Азаншы

0 304

Азанмен ояну, азан шақырып ат қою…. Исламдағы адамзатты ғибадатқа шақыратын әуезді кәлима – азанның халқымыздың әдеп-әркәніне, тұрмыс-салтына қаншалықты сіңісті боп кеткенін осыдан-ақ аңдай беруге болады. Таң бозарғаннан тұрып алып, құтпанға дейін бес уақыт парыз намазының алдында төңірекке естірте мұсылман баласын намазға шақыратын Астана мешітінің азаншылары да күні-түні жамағатқа  қызмет ететін жандардың қатарына жатады. Бірақ оларды былайғы жұрт біле бермейді.­­­­

Астанада алты мешіт бар. «Құлақтан кіріп бойды алатын» дауыс иелерімен танысу үшін әуелі «Нұр Астана» мешітін бетке алдық. Мұнда Мейіржан Рахметоллаұлы есімді бауырымыз қызмет етеді.

Тегі түркістандық ашаң жүзді, аққұба жігіттің мешітте ресми азаншы болғанына бес жыл болыпты:

– «Болашақта азаншы болайыншы» деген ой болған емес. Бірақ бойымда соған қабілет барын өзім де, ұстаздарым да байқап жүрді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақ-араб «Руханият» университетінде оқыдым. Сонда шәкірттер кезекпе-кезек азан айтамыз. Азан айтудың хас шебері Хикмет Атан деген түрік ұстазымыз бар еді, сол кісі қай жерде дауысты көтеріп, қай жерде бәсеңдету керек, қай сөздің һәмзасын, қай сөздің әлифін созып айту керектігін әбден үйретті. Азан айту – ерлер үшін өте сауапты іс немесе сүннәту мүәккәдә, яғни бекітілген сүннет, сондықтан сауаптан үміттеніп жамағатқа осылай қызмет етіп жүрдік, – дей­ді Мейіржан, – Ал «Нұр-Аста­на» мешітінде алғашқы азан шақырға­ным күні кешегідей есімде. Оқуды бітіріп, бұл жаққа келудегі мақсатым – мешіт жанындағы медресеге ұстаздық ету болатын. Бірнеше күн өткесін, таң намазында, сосын бесін намазында жамағатты құл­шылыққа шақырдым. Мешіттің бас имамы, наиб мүфти Қалижан қажы Заңқоев пен басқа наиб имамдар дауысымның жағымдылығын байқаса керек. Менің алдымда Мұхит есімді жігіт азаншы болды. Ара-тұра соны алмастырып тұр­ғанымды қалады. Кейін ол кісі бел­гілі бір себептерге байланысты қыз­метінен босағасын муаззин (азаншы, шақырушы мағынасында – ред) қызметінің жауапкершілігін маған жүктеді.

Мейіржан Рахметоллаұлы елі­міздегі үздік азаншылардың қата­рына жатады. Олай дейтін себе­біміз, ол осыдан төрт жыл бұрын тұңғыш рет өткізілген «Әдемі әуез­ді азаншы» жарысында екінші орын­ды иеленген. Бұған дейін ел тарихында қолға алынбаған азаншылар байқауын ұйымдастыру жайлы ұсынысты ең алғаш сол кездегі ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет айтқан еді. Осылайша, тек араб елдері, Түркия секілді ислам діні терең тамыр жайған мұсылман мемлекеттерінде ғана өткізіліп келген азаншылар додасын өткізу біздің елімізде де дәстүрге айналды. Сол жарысқа төрелік етуге арнайы шақырылған Анкара қаласындағы «Қожа тепе» мешітінің азаншы­сы Нүреддин Окумуштың: «Ескере кететін бір жағдай, қазақ жаста­ры азанды көбінесе арабша (хи­заж) мақаммен шақырады екен. Әлбетте, бұл сынағаным емес, алайда, арабша мақаммен шектел­мей, азанның өзге де мақамдарын үйренуге талпынған дұрыс сияқты. Мәселен, Түркияда бес уақыт на­маз­ға бес түрлі азан шақырыла­ды. Біздің еліміздегі ислам тарихында азан шақырудың 600-дей мақамы қолданылған екен. Бүгін­де солардың ең үздік деген елу шақ­тысы Түркия елінде айтылып жүр. Қазақ азаншылары да біздегі азан мақамдарын үйреніп жатса, артық болмас деймін» деген тілегі орынды деуге мүдделіміз.

