АЖАЛДЫ ЖЕҢГЕН АНА

0 152

Мен – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықты өз басынан кешірген адамның бірімін. Қазақстан Республикасының 1993 жылы 14 сәуірдегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталуы туралы» заңына сәйкес зұлмат заманның теперішін көрген адам ретінде ақталу құжатым да бар.

Теледидардан, газет-журналдардан ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы нәубеттің бейнесін, суретін көрсем, ағыл-тегіл жылаймын. Балалығымды, жастығымды ұрлаған, әкем мен атамның ыстық ықыласын, мейірімін аяусыз үзген саяси қуғын-сүргінге және оны ұйымдастырған имансыздарға лағынет айтамын. Бағасын да, жазасын да Алла берсін деймін.
Әкем – Есемат Шалайұлы, атам – Шалай Түйебақұлы, әкемнің туған бауырлары – Көпей, Біржан және басқа да жақын ағайын-туыстар, барлығы 25 адам 1937 жылы НКВД-ОГПУ-дың қанды шеңгеліне ілінді. Бәрі де атылды. Артында аңырап бала-шағалары қалды.
Сөйтіп, мен көзімді тырнап ашқаннан, бір жасымнан «халық жауының» баласы атандым. Әкем 1931 жылы бір ұсталып, абақтыға жабылса, 1937 жылы әміршіл жүйенің оғына байланды… Неге? Кім үшін? Олардың жоқтаушысы, сұраушысы жоқ па?
Бүгін ойлап қарасам, біз секілділердің аса күрделі, тар жол, тайғақ кешу тағдырына осы кеңестік қанқасап орасан зор нұқсан тигізіпті. Біз ыстық ықыласқа, ішер тамақ, киер киімге, бүтін көңілге жарымадық. Жарымжан болып жетілдік, қамкөңіл болып өстік.
«Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Анам Әдиша екеуміздің көрмеген қорлығымыз жоқ. Бірақ мен ешкімнен, ешнәрседен тайсалмай, шындықтың жеңетінін сездім. Мінезім тік, қатқыл болса да, жасымнан ақиқат үшін жанымды беруге бар адам болып өстім. Он алты жасымда шахтаға түстім. Белім қайысып қайла көтердім, темір арба сүйредім. Бала күнде оқыған-тоқығандарымның арқасында Алматыдағы ҚазМУ-дің тарих факультетіне оқуға түстім. Ел қатарлы бітіріп, мұғалім болдым. Алпыстан асқанда Астанаға қоныс аударып, мұнда да зейнеткер-мұғалім, аудармашы қызметтерін атқардым.
76 жасқа шығамын. Алланың бұйыртқан жасы, көрсеткен жарығы шығар. Осы жасымда күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайтын бір оқиға бар. Ол – 1932-1933-жылдардағы аштықтың біздің отбасымызға қатысты қасіреті. Бұл қырғында менің бірінші шешем (әкемнің алғашқы әйелі) және екі апайым бүлдіршін кезінде қыршын кетті… Анамыздың аты – Шариға, екі бауырымның аты – Мырзағаныс және Айғаныс екен. Мен олардың қайғылы қазасын қарапайым сөзбен жеткізе алмаймын. Көзімнің жасымен, сезімімнің толқуымен жеткіземін. Ес кіргелі олардың рухына бағыштап Құран оқуды үзген емеспін. Бар амалым осы. Менің таза, жазықсыз адамдарға деген сағынышымды осы көңіл-күй басады. Енді сол көңіл-күйді оқырманмен бөліскім келеді.
Бұл – қайғылы, қаралы жылдардың шындығы.

Жазықсыздар жыры
(Шариға ана рухына)

Нәубет келген жыл еді,
Елге туған мұң еді.
Ашаршылық – аш халық,
Сол ғасырдың түнегі.
Жыбырлаған азық-ты,
Қыбырлаған азық-ты.
Елдің ішін іріткен,
Кімдер екен жазықты?
Есемат деген ер еді,
Шариға – жары, сенері.
Кеше ғана қосылған,
Жазмышқа көнеді!..
Мырзағаныс – тірегі,
Айғанысы – тілегі.
Құдай берген қос жазған,
Қылықтары жыр еді.
Көңіл-тұман, күз бе еді?
…Көкелерін іздеді.
Қос мұңлықтың анасы,
Көктен үміт үзбеді.
Әне тапты бір масақ,
Бес түйірін бір асап.
Аштық күйін шертеді,
Балалық шақ – тұма шақ.
Өтті осылай сағым күн,
Естір екен зарын кім?
Отағасыз отбасы,
Жамылған-ды қалың мұң.
Анда жатыр он өлік,
Мұнда жатыр он өлік.
Бейбағытты бетке алып,
Жолға шықты үш мұңлық.
Айнала толы кіл кекті,
Шариғадан күш кетті.
Сенім отын сөндірмей,
Есаматын күтпек-ті.
«Шыдам, шіркін, шекті еді,
Қинағаны – не еткені?»
Мырзағаныс, Айғаныс –
Сұм тағдырға өкпелі.
Оңға тартса – бір ажал.
Солға тартса – бір ажал,
Жолға шыққан үшеуге,
Қорқынышты құба жал.
«Е, Жаратқан, сыйындым,
Бір өзіңе сүйіндім.
Пәктерімді қорғашы,
Ұшырмасын құйын күн».
Деп Шариға зарлады,
Қос құлыны – бар қамы.
Тоқтамайтын көз жасын,
Таңнан түнге жалғады.
Аш тажалдар епті еді,
Ана тағы «кет!» деді.
Сесті азу шап берді!..
Бұл тәңірдің не еткені?!
Бұл – қаралы таң еді,
Бұл – қаралы зар еді.
Пейіш жақтан естілер,
Күнәсіздер әуені!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + thirteen =