«Азаматша» болғым келмейді

Айтайын дегенім...

0 382

Фейсбук желісінде «Қайнар Олжайдың сабақтары» деген топ бар. Қазір ол интернеттегі журналистердің тіл, стилистика, сөзді дұрыс қолдану мәселелері бойынша ой алмасатын ортасына айналып келеді.

Таяуда Нұрислам Құспанғали «Төрағалық ететін жерде «төр­айымның» отыруы мүмкін бе?» деген сауал тастапты.
Расында, мұндай лауазым барлық құжаттарда, негізінен, төраға деп жазылған. Заңда да солай.
Сөз төркініне қарай белгілі журналист, танымал тұлға Қайнар Олжай ағамыз: «Кезінде біз «аға» мен «айым» деп жіліктеп жатпай, «төрие» деп жазуды ұсынғанбыз. Ол ұсынысымыз ешкімнің көзіне түспеді» депті.
Рас, төрағаға арналған крес­лоға төрайым отыра қалса, құ­жат толтыруға келгенде көбі­міз кібіртіктеп қаламыз. Мақала жазғанда да осы сөзге кезіксек, тосылып, екіойлы күйге түсетініміз де аян. Заңда, ережелерде, тағы басқа құжаттарда «төраға» деп енгізілген лауазым иесін атағанда ол әйел болса төрайым деп жазу да, осы сөзге келгенде кідіріп барып өту де біз үшін қалыпты жағдайға айналып кеткелі қашан! Бірақ «наным бар, наным бар дегенше жеп тын» демекші, бұл кілтипанға да көңіл қойып, зер салып, бір жағына шығаратын жөніміз жоқ па?
Желі қолданушы Жансерік Керей: «қазақ тілінде «род» категориясы жоқ дейміз. Бірақ төрайым, азаматша, медбике сияқты сөздер жасалып, қолданылып жатыр» деп қаперге салыпты. Ал Ме­руерт Байғара: «Төрайым» апай­ға біртүрлі көзқарасымыз оң, ал енді «азаматша» дегенді естісем, сол заматта жыным ұстай қалады» дейді…
Шынымен, қазақ тілінде жы­нысқа бөліп сөйлеу болмап еді ғой. Бүкіл тіл заңдылығын қайта қопарып отырып, әйел мен ер адамға айтылатын сөздерді бөліп, шегелеп енгіземіз бе? Әлде мүлдем тілімізден шығарып тас­таймыз ба?
Жарайды, «медбике» деген сөз «медсестрадан» алынған. Бұл қызметті көбіне әйелдер атқаратыны да рас. Ал төрайым, азаматша дегендер ше?
Мен, өз басым, азамат болғым келеді. Және әрбір күмәнді нәр­сеге ой жүгіртіп, елді жұ­мылдырып, дұрыс шешім жасалуына түрткі болуға тырысатын (журналистше емес!) журналистпін.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + fourteen =