©2020 Астана Ақшамы
Азаматтық қоғам – келелі сұхбат алаңы
Кеше Тәуелсіздік сарайында өткен VIII Азаматтық форум жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Екі күнге созылған шарада азаматтық қоғам алдындағы шешілуі тиіс ең өзекті мәселелер талқыланды. Биылғы форумның тақырыбы – «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім».
Қазіргі таңда азаматтық қоғамды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары жүзеге асырылып жатыр. 2003 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдардың саны 5 мың болса, қазір 22 мыңға жетті. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бойынша қаржыландыру көлемі 2018 жылы 22 млрд теңгені құрады. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру жұмыстары 14 бағыт бойынша жүргізілуде. Қаржыландырудың үштен бір бөлігі әлеуметтік жобаларға жұмсалса, одан кейін білім, жастар саясатын қолдауға, азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқығын қорғауға бөлінуде.
Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бірлігін нығайту және елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.
– Осы форум үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс. Бүгінгі кездесу барысында күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылатынына сенімдімін, – деді Елбасы.
«Жарлының көңілі тоқ болмаса, байлар байымайды»
Президент ең алдымен дамыған қоғам құру керек екенімізді алға тартты. Бұл форум үкіметтік емес секторға серпін беріп, азаматтық қоғамның әрі қарай дамуына үлкен жол сілтейтініне сенім білдірді. Жиында көтерілген нақты ұсыныстар сарапталып, Үкімет және үкіметтік емес ұйым өкілдері тарапынан тиісті бағдарлама қабылдау қажет екенін жеткізді.
Жиында Елбасы BI Group компаниясының басшысы Айдын Рақымбаевтың ісін көпшілік қауымға үлгі ретінде айтты.
«Көптеген бизнесмендер қайырымдылықпен айналысып келеді. Аналар үйі, жетімдер – бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Қазақстанда Балалар үйі болмауы тиіс деп есептеймін» дей келе, Президент Айдын Рақымбаевтың қандай бағытта қозғалу керектігін көрсетіп отырғанын айтты. «Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын елге барып өссе де, ертең ол елін, жерін сағынады. Бірақ олар бөтен адамдар болып келеді. Қолымыз оған тиген жоқ. Қаражатымыз болған жоқ. Мемлекет қиын-қыстау кезеңде жүрген кезде ол мәселені біз жіберіп алдық. Бірақ өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақшылықта да «жетімге қол созсаң, жұмақтан шығасың» деген бар ғой. Сондықтан өзінің екі-үш баласы бар адам тағы бір баланы сол Балалар үйінен алатын болса, тек жақсылыққа кенеледі деп санаймын. Сондықтан BI Grouр-тың жасап жатқан жұмыстарын өркендетуіміз керек» деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Балалар үйінің саны соңғы үш жылда 24-ке азайғанын айтты. Соңғы үш жылда бірде-бір бала шетелге жіберілмеген. «Егер жарлылардың көңілі тоқ болмаса, байлар әрі қарай байымайды» деген Нұрсұлтан Назарбаев бизнесмендерге осыған дейін үлкен қолдау көрсетілгенін, ендігі кезекте өз халқына мойын бұру керектігін де естеріне салды.
Түрме адамды түзей ме?
Президент назар аударған тағы бір мәселе – түрмедегі азаматтардың санын азайту мәселесі. Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі Сәуле Мектепбаева көтерген бұл мәселеге өзінің де алаңдаушылығын білдірді.
«Біз білетіндей, түрмеден адамның қандай болып шығатыны белгілі. Біз ол жерде адамды тәрбиелеудің орнына, басқа бағытқа итермелейміз. Сондықтан бизнестегі заң бұзушылықтар мен шағын қылмыстар үшін ақшамен жазалау керек. Заңнаманы осылай өзгертудің арқасында түрмедегілердің саны азайды. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек» деді Елбасы.
Қаржыландыру ашық болғаны жөн
Үкіметтік емес ұйымдар – еліміздегі ең қарқынды дамушы институттардың бірі. Бүгінде олардың саны 20 мыңнан асады. Көбі қағаз жүзінде тіркелгенімен, тең жартысы ғана белсенді жұмыс істейтіні жасырын емес. Жиында Елбасы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай электрондық тексеру тізілімін жасау қажет екенін айтты.
«Үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыруды барлығы үшін де ашық және түсінікті жасау қажет. Жемқорлықтың болмауы, бағытталып отырған мемлекет қаражатының орындалуы үшін барлық жерде қаржыландыру ашық болуы тиіс. Ол үшін Үкіметке қазіргі уақытта жүргізіп жатқан цифрландыру аясында үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай электрондық тексеру тізілімін әзірлеуді тапсырамын. Аталған тексеру тізіліміне ҮЕҰ-лар ерікті негізде тіркелетін болады. Сонымен қатар ол алдағы уақытта мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік береді» деді Елбасы.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру жұмыстарын жалғастыру мәселесіне де қоғам назарын аудартты. Елбасының пікірінше, бұл бағытта, мәселен, экология, әлеуметтік жұмыстар, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асыруға болады.
Мәселе – мамандықта
«Бір адамның қандай да бір күрделі жайға душар болып, мүгедек болуы – үлкен қайғы. Алайда осы қасіретке бой бермей, адам еңсесін тіктеп, он рет құласа да, алға ұмтылатын адамдар – біздің бүгінгі батырларымыз» деген Мемлекет басшысы Қазақстанда азаматтардың бәріне жұмыс табылатынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда жұмыссыздар болмауы керек. Мәселе – мамандықтардың болмауында. Егер мамандығы бар адам болса, ол жұмыссыз қалмайды. Мысал ретінде Астанада құрылысшылар мен дәнекерлеушілердің жетіспейтінін алға тартты.
«Үкіметтік емес ұйымдар жергілікті орындарда жұмыссыз жүрген жастарды сұранысы бар 17 облысқа жіберетін болса, мәселе шешіледі. Мен де өмір жолын осылай бастағанмын. Кәсіптік-техникалық оқу орнында алған «болат қорытушы» мамандығы мені алға жетеледі. Мен соғыстан кейін кедейшілікте өмір сүрген ауыл баласымын. Киерге киіміміз жоқ еді. 15 жасқа дейін тойып тамақ ішкен кезім есімде жоқ. Пештің жанында күрек ұстап жұмыс істедік. Алдыңда – 1500 градустық металл, артыңда – 40 градус суықта еңбек еттік. Осының бәріне шыдау керек болды. Сондықтан жастар еңбекке ден қоюы тиіс. Мынау әлем әділеттілікке толы деп сенбеу керек. Әділетсіздікті еңсеру керек» дей келе, жастарды Кеннедидің «Үкімет маған емес, мен Үкіметке не бердім?» деген сөзін басшылыққа алуға шақырды.
Тұжырымдама әзірлеуді тапсырды
Биылғы форум қорытындысы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке нақты тапсырма берді. Үкіметтік емес ұйымдар өмір сапасының жоғары стандарттарын ілгерілетуде негізгі драйверге айналуы тиіс.
«Мен бес әлеуметтік бастама жария еттім. Жолдаудың осы негізгі мақсаттары үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылуы қажет. Ең алдымен бұл – мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бағалау, қоғамдық бақылау, сонымен қатар сапа, халықпен кері байланыс» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ студенттерге жатақхана салу, «7-20-25» бағдарламасы, тұрғындар үшін газ құбырын тарту бастамаларының барлығы да қарапайым адамдарға бағытталғанын айта келе, Үкіметке 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
– Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзивті қоғамды дамыту – әлемдік тәжірибе және барлық дамыған елдердің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақалада белгіленген басымдықтар аясында жұмыстарды бастаудың маңыздылығын атап өтті. Елбасы мұнда көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне үкіметтік емес ұйымдарды тарту қажеттігін айтты.
– Қалалардың, аудандардың әкімдері цифрлық технологияны қолдана отырып, бір терезе қағидаты бойынша халыққа кедергісіз ашық кеңістік қызметін ұсыну жүйесін енгізуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын соңында Елбасы Үкіметке Азаматтық форум барысында айтылған ұсыныстар негізінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуын қарастыруды тапсырды.
Жалпы, екі күнге созылған форум аясында семинарлар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, ведомство басшыларымен салалық кездесулер түріндегі 35 тақырыптық сессиялар өткізілді. «Адамдар» (People), «Планета» (Planet), «Өркендеу» (Prosperity), «Әлем» (Peace), «Серіктестік» (Partnership) атауымен өткен 5 панельдік сессия жұмыстарында азаматтық қоғамның негізгі мәселелері талқыланды. Форум соңында үздік деп танылған үкіметтік емес ұйымдарға құрмет көрсетіліп, марапатталды.