Азанға мұндай маңыз артудың дұрыстығын жоғарыда атап өткен оқу орны – Шымкенттегі Қазақ-араб университетін бітіріп, кейін Түр­кия, Стамбұл барып, Құранды қы­ра­ғат­тап оқу, араб әріптерінің ма­ха­раждарын меңгеру бойынша ғы­­лыми-зерттеу орталығында ұстаз­дар­­дан білім жетілдірген Әзірет Сұлтан меші­тінің азаншысы Ер­ке­бұ­лан Бай­ға­былов та мақұл көреді.

– Бізде мақамды түрлендіріп айту қатты дамымаған ғой. Көбінесе хизаж, яғни араб елдеріндегі ма­қамға келтіріп азан шақырамыз. Ма­қам­дардың түрлерін жетік мең­геру үшін кемі төрт-бес жыл дербес дә­ріс алу керек. Түріктердің халық музы­касы, бәйіт, хисса айту­ла­ры­ның өзі сондай – тұла бойың­ды би­леп алар әуезді болып келе­ді. Сон­дықтан олар мақамына, нәші­не келтіріп азан шақыруды тез меңге­ріп кетеді, – дейді Еркебұлан қари.

Жастығына қарамастан Құранды бастан-аяқ мәнерлеп оқуды меңгерген, 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы көлеміндегі Құран оқу жарысында екінші орын, республика көлеміндегі жарыста бірінші орын, 2011 жылы республикалық азаншылар сайысында екінші орын иеленген Еркебұлан қари Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Торғай ауылының тумасы.

«Дауыстарыңызды қалай күтіп-баптайсыздар?» деген сауалға екі азаншы жігіттің берген жауабы мынадай болды:

–Әсіресе таң намазына азан шақыру өте қиын, өйткені ұйқыдан оянған адамның тамақ бұлшық еті қатынқырап, даусы қарлығыңқырап тұрады. Сондықтан ылғи да таң намазына бір сағаттай ертелеу тұрып дәрет аламын да, Құран Кәрім аяттарын күбірлеп оқып жаттығамын. Арнайы бір қайталап оқитын сүрелерім жоқ, кез келген жерінен ашып оқи беремін, – дейді Еркебұлан. Ал Мейіржан қаридың айтуынша, азаншылар да дауысын кәсіби әншілерден бетер күтіп-баптауы тиіс. Тіпті, шетелде муаззиндер ішіп-жеміне дейін мән береді екен.

Азан шақырудың тарихы

Ислам тарихының өзінен муаз­зин­дік Аллаға берілген, жүрегі та­за, жаны тақуа мұсылмандарға лайық­ты ізгі амал екенін аңғаруға бола­ды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) азан­­шысы әрі алғашқы иман кел­тір­­ген­дер­дің бірі түп тегі эфио­­пия­­лық Біләл хақ дін енді тарай бастаған тұста мүшрік Үмәйя ибн Хәлаф­тың басыбайлы құлы болған еді. Есі­гіндегі құлдың Ислам­ды қабыл­дағанын естіген қожайыны оны қанша азаптаса да, Біләл «Аллаһу аһад! Аллаһу аһад!», яғни Аллаһ бір деуінен танбады. Хазіреті Әбу Бәкір (Аллаһ одан разы болсын) құнын төлеп, босатқан Біләл әл-Хабаши кейіні­рек жұрт­пен бірге Мәдинаға һижрет етті. Меккеде жүргенде мұсылман­дар құлшы­лық­тарын тау-тастың қалқасына тығылып, сырт көзден тасаланып жасайтын. Сол себепті ол кезде көп­шілікті ашықтан-ашық намазға шақыру мұсылмандардың есіне кіріп-шықпаған еді. Ал, һижреттен кейін Мәдинадағы мұсылмандар діни бостандықты сезініп, емін-еркін құлшылықтарын жасайтын болды.

Көп ұзамай пайғамбар мешіті де тұрғызылды. Алайда н­амаз уа­қыты кіргенде халықты мешітке жинайтындай бір шақыру әді­сінің жоқтығы білінбей қалма­ды. Мұсылмандардың бір бөлігі мешітке ерте келіп, намаз уа­қы­тының кіруін күтіп, басқа жұ­мыстары бітпей, енді бірі намазға кешігіп қалып жүрді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні са­ха­ба­­ларын жинап, осы турасында мәжіліс құрады. Сахабалардың кейбірі христиандар секілді қоңы­рау шалуды ұсынса, енді біреу­лері еврейлер тәрізді сырнай тартайық деген ойларын ортаға салды. Тіп­ті отқа табынатын мәжусилер секіл­ді намаз уақыты кіргенде от жағу­ды ұсынғандар да болды. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұлардың еш­қайсысын қабылдамады. Сол кезде Омар (Аллаһ одан разы болсын) сөз алып:

