«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азамат еді…

0 469

1969 жылы біз Алматыға келіп, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне түскенде, осы күнгі қазақтың көрнекті жазушылары Баққожа Мұқаев пен Смағұл Елубаевтар соңғы курста оқып жүр екен. Ол кезде жыл сайын бірінші курс пен соңғы курстың дәстүрлі танысу кеші өтетін (қазір де солай шығар). Баққожамен таныстығымыз сол кештен басталды. Кеште Баққожа бастаған аға курстың қыз-жігіттері сөйледі. Ақыл-кеңестерін айтты. Сонан соң кезек біздерге тиді. Бір ай бұрын Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Пиджим селосында ауылшаруашылық жұмысында жүргенде бір-бірімізбен жете танысып, кімнің қандай өнері бар екенін білісіп алғанбыз. Санасақ, сол жылы оқуға түскен елу екіміздің жиырма алтымыз өлең жазады екенбіз.

Бізді ауыл шаруашылығы жұ­­­мы­сына курс жетекшіміз, ұстазымыз Әбілфайыз Ыдыры­сов бастап барған болатын. Әбе­кең ай бойы кешкі жұмыстан соң біздерге өлең оқытып біраз машықтанып қалғанбыз. Сол әдетіміз бойынша суырылып шыға бастадық. Дәуітәлі Стамбеков, Қошқарбай Жұматаев, Асқар Егеубаев, Жүрсін Ерманов, Тұрсын Жұртбаев, Айтуған Шәйімов, Жанболат Аупбаев және мен, бас-аяғы жиырма шақ­ты­мыз өлең оқыдық.
– Ой, курстастарының тең жар­тысы ақын екенсіңдер ғой, неге филфакқа түспегенсіңдер? – деп күлді Баққожа. Біз «ақын екенсіңдер» деген сөзге арқа­ланып, марқайып қалдық. Кеш өте қызықты, тартымды өтті. Әсіресе, жоғары курс сту­дент­терінің бауырларына тарта сөйлеген мейірімді жылы сөздері республиканың әр түкпірінен қалаға жаңа келген біздерге демеу, арқатірек болғандай әсер етті. Соның ішінде көбірек есімізде қалғаны – Баққожа мен Смағұл.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ жастарының санасын дүр сілкіндірген Мәскеудегі «Жас тұлпар» ұйымы, оның қалай тарқатылғаны жөнінде әркім әртүрлі айтып жүрген алыпқашты әңгіменің анық-қанығын сол кеште өзара пікірлесуде Баққожадан естіп-білген едік. Артынша біз­дің де делебеміз қозып, жеті-сегіз бала өзімізше «ҚҰҚ» (Қазақ ұлтын қорғау) деген ұйым құрып, «Толқын» деген қолжазба журнал шығарғанымыз бар. Ол журналдың тұсаукесеріне жазушылар Жекен Жұмаханов пен Оралхан Бөкеевті шақырған болатынбыз. Журналдың алғы сөзін Оралхан жазған еді. Екі нөмірден кейін журнал тоқтатылды.
Арамыз екі-үш жас қана болса да, сол кештен бастап өкшелес келе жатқан біздер Баққожа мен Смағұлды аға тұттық. Ұмытпасам, арада көп өтпей факультеттің қабырға газетінде Смағұлдың «Бұралқы» деген әңгімесі жарияланды. Шағын ғана әңгімеде бір иттің көшеде қаңғып жүріп, қалай аштан өлгендігі баяндалады. Бас-аяғы жұп-жұмыр әдемі әңгіме. Болашақ жазушылық үлкен жолдың бастауы іспетті. Жабыла оқып, Смағұлды қуа­на құттықтастық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Аяқ астынан шу шығып, факультетте әлгі әңгімені талқылау жиналысы өтті. Талқылауда әлдекімдер сөйлеп: «Бұл әңгіме Совет өкіметіне қарсы жазылған. Смағұлдың қаңғыбас ит деп меңзегені кім? Совет адамын бұралқы итке теңеп отыр» деп соқты. Оқуға жаңа түскен біздер аң-таңбыз. Смағұлды іштей аяғанымызбен, қорғап сөйлеуге ешқайсымыздың батылымыз да, ақылымыз да жетпеді. Мұғалімдер де үнсіз. Сол сәтте орнынан Баққожа көтеріліп, бұл әңгімеге соншама саяси астар беріп, тырнақ астынан кір іздеудің реті жоқтығын, зоологиялық үрдістегі мұндай шығармалар үлгісі әлемдік әдебиетте бар екендігін айтып, Смағұлға араша түсті. Манадан не істерін білмей түнеріп отырған деканымыз марқұм Тауман Амандосов та арқасынан ауыр жүк түскендей сілкіне сөйлеп, болмашыдан бәле іздеудің аяғы жақсылыққа апармайтындығын айтып, шыр-пыр болды. Ұзаққа созылған талқылаудың аяғы Смағұлға сөгіс берумен тынды. Сөгіс бермеуге деканда да амал қалмаған сияқты. Желдің қай жақтан соққанын кейін аңғардық. Сөйтсек, бұл бәлелі айғай-шуды шығару біреулерге Амандосовты орнынан кетіру үшін керек болған көрінеді.
