Азаматтық қоғамның дамуына үлкен серпіліс береді

Бауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы

0 30

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайланған Мәжіліс депутаттары алдында сөз сөйлеп, Саяси реформалар пакетінің үшінші бөлігін ұсынды.
Атап айтқанда:
1. Биыл ауыл әкімдерін сайлаймыз. Кейін ақырындап аудан әкімдерін сайлау жүйесіне келеміз. Бұл – президенттің сатылап, эволюциялық жолмен Қазақстанды дамуға бастайтын саясатын көрсететін нақты өзгерістердің басы ғана. Кезең-кезеңімен саяси реформалар кеңейе беретіні де анық.
2. Президент енді Парламентке өтуі үшін саяси партияларға 7% емес, 5% жеткілікті деген бастамасын көтерді. Парламент сайлауында заң шығарушы органга өте алмай қалған партиялар үшін бұл – жақсы мүмкіндік. Саяси партиялар белсеніп, келесі сайлауда елдің даусын алып, Парламентке өтуі үшін елдегі саяси бәсеке күшейеді деген сөз.
3. Сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген графа енгізіледі. Сайлау барысында осы графа енгізілсін деген қоғамдық талаптың болғаны да рас. Елдің сұранысына орай президенттің бастамасымен бұл өзгеріс іске асатын болды. Құптарлық іс.
4. Онлайн петиция жүйесі іске қосылады. Азаматтар өз ойын билікке осылай жеткізе алады. Алдағы уақытта азаматтар мемлекеттегі қордаланған мәселелерді жинақтап, дауыс беріп, республикалық деңгейге шығара алады. Бұл проблеманы нақты шешу жолдарына алып келетін оң өзгеріс деп есептеймін.
5. Омбудсмен жайлы арнайы заң қабылданады. Қазақстан – мемлекет ретінде адам құқықтары мен заң үстемдік орнаған ел болуы үшін кең көлемде реформаларды іске асыра беретіндігінің бір белгісі.
6. Адам құқықтары жөніндегі өкілетті органның жұмысы кеңейтіледі. Аймақтарда өкілдіктері ашылады. Құқықты мемлекет болуымыз үшін бұл –қажетті қадам. Уақыт талабы. Президенттің заманның сұранысын дәл басқан бастамаларының бірі деп айтуға толық негіз бар.
7. Қайырымдылық шарасымен айналысатындарды ынталандыратын тетіктер іске қосылады. Байқағанымыздай, қоғамда қайырымдылықпен айналысатын азаматтар өте көп. Енді осы салада елге еңбегі сіңген азаматтар мемлекет тарапынан назарға алынатын болады. Бұл – жақсы бастама.
8. Жастар индексі іске қосылады. Меніңше, президент бастамасымен алдағы уақытта белсенді, креативті, білімді жастарды көтермелеу сая­саты мемлекет тарапынан кең көлемде жалғасады.
9. Қоғамдық бақылау күшейтіледі. Бұл – уақытында іске қосылған шара. Енді азаматтар билік тармақтарының жұмысын кең көлемде бақылайды. Президенттің бұл бастамасы азаматтық қоғамның дамуына үлкен серпіліс беретін болады.
Менің ойымша, Президент біздің дамуымызға қажетті, уақыт пен заман талаптарына сай өзгеріс­терге бастайтын реформаларды көтерді. Мемлекет басшысының бастамаларынан сатылап, ақылды да сабырлы жолмен Қазақстанды өзгерістерге бастайтын саяси реформаларды көреміз. Бұл – дұрыс әрі қажетті жол. Жаңа шақырылымдағы Мәжілістің алдында реформаларды іске асыру үшін үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны анық. Бұл Парламент Президент бастаған өзгерістер жолын іске асыруда елге беделді, қоғамға ашық шақырылым болады деп сеніммен қараймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + eleven =