– Пайғамбарым, халықты намазға шақыру үшін неге бір адам та­­ғайын­­­да­масқа? – деген ұсыныс біл­дір­ді.
Осыны орынды көрген екі дүниенің сүйікті Сұлтаны (с.ғ.с) хазіреті Біләлға (Аллаһ одан разы болсын):

– Уа, Біләл! Орныңнан тұрып, халықты намазға шақыр! – деп әмір етті. Мұны естіген хазіреті Біләл (Аллаһ одан разы болсын) біраз уақытқа дейін Мәдинаның көшелерін аралап: «әс-солаһ, әс-солаһ», яғни «намазға асығыңдар, намазға асығыңдар» деп жар салып жүрді. Бірақ жамағаттың лек-легімен мешітті бетке алуына бұл да жеткіліксіз еді.
Содан көп ұзамай Абдуллаһ ибн Зәйд (Аллаһ одан разы болсын) атты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен. Өзі оны былай әңгімелейді: «Ұйқылы-ояу күйімде маған үстінде жасыл киімі бар біреу келді. Бір кішкене тамның үстіне шығып алды. Қолында қоңырауы бар екен. Мен оған:

– Сен мынауыңды маған сатасың ба? – дедім.

– Мұны не істейсің? – деп сұрады.

– Намаз уақытында қоңырау шала­мыз, – деп жауап бердім. Сон­да ол:

– Мен саған одан да жақсы бір шара үйретсем қалай қарайсың? – деді. Сөйтіп құбылаға қарай бұрыл­ды да, азан сөздерін толығымен айтып берді. Содан кейін сәл бөгел­ді де, азан сөздерін қайта айтып, аяғына таман екі мәрте «қад қама­тис солаһ» деген сөйлемді қосты».

Сахаба Абдуллаһ (Аллаһ одан разы болсын) таң атар-атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ке­ліп, бүге-шігесіне дейін баяндап бере­ді. Пайғамбарымыз тыңдап бо­лып, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де, бұл түсті халыққа жет­кізіп, азан сөздерін Біләлға (Аллаһ одан разы болсын) үйретуді бұйырды. Бұл азанды естіген Омар (Аллаһ одан разы болсын) сол арада Пайғамбарымыздың қа­­сына келіп, мән-жайды білген соң былай дейді: «Пайғамбарым, сені хақ дінмен елші етіп жіберген Аллаһқа ант етейін, Абдуллаһ­тың көрген түсін мен де көрдім». Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екі кісінің бір­дей түсті көргеніне Аллаһқа шү­кір етіп, мадақ айтты. Сол түні жеті сахабаның дәл сондай түсті көргені мәлім болады. Азан туралы мұндай тарихи деректі «Нұр-Астана» мешітінің наиб-имамы Төлеби Оспан «Азан жайлы не білеміз?» деген кітапшасында ек­шеп жазған.

Қияметке дейін үзілмейтін уәзипа

Қиямет күніне дейін әлемнің түкпір-түкпірінде азан даусы жаңғырып, өз уәзипасын атқара беретіні айтылады. Осыдан төрт жыл бұрын БАӘ-нің математик ғалымы Абдул Хамид әл-Фадл мұны ғылыми негізде дәлелдеуге тырысты. Ғалымның қисынды байламына сенсек, біздің планетамыз 360 уақыт белдеуіне бөлінеді. Белдеулердің бір-бірлерінен уақыт айырмашылығы төрт минут екен. Яғни бір белдеудің бойында жатқан елді мекендерде азан шақырылып біткенде, іле-шала келесісі басталады. Осылайша Жерде 1440 ми­нут немесе тәулік бойы азанның даусы то­ластамайды. Астана Гринвич меридианынан санағанда UTC+6 уақыт белдеуінде жатыр. Алайда айтпағымыз басқа. Біздің қаламыздағы мұсылмандар, жалпы Қазақстандағы иісі мұсылманның зор бақыты – азанның дауысын бес уақыт ап-анық ести алатын­дығында. Өйткені әлемде муаззинге мешіт мұнарасының сыртына жаңғыртып азан айтуға тыйым салған елдер жетерлік. Мысалы, Швед астанасында тек былтыр ғана жергілікті «Боткирка» ислам мәдени орталығының мүшелері билік өкілдерімен кездесіп, жұма намазында шақырылатын азан даусын «Фиттджа» мешітінің мұнарасы арқылы халыққа жеткі­зуді өтінгесін ғана, шведтер толе­рант­тылықты еске алып, тыйым салуды артық көрді. Оны айтасыз, тіпті дін бауыр жұрттың астанасы Бақыда да (Баку) 2007 жылы таң және құтпан намазының азанын микрофон арқылы жаңғырта айтуға бірер ай тыйым салынған. Ал оған қарағанда зайырлы мемлекет бол­сақ та, біздің елде азанды дауыстап айту арнайы ереженің аясында реттелген. Яғни тарата айтсақ, «Тұрғын үйлерде, қоғамдық ғи­марат­тар мен тұрғын үй орам­­дарын­дағы дауыс пен инфра­ды­быс деңгейіне қатысты ги­гие­налық нормативтерінде» көр­сетіл­гендей «түнгі 11 мен таң­­ғы 7 аралығында үй-жайлар­дың қа­быр­ғасынан өтетін дауыс 30-45 децибелден аспауы тиіс» деген талапқа толық сәйке­седі. Өзге дін­дегілердің мазасын алуға шариғатта да кеңшілік беріл­мей­тінін Астана азаншылары жақсы біледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Жолда отырсаңдар, оның да ақы­сын беріңдер» деген хадисі бар.
Әйтсе де, әуезді айтылған азан Исламға құлшындыратын құлақ күй екені де рас.

– Азан айтылған кезде біздің мешіттің маңайына келіп тыңдап отыратындарды көп байқаймыз. Кейбіреулері мақтау айтып жатады. Мысалы, менің тәжірибемде бір славян тектес кексе әйелдің мені арнайы іздеп тауып, әдемі азан үшін алғысын айтқан сәт болған, – дейді «Нұр Астана» мешітінің азаншысы.

Ақмоланың байырғы азаншылары кімдер?

Осы тақырыпты қаузағанда, ескі Ақмола тарихында қандай азаншылар болғанын да зерттеп көрдік.

Қаладағы ең ертелеу ашылған Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті­нің бас имамы Бақтыбай Бейсен­баевтың айтуынша, бұрын-соңды қазіргідей мешіт жанында арнайы азаншы ұстауға жағдай жете бермеген. Сондықтан ол қызметті мешіттің шаруашылық жағына жауап беретін мүтәуәлілер қоса атқарған. Ал қазір бұл мешітте қызмет ететін Бағдад Ахмедәлиұлы атты молда жігіт әдемі азанымен Алла Тағалаға ең ұнамсыз жер – базардағы жұрттың (меңзеп отыр­ғанымыз –сол төңіректегі «Ар­тем», «Аймақтау», «Тұлпар», «Әсем» тағы да түрлі сауда орын­дары – Ә. А) Алла Тағала­ға ең ұнам­ды жер – мешітке ауық-ауық бас сұғып, тәубе етуіне ықпал етуде.

Сәдуақас қажы Ғылманидың бүгінде жасы тоқсанға толып отырған қызы Мүмина (Үкіжан) әжей: «Ұмытпасам, әкемнің үнемі жанынан тастамай жүретін Әбдірашид деген мәзеншісі (муаз­зині, азаншысы – ред) болған» деген дерек айтады. Ал осы өңірде лауазымды қызмет атқарған, Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Байболов ақсақал:
– Сәкен қалпе (Сәдуақас Ғылма­ни) қалаға имам болған тұста, 1946-54 жылдар шамасында Исатай Әбдиев, керей Ыдырыс Рамазан, Жылбай­дың Жұмақұлы деген кісілер мешіт төңірегінде бірге еңбек еткен екен. Исатайдың ұлы Қайыр­жан кейін осы мешітте молда болған. Ал керей Ыдырыс Рамазанды Сәкен қалпе Қазақстанның қазиы болған кезде, Петропавлға апарып, имам қылып тағайын­даған. Жылбай­дың Жұмақұлы деген кісі Сәкен қалпемен Ерейментауда бала жаста бірге діни сауат аш­қан екен. Рахымжан Қабдеш есім­ді діндар адам мешіттің есеп-қиса­бын жүргізген. Сәдуақас қажы Ғыл­манидан кейін Кәкен Мәжре­нов, Сағдат Омаров, Камал Балташев есімді молдалар бас имам болған. Ол кезде қазіргідей дербес азаншы ұстау деген болмағанға ұқсайды. Сондықтан түстеп айту қиын – дейді. Осы деректердің өзі Ақмоладағы мұсылманшылық тарихы тепсеңде жатқанын білдіреді.

Әділ АЛАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =