АЗАМАТТЫҒЫНА АДАМГЕРШІЛІГІ САЙ ЕДІ  

0 101

003

Биыл армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, еліміздің бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тірі болса, тоқсанға толар еді. Ол кісімен жерлес болсам да, етене таныстығым жоқ. Бірақ, жанында жүрген бірнеше күнде тау тұлғалы жанмен жақын араласып, жан дүниесіне үңілудің сәті түскен еді.

1999 жылдың мамыр айы. Ақмола облысы әкімінің шешімімен 75 жылдығы туған елінде тойланатын болды. Өзі туып-өскен Еңбек ауылындағы мектепті, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті, жалпы ауылдың ішін жөнге келтіруді бастап кеттік. Межелі күні ағамыз өзі бастап, жанында Ақмола облысының әкімі С.В.Кулагин, бірнеше генералдар, зайыбы, т.б. қонақтармен бірге мектеп ауласына келіп тоқтады. Жерлестерімен арқа-жарқа амандасқаннан кейін ардагерлерге арналған монументке гүл шоқтарын қойып, майданнан оралмаған жерлестеріне тағзым етті.

Кездесу кезінде Сағадат Қожахметұлы өзінің балалық шағына ой жүгіртіп, байларды қалай кәмпескелегенін, жазықсыз жерлестерін «халық жауы» деп жер аудартып жібергендерін өз көзімен көргендігін тебірене әңгімеледі. Залда жастар көп болатын, соларға қарап «Бірде аш, бірде тоқ, тек табан ақы, маңдай тер еңбекпен есейген біздің кездің балалары Отан қорғауға қашан да дайын болатын» деп, егемен елімізді ішкі және сыртқы жаулардан қорғау өскелең ұрпақтың мойнындағы борыш екенін еске салды.

Сол күні кешке туысының үйінде болдық. Қонақ қылған ағайынының баласы Ауған соғысында мерт болыпты. Ішімізден «сонда ағамыз жоғары шенді офицер болса да, туыс інісіне жайлы жерде әскери міндетін өтетпей, комиссариат қайда жіберсе, сонда болуы керек деп есептеген-ау» деген бір ризашылық ойға қалдық.

Ақкөл ауданы мәслихатының шешімімен орталық үлкен көшеге Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген. Көшенің салтанатты ашылуынан кейін даңқты жерлесімізбен аудандық мәдениет үйінде тағы да дидарласып, 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын қалайша бұзып өтіп, жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындағанын, осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, соғысты Берлинде аяқтағанын қаһарман қазақ ұлының өз аузынан естідік.

Ақкөл қаласының сыртындағы әсем табиғат аясында тігілген киіз үйде құсжастықты жастанып, жерлестерімен ұзақ сырласқан ағамыз кетерінде көзіне жас алып, мерейтойды ұйымдастыруға мұрындық болған баршасына шын көңілден ризашылығын білдіріп еді. Сол сәттен қалған естелік – ағамыздың қолыма тағып кеткен сағатын көздің қарашығындай сақтап жүрмін.

Осы кісі қорғаныс министрі болып тұрған кезінде жерлесі Серік Мырзабекұлы Алматыдағы саяжайында болыпты. Саяжайы жұпынылау, көздің сұғын қадайтындай жасау-дүниесі жоқ екенін бізге айтып келді. Асыл ағаның қызметін өз қарақан басына пайдаланайын деген қарау ойы болмағаны да. Сағадат Қожахметұлының сол адалдығы мен қарапайымдылығы Қарулы Күштерімізге басшылық етіп жүрген қазіргі шенділерге үлгі болса ғой. Соңғы уақытта Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлығы үшін шатылған біраз әскерилердің жаманатын естіп, жағаңды ұстағанда өмірден нендей таза азаматтар өткеніне көзің жете түседі.

Облыс әкімі Қ.Қ.Айтмұхамбетовтың ұсынысымен Ақкөл қаласында ағамыздың дүниеден өткенінің қырық күндігіне арналып ас беріліп, дұға бағышталды. Осы шараға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері, Арқаның сыйлы азаматы Қасым Тәукенов: «Бізде кім көп, генерал көп. Сол ағамды қазіргі генералдардың қатарына қоюға қимаймын. Олардан бір саты болса да, жоғары тұруы керек» деп еді.

Шынында да, Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш Халық қаһарманы, егеменді еліміздің тұңғыш Қорғаныс министріне маршал атағы лайық шығар деп ойлаймын. Бауыржан Момышұлына да Кеңес Одағының Батыры атағы өзі дүниеден өткен соң берілді. Сол сияқты Сағадат Қожахметұлына маршал атағын беру кеш емес шығар. Осы мәселені жоғары жақтың алдына қойса, оң шешім табар деп ойлаймын.

Тағы бір ұсынысым – өзінің кіндік қаны тамған Еңбек ауылында Сағадат ағаның мұражайын ашып, мектепке есімін беру керек, тіпті, мүмкіндік болса, елдімекенге атын берсе де артық болмас еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, Ақкөл ауданының құрметті азаматы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 14 =