АЗАТТЫҚ АҢСАРЫНЫҢ АЙҒАҒЫНДАЙ

0 178

ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған қазақ руханиятындағы Алаш пен сталиндік солақай саясат тақырыптарының тоғысатын жері – саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешені. Кезінде «АЛЖИР» лагерінде 62 ұлт өкілдерінің әйелдері тұтқында болуы келушілер қатарындағы көптеген шет ел азаматтарының зердесін оятты. Әзербайжан, Литва, Польша, Грузия, Германия, Украина елдері өз қандастарына қазақ жерінде ескерткіш тақталарын ашты. Бүгінгі «АЛЖИР» мұражайы осындай ізгі гуманистік бастамалармен Астана қаласының маңызды рухани орындарының қатарын үйлесімді толықтыруда. Мұражай экспозициясы бірінші қабаттағы «АЛАШ» залынан бастау алып, «Азаттықтың азапты жолы» атты кіші залмен, 1940-50 жылдардағы рухани қуғын-сүргін картиналарымен жалғасады.

…Бірінші қабаттағы «Қуғын-сүр­гінге ұшыраған Абай ұрпақтары» атты жаңа көрмеде қазақ халқының рухани қазығының бірегейі Абай Құнанбайұлының 1931 жылы атылған інісі Шәкәрім Құдайбердіұлымен қатар сол жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған өзінің тікелей ұрпақтары жайында тың деректер қатталған. Ал, жылдың басында ашылған «Азаттықтың – азапты жолы» атты кіші залда қазақ халқының тәуелсіздік мұраты жолында, КСРО кезеңінде көрген зобалаңдары көрсетіледі. Соңғысы «1932-33 жылдардағы ашаршылық», «1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін», «Атом тозағы», «Тіл мен дәстүр мазағы», «Арал апаты», «Ауған соғысы» сынды тақы­рыптарымен ерекшеленеді. Мұнда Қазақстан тәуелсіздігі мен Тұңғыш Президенттің жетістіктері де арнайы бөлімде айшықталған.

Мұражай кешендегі «АЛЖИР» залына танымал тұлғалардың лагерьде тұтқында болған әйелдері тұтынған жеке заттары қойылған.
«АЛЖИР» мемориалды мұражайын­дағы көрмелердің негізін тарихи тұл­ғалардың суреттері, тарихи уақиғаларға қатысты құжаттар мен рухани жәдігерлер құрайды. Биыл мұражай қызметкерлері Алматы, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарына ғылыми-экспедиция ұйымдастырып, мұражайлық құндылығы бар мыңнан астам жәдігер жинақтады. Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулетпен, Тұрар Рысқұловтың қызы Сәулемен, «АЛЖИР» тұтқыны Даниленконың ұлымен кездесіп, әкелеріне қатысты жәдігерлерін еншіледік. Бұл сапар Қарағанды, Балқаш қалаларында да жалғасты. Қазақ әдебиетінің белді ақсақалы Тұрсынбек Кәкішевтің 1940-50 жылдардағы қуғын-сүргінді көзімен көргені туралы айтқаны жазылған бейнетаспа да қымбат құндылығымыз. Рухани репрессияға арналған көрме Жайық Бектұров, Қайым Мұхамедханов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайыловтардың суреттерімен толықты.
Көрмедегі қымбат жәдігерлердің біре­гейі – Қажым Жұмалиевтің 1942 жылы шыққан сегізінші сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы мен 1943 жылғы «Қазақ КСР тарихы: ерте заманнан осы күнге дейін» атты кітап. Сонымен қатар, Ермахан Бекмахановтың 1947 жылғы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты әйгілі еңбегі. Бұл жәдігерлерден сол тұстағы қазақ халқының рухын, тәуелсіздікке ұмтылысын көреміз. Дәйектей айтсақ, Қажым Жұмалиевтің аталмыш оқулығын Әлкей Марғұлан да жазысқан екен. Мұнда Қаныш Сәтпаев пен Мұхтар Әуезовтің тұшымды сын-ескертпелері де тыс қалмаған. Назар аударарлығы, бұл кітап сол тұстағы Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының жанындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры Е.Бекмахановтың бекітуінсіз басылып шыққан. Ал, басып шығарған «Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының» бас редакторы Бейсенбай Кенжебаев екенін ескерсек, бұл – сол тұстағы қазақ зиялыларының рухани ынтымақтастығын көрсетеді. Осы оқулықтың оншақты бетінің көшірмесі мұражай қорының мазмұнын арттырады. Бұл оқулық Орталық мемлекеттік мұрағаттағы Есмағамбет Ысмайыловтың жеке қорында сақтаулы (ОММ-1985 қор, 2-байлам, 35-іс). Әбден тозып, жұлым-жұлымы шыққан 284 беттік кітаптың тек 144 беті ғана сақталыпты. Еңбектің әлқиссасы «Ертөстік» ертегісімен басталып, мына тұстары қызыл түсті қаламмен белгіленген: «Қазақ сахарасында ХV ғасырға дейін… ол кезде Алтын орданы басқарушы хандарға қарсы халық күресін басқарған ер Едігенің мадағы болған «Едіге» жыры туды. 1498-1558-жылдары аралығында қазақ ноғайлы елдерінен тәуелсіздігі үшін майдан ашқан халық ерліктерінің айқын айнасы болып «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қазы» жырлары жа­рыққа шықты (сол жылдары немесе одан бұрынырақ, бөлек кітап болып басы­лып шыққан болар – автор)», «…Жә­ні­бектің Астрахан­ға қала салдыруы, ол жерлерге орналасқан қазақ елдерінің түп­­кілікті отарланатынын сезіп, дағдара бастаған және алдын ала одан кұтылудың айла-амалын іздеген өмір шындығының сәулесі – Асан Қайғы сөздері болды». Әрі қарай, қазақ әдебиетіне әсер еткен екі мәселені келтіреді. «Оның біріншісі – Иван Грозныйдың Еділ бойындағы Қазан мен Астраханды жаулап алуы. Екіншісі – қазақ пен қалмақтың соғысы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп, Шора жырындағы Шора батырдың Еділді қайтаруы мен қорғауды мұрат етуіне толығырақ тоқталады. «Еділ туралы ХІХ ғасыр ақындары да жырлады, Еділдің отарға айналуын тұңғыш рет жырлаған Бұхар жырау. Еділді алу келешекте бүкіл қазақ жерін отарлаудың алды екенін ашық айтты» деп, Мұрат жыраудың
«Еділді кәпір алғаны,
Етекке қолды салғаны»деген жыр жолдарын ұсынады. Кітаптың кіріспесі өте батыл жазылған. Тек соңғы азат жолына үңілелік: «Қорытындылап айтқанда, Руссия патшасы Иван Грозныйдың Еділ бойын өзіне қаратып алуы қазақ халқының намысына тиген ұмытылмастай уақиға болды…». «Есім қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресті, оның жер-суын сақтауға күш салды. Өз елінің бірлігін сақтауға тырысты. Қазақ елінің жер-суын тартып алушы, отарламақшы болған жауларға қарсы соғыс ашты» дейді.

…1949 жылы Кеңес жазушылары одағы басқармасының ХІІІ пленумында басқарманың бас хатшысы А.Фадеевтің «Әдеби сынның бағдарлары» атты баяндама жасап: «…Ұлттық республикаларда пайда болған, әдебиеттану ісі деп өткенді жазып жүрген буржуазиялық ұлтшылдық көздерін өте баяу жоюдамыз… Әлі күнге дейін бет қаратпайтын ұлтшылдықтың сұғанақтауын да байқаймыз… 1948 жылы шыққан, сегізінші сынып оқушыларына арнап Қажым Жұмалиев жазған «Қазақ әдебиеті» оқулығы хрестоматия ретінде едәуір түзелсе де, алдыңғы қателері дұ­рыс түзетілмей, өрескел қателіктер қайталанылғаны байқалып-ақ тұр» деп, оңдырмай сынайды. Бұл оқулық 1950 жылы қайта өзгертіліп басылады. Бірақ автордың үстінен 1952 жылы қылмыстық іс қозғалып, 58-бап бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырады (ОММ-Б. Кенжебаевтың жеке қоры, 1739-қор, 1-байлам, 241-іс).

…1943 және 1949 жылдары жарық көрген Қазақстан тарихы мен Е.Бекмахановтың монография кітаптары бүгінде қайта басылып шықты. Енді Қажым Жұмалиевтің де еңбегінің толық нұсқасы тауып, жарыққа шығарсақ, руханиятымызға елеулі үлес қосары анық еді. Өйткені, ол оқулықтан заманында Евней Букетов, Кәкімбек Салықов, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев сынды қазақ руханиятының сардарлары нәр алды.

Жанбота ТАСБОЛАТҰЛЫ,
«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің жетекші ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =