана батыры» жекпе-жек күресі клубының спортшысы кешеге дейін де бірталай биіктен көрініп үлгерген. «Негізі дзюдомен айналысамын. Жалпы, бозкілемге шыққаныма бес жылдың жүзі болды. Жас­тар арасындағы, әйелдер арасындағы ел біріншіліктерінде қарсыластарымды тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрмін. Соңғы доданың алдында Ресейдің Қазан қаласында ұйымдастырылған жазғы универсиадада үшінші орын алдым» дейді ол. Енді, міне, Грекиядағы байрақты бірін­шілікте алпыс келідегі әлемнің самбошыларын қапы қалдырып отыр. Бір қызығы, жарысқа барған қырыққа тарта қазақстандық спортшылардың арасынан Ажар ғана алтын алып қайтыпты.
Чемпион қызымызға «құтты болсын» айтқан соң аз-кем әңгімеге тартқан едік, бұрымды батырымыз ағынан жарылды. «Әкем де Кеңес одағының заманында самбомен айналысқан. Ең алғаш «Қызым, сенің күшің бар, жүректісің» деп спорт мектебіне жетелеп барған сол кісі» дейді. Содан кейін бозкілемнің үстіндегі әдіс-тәсілдерді Сәуле Ғабдуллина үйрете бастаған. Ал, қазіргі бапкерлері – Айман Қалиева мен Самат Апаков. Соңғы жаттықтырушылар туралы Ажар былай дейді: «Бұлар да мықты самбошылар. Талай қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен. Әсіресе, Айман апайымның қолдауы маған жігер берді, жеңіске жетеледі».
«Жарыстан кеше келдім» деп жайбасарланатын Ажар ма? Жаттығу залына тағы бет алып барады. «Алда тағы Әлем чемпионаты күтіп тұр. Қараша айында Санк-Петербург қаласында өтеді. Бабымнан таймауым керек, алтын алып қайтамын» деп уәде берді чемпион қыз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =