Азаматтық қоғам – заман талабы

0 22

Кеше елордада Қазақстанның Х Азаматтық форумы қарсаңында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы тиімді әріптестіктің нәтижелері» тақырыбында Консультативтік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, уәкілетті органдардың өкілдері мен Үкіметтік емес ұйым басшылары қатысты.

DSC00423

Отырыста бірінші болып сөз алған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов үкіметтік емес ұйымдардың ел өміріндегі маңыздылығына тоқталды. «Карантиндік шектеулерге байланысты осындай жиындар өткізу шектеліп қалды. Соған қарамастан біз барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, бүгінгі шараны өткізіп отырмыз. Алдағы уақытта мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы тиімді серіктестікті дамыту мақсатында Қазақстанның Х Азаматтық форумын өткізуді жоспарлаудамыз. Сол форумның алдында елордалық үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен бас қосуды, алдағы жоспарларды бекітіп алуды жөн санадық. Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің қандай жетістіктерге жеткеніне баршамыз куәгерміз. Соның ішіндегі бірегей жетістіктің бірі – елордамыздың салынуы. Жыл өткен сайын елордадағы халықтың саны да артып келеді. Астаналықтардың басым бөлігі – жастар, іскер азаматтар. Соның ішінде кәсіпкерлермен қатар азаматтық қоғамдар, үкіметтік емес ұйымдар да бар. Елордалық үкіметтік емес ұйымдар халықаралық деңгейде жұмыстар атқарып жатыр. Бұл жобаға Тұңғыш Президентіміз-Елбасы ­Н.Назарбаев та ерекше қолдау көрсетіп келеді. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы қала тұрғындарының көптеген мәселелерін шешіп келеді. Үкіметтік емес ұйымдар көпбалалы, іскер аналарымыз бен ардагерлерімізге де қолдау көрсетуде. Бір ғана мысал, өткен жылы еріктілер әлеуметтік жағдайы төмен 70 мың отбасыға азық-түлік себетін таратты» деді Алтай Көлгінов.

Елордалық ҮЕҰ басшылары жиі бас қосып, жеткен жетістіктерімен бөлісуді, өздеріндегі түйінді мәселелерді ортаға салып талқылауды дәстүрге айналдырған. Жиында баяндама жасаған Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесінің хатшысы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы М.Еркетаев мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенімді диалогты қалыптастырудағы Қоғамдық кеңестің рөліне тоқталды. «Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында елiмiзде кезең-кезеңiмен жаңа саяси жүйе, саяси партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар (ҮЕҰ), тәуелсiз БАҚ сияқты институттар пайда болды. Солардың iшiнде үкiметтiк емес сектор барынша жылдам дамыды. 2003 жылы өткен Азаматтық форумда Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҮЕҰ-ны саяси күш ретiнде мойындалғанын, бұдан былай бұл саланың өркен жаюына мемлекет тарапынан қолдау жасалатынын айтты. Мемлекет басшысының бастамасымен азаматтық қоғамды қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданды. Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлi анықталды. Қазіргі кезде кез келген өркениетті ел заманауи азаматтық қоғам құру, демократияны орнықтыру, құқық пен бостандықты қорғау жолында үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бірінші орынға қояды» деді М.Еркетаев.

Консультативтік кеңес отырысында қатысушылар пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 16 =