ӘЗАҒАҢДЫ ӘСПЕТТЕДІ

0 164

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ХХІІ маусымын ашты.

Маусымашарға шақырылған қонақтардың барлығы еліміздің қайталанбас біртуар өнер қайраткері, айтулы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған «Режиссер тағылымы» атты дөңгелек үстелге қатысты. Алқалы жиынның алдында қадірменді өнерсүйер қауымға қазақтың атын әлемге танытуда ерен еңбек сіңірген осынау тұлғаға арналған тұңғыш кітаптың тұсауы кесілді. «Режиссер Мәмбетов феномені» деп аталған туынды авторы Күмісбала Молтобарова кіріспе сөзінде режиссердің көзі тірісінде жазыла бастаған еңбегі туралы аз-кем әңгімелеп, қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Театр және кино өнерінде қайталанбас із қалдырып, өзіндік бет-бейнесімен ерекшелене білген режиссердің соңында қалған еңбектері аз емес. Астана театрының деңгейін көтеру жолындағы шығармашылық ізденісі өз жемісін беріп келеді. Қаллеки театрында ол белсенді қызмет етті. Қазіргі белгілі деген әртістердің дені сол кезде елордаға алғаш ат басын тіреген жас мамандар еді. Қазір алды Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер атағын иемденіп жатқанын айта кеткен жөн. Елбасының шақыртуымен Астананың драма театрына көркемдік жетекші болған күннен бастап аядай ғана сахнаны гүлдей жайнатқан режиссер Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», «Ғасырдан да ұзақ күн», М.Әуезовтің «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», А.Чеховтың «Ваня ағай» және т.б көптеген пьесаларды сахналады. 2000 жылы Ә.Мәмбетовтің тікелей атсалысуымен елордада опера театры ашылады. Сол өнер ордасының тырнақалдысы М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсына да өзі режиссерлік еткен. Сол жылы ол «Халық Қаһарманы» атағына ие болады.

Басқосуға режиссермен бірге қызмет ет- кен әріптестері қатысты. Олардың қатарында жары Қорлан Қалиламбекова, Қазақстанның Халық әртістері Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, театр сыншысы Бауыржан Нөгербек, өнертанушы Өтен Ахмет, сахна саңлақтары Ерік Жолжақсынов, Бекболат Құрманғожаев және т.б. көптеген театр жанашырлары кесек тұлға жөнінде тебірене сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді. Әсерлі кездесуді маусымашарға орайластырған театр директоры Еркін Жуасбек биылғы шымылдықашар Ә.Мәмбетовтің режиссерлығымен қойылған «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін көруге шақырды. Қойылымнан кейін режиссердің рухына бағышталған ас берілді. Ал, мұндай игілікті шараға арнайы ат басын бұрған Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Самат Тергембаев қала ауқымында да мерейлі кештер жалғасын табады деп ескертіп, бұл шара аталмыш басқармада жоспарланып жатқанын мәлім етті.

«Ғасырдан да ұзақ күн» спектакліне репетиция жасап жатқанбыз. Сонда мен немересін жетектеген кемпір болып сахнаны жарып өтем. Бір жүріп өттім, Әзекең маған қарады да, айналаңа қарашы, мына бұрышта сенің шалыңның зираты, мына жерде ұлың жатыр, мұнда келінің, зал тола сенің ет жақындарыңның моласы деп елестетші деді. Мен сол сөзді көкейіме түйіп, сахнаға қайта шыққанымда, ол тоқтатпады. Тоқтатпады дегенім ол мендегі өзгерісті ұнатты деген сөз еді. Осындай бір ауыз сөзбен сенің жеткізе алмай тұрған бейнеңді ашуға бар ынтаңды аударып жіберетін ерекшелігі бар еді» деп еске алады ұстазын шәкірті Гүлбаршын Қылышбай.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + fifteen =