Осы талқылау жиналысынан кейін Баққожаға деген біздің құрметіміз бұрынғыдан да арта түсті. Оның тұлғасы бірден биік­теп кеткендей әсер қалдырды.
Алды-артына қарамай зымырап бара жатқан уақыт-ай! Содан бері де қырық жыл өтті. Бір елі ауызға екі елі қақпақ қойған, тырп етсек төбемізді ойған қоғам келмеске кетті. Құдайға шүкір, еңсе көтеріп, ел болдық. Кешегі бозбала Баққожа кейіннен қа­зақ­тың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, елінің елеулі азаматы болды.
Ойлап қарасам, көшкен бұлт­тай бұлдырап, аққан судай сылдырап өткен қырық жылдың көбін тағдыр Баққожамен дәмдес-тұздас, қатарлас, қа­наттас жү­ру­ге жазыпты. Ол «Білім және еңбек», мен «Балдырған» журналында көр­шілес қызмет еттік. Жас­тықтың қызықты да тәтті кезеңін бірге өткіздік. Ол кезде қазіргідей бильярд жоқ. Ермегіміз – карта. Преферансты да бірге ойнадық. Ақаң (Ақселеу Сейдімбек), Жәнібек – бәріміз талай таңды-таңға ұрып, кеш қайтып жүрдік. Шаршауды білмейтін қайран күндер қалды артта.
Кейінірек Жазушылар одағын­да да қызметтес, сыйлас, пікір­лес болдық. 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасы кезінде ел күйзеліп, жастар жапа шегіп, зиялы қауымның, әсіресе, қа­лам­герлердің басына да қара бұлт үйірілгенде, Баққожа Олжас­тың қасынан табылып, айғайлап мінбеге шықпаса да, айналасына азаматтығымен, турашылдығымен, табан­дылы­ғымен ықпал ете білді.
Жазушылар одағында балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің әдеби кеңесшісі бола жүріп, ұлт әдебиетінің өсіп-өркендеуіне, жас таланттардың қанаты қа­таюы­на көп еңбек сіңірді. Сол тұста қазандай қайнап Жазушылар үйінде өтіп жататын әдеби-мәдени шаралардың барлығына да аянбай атсалысты. Осы кезде өзі де өндіре жазды. Жазушы әрі драматург ретінде қалың оқырманға кеңінен танылды. Қайраткерлік тұлғасы да толыса түсті. Жазушылар одағынан Мәдениет министрлігінде репертуар бөлімінде бастық болып істеді. Осы кезде қоғамдық жұмысқа да кеңінен араласты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуына, өркен жаюына аянбай еңбек етті. Қайраткерлік көрсетті.
Қаламгерге қанат беретін Құдай берген талантына қоса шыққан тегі, тербеген бесігі, туған топырағы, ішкен суы, жұт­қан ауасы, өскен ортасы екені анық. Баққожа – кешегі Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманында» суреттелген Албан көтерілісі өткен тарихи да киелі топырақта туған төл. Арыда албан Саршуаш жырау (әйгілі Қаракерей Қабанбай батыр туралы дастанның авторы), Өтейбойдақ емші, албан Асан, Таңжарық, Көдек ақын, Қожеке күйші, Жәмеңке, Ұзақ батырлар, бергі Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Сағат Әшімбаев сынды саңлақтар шыққан Хантәңірінің бауырынан Баққожа да қанат қақты. Алғашқы кітаптары – «Жаңбыр жауып тұр», «Аққу сазынан» бастап, сүбелі романдары – «Жалғыз жаяу», «Өмірзая», драмалық шығармасы «Тоят түніне» дейінгі аралықта үлкен жазушылық жолдан өтті.
Баққожаның қаламынан ту­ған дүниелерді оқып отырып, сол шығарманың ішінен әркім кеше ғана бастан өткерген өз заманын, өз тағдырын таниды. Жазушы өткен ғасырдағы сырт қарағанда керемет көрінетін кеңестік қоғамның ішінде бұ­ғып жатқан мұздың астымен жүрген жылымдай сұрқия саясатының қыр-сырын, ішек-қарнын өте көрегендікпен суреттейді. «Жал­ғыз жаяу» романында шекара бойындағы кеңестік қоғамның қиянатына шыдай алмай әрі асып, бері асып жүріп, өз жеріне, өз еліне өзі өгей көрінген қазақтардың азап-тозағы сөз болады. Басына қандай іс түссе де, ұлт үшін, ұрпақ үшін тау қыранындай қайтпай күресе білген ерлер өмірі көз алдыңа келгенде еріксіз толқисың. Тәуелсіздік жолында құрбан болған жандар рухына бас иесің. Баққожаның бүкіл шығармаларының алтын өзегі – ел тәуелсіздігі, бостандық үшін күрес. Басына оңайлықпен бұғау салдырмайтын арда, асау бабаларындай Баққожа да қаламын қару етіп, саналы өмірін күреспен өткізген жазушы. Күрескерлік сарын, рухани сабақтастық бір шығармадан бір шығармаға көшкен сайын үзілмей үндесіп, жалғасып жатады. «Өмірзая» романындағы Аяған бейнесі арқылы жиырмасыншы ғасыр­дағы қазақ халқының басынан өткен ұлттық трагедия суреткерлік шеберлікпен көрініс тапқан. Тұяғынан қан сорғалаған жыртқыш, зымиян қоғамның, отаршылдық сұрқия саясатының астарын батыл әшкерелейді. Аяғанның басынан өткен оқиға­ларды суреттей отырып, сол кез­дегі қоғамдық ортаны, тағдыры тәлкекке түскен ұлт қасіретін, халықтың аянышты жағдайын жайып салады.
Аяғанның қасіреті – ұлт қасіреті. Лажсыздық, басыңды тауға ұрсаң да, түк шығара алмайтын шарасыздық ұлт басына түскен ауыр бұғаудың бұлжытпас, мойын бұрғызбас салмағынан еді. Сол зілмауыр бұғауды сілкіп тастай алмай, кешегі Алаш арыстары да мынау жарық жалғанның есігін соңғы рет ышқына бір теуіп, жан қиып кете барған болатын. Аяған да сол кепті киіп, фәни дүние қорлығына еріксіз мойынсұнып, бақилыққа аттанады. Міне, «Өмірзая» романы – кеше ғана басымыздан өткен күрделі өмірдің айнасы. Романды оқу үстінде сол Аяған ғұмыр кешкен қоғамда өзің де бірге жүргеніңді сезінгенде жаның түршігеді. Ойға қаласың, өзіңе-өзің сұрау қоясың.
Жазушы оқырманын толған­дыр­­ғанда ғана, ой салғанда ғана өз мақсатына жетеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Баққожа – өз мақсатына да, мұратына да жеткен жазушы. Өйткені Баққожа – өз заманының жазушысы. Қаламгердің ең үлкен бақыты да сонда.
Артында өлмес мұрасы барда, қалың ел, өсер ұрпақ барда Баққожаның есігі мәңгі жабылмайды. Ол халқымен бірге жасай береді. Баққожадай асыл ердің рухы қашанда көптің жүрегінде, көңілдің төрінде, өмірдің өрінде!

Несіпбек АЙТҰЛЫ, 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды