Аз сардардың бірегейі

0 50

Біраздан бері газетімізде елордадағы көшелерге есімдері берілген тағылымды тұлғалар туралы мақалалар жарық көріп келеді. Осы бағыттағы бүгінгі дүниемізді биыл туғанына 90 жыл толған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Әлімжанов ағамызға арнап отырмыз. Бас қаладағы қабырғалы қаламгер атындағы көше Шымкент қысқа көшесінен басталып, Сарыарқа даңғылында аяқталады, ұзындығы 923,5 метрге созылған.

Саналы ғұмырында туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, егемендіктің елең-алаң шағында дүниеден озған ардақты азаматтың өмір жолы, шығармашылық шеберлігі жайында кейінгі ұрпақ біле бермеуі де мүмкін, сондықтан әңгімені сол тарапта өрбіткенді жөн көрдік.
Негізі, Әнуар деген сөз арабша «нұр» деген мағына білдіреді. Бұл есімді халқымыз балаға «жолы оңғарылсын» деген ниетпен қоя­ды. Әнуар Әлімжановтың аты әдебиет әлеміндегі бедерлі ізімен, қайраткерлік қырымен, қазақ журналистикасын биікке көтерген қабілетімен ғана емес, ұлт намысын бәрінен биік қойған ерен тұлғасымен тарихта қалды.
Жетісу өңіріндегі алақандай ғана Қарлығаш деген ауылда кіндік қаны тамған болашақ қаламгердің балалық шағы қиындыққа толы болды. Жасынан әке-шешесінен айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татқан өрен он екі жасында Ресейдің қиян түкпіріндегі Сталинск қаласына ФЗО-ға оқуға жіберіліп, кілең бір ұрдажық бұзықтардың ортасына түседі. Одан еті тірілігінің арқасында аман қалып, туған ауылына оралып, жүк түсіруші, есепші секілді жұмыстарды істейді. Соғыс аяқталып, ел ептеп есін жия бастағаннан кейін, яғни 1946 жылы Лепсі педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1949 жылы тәмамдайды. Осы жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылданады. Белгілі журналист Жанболат Аупбаевқа берген сұхбатында жазушының баласы Асқар: «Әкем 1949 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-ға оқуға түскенде де шекесі онша шылқып жүрмеген сияқты. Оны ол кісінің архивіндегі «Анкета» деп аталатын қағаздың екінші бетіндегі: «1949-1954 жылдары мен Қазақ университетінің студенті бола жүріп, осы оқу орнындағы баспахананың әріп терушісі әрі от жағушы – кочегары болып жұмыс істедім» деген сөзі анық дәлелдейді» деп айтады.
Жалпы ағамыз жасынан қиындыққа шынығып өскендіктен ешкімнен ыға қоймайтын қайсар, әділетшіл азамат болып қалыптасады. Осы жерде оның студент кезінде бір ерлігін айта кетейік. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің соңынан ол кісі дүниеден озғанша аңду кетпегені рас. Кешегі Алаш азаматтарымен ниеттес, мұраттас болған тұлғаны кеңес өкіметі онша жақтыра қоймады. Содан ба, асыл азаматтың басына талай рет қара бұлт төнген. Сондай бір оқиға 1953 жылы болды. Мұхтар Әуезовтің күні ертең ұсталатыны анық белгілі болғанда, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалибек Қуаныш­баевтың мандатын пайдаланып, оны Мәскеуге ұшырып жіберуді ұйымдастырушылардың бірі жас өрім студент Әнуар Әлімжанов болған.
Қаламгердің журналистикадағы жолы облыстық «Алма-Атинская правда» газетінен басталып, осында шеберлік мектебінен өтіп, басылым бетінде өмірдің, өңірдің сан тарау өзекті мәселесін қозғаған проблемалық мақалалары, кейіпкерлерінің жан дүниесін ақ параққа мөлдіретіп түсірген очерктері жиі жарияланды. Осы кезден қаламы жүйрік журналистің аты да республика көлемінен асып, Одаққа таныла бастады. Одан кейін «Литературная газетаның» Орта Азия және Қазақстан бойынша арнаулы тілшісі, «Ленинская смена» газеті бас редакторының орынбасары, «Правда» газетінің тілшісі секілді жауапты қызметтерді атқарып, қаламымен еліміздегі жарқын өзгерістер мен толғамды мәселелерді, еңбекте оза шапқан ерлерді Одақ деңгейінде абыройын көтеріп жазды. Сол жылдары жалынды публицист ретінде ел аралап, шетелдік сапарларға шығып, көп нәрсені көңілге түйе білді. Соның нәтижесінде «Ақ дос, сары дос, қара дос» (1958), «Достар кездес­кенде» (1959), «Мәңгілік ғұмыр» (1960), «Сумен, құрлықпен елу мың миль» (1962), «Күнге бет алған керуен» (1963) атты романтикалық сарында өмірді, адамдарды зерделеген кітаптары жарық көріп, екі аяғын нық басқан қаламгер ретінде қалыптасты. Әнуар ағамыз өз еңбегін орысша жазса да, оның өң бойынан қазақы таным, ұлттық бояу аңғарылып тұрды. Әсіресе талантты журналистің атақты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев туралы жазған «Дихан туралы аңыз» атты көркем-публицистикалық дүниесі көзіқарақты оқырманның көңілінен шыққан туынды болды. Мұнда автор жанкешті дихан ауданнан келген әпербақан өкіл арасындағы пікір, көзқарас қайшылығы мен тартысты майдан қыл суырғандай әсерлі жеткізген.
Әнуар Әлімжанов журналист-публицист ретінде ғана емес, көркем әдебиетте де тек өзіне тән жазу мәнерімен, дүниетанымымен, көзқарасымен қолтаңбасын даралай білді. Оның «Көгілдір таулар», «Отырардан жеткен сый», «Қарасұңқар көпірі», «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың оралуы», «Адамдар жасы», «Жау­шы», «Таным» секілді повестері мен романдары да қазақ қара сөзінің қазынасын байытты. Биыл жазушының мерейтойымен бірге, «Ұстаздың оралуы» деп оның баянды ғұмыры мен өмірі жа­йында роман арнаған әл-Фараби бабамыздың да 1150 жылдығы қатар келіп отыр. Әнуар ағаның ұлы ғалымның туған халқымен қайта қауышуына сіңірген еңбегі зор. Біз бұл ретте қаламгер Ғаббас Қабышұлының «Бар құрлықта ізі жатыр» деген мақаласынан үзінді келтіргенді жөн көріп отыр­мыз. Онда: «1967 жылы болар, шетелдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарды Пәкістанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратына, сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Евклидтің, Птолемейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар» деп жауап қайырыпты. Әнуардың сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті көшіріп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Бек Ыбыраевқа ой-пікірін қосымша айта отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты. Ғұламаның ғылыми мұрасын іздестіруші, зерттеуші Ақжан Машанов ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің өзімізге оралуына атсалысты. «Ұстаздың оралуы» атты роман жазды» деп жан-жақты тоқталған. Сонымен бірге жазушының тарихымыздың тағы бір қатпарлы кезеңіне үңілген «Жаушы» романында халқымыз­дың жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген ерлігін бейнелі сөзбен көркем суреттейді. Кейін бұл роман желісімен кино да түсірілді.
Әнуар ағамыздың тағы бір қыры – қайраткерлігі. Ол кісі алдымен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, сосын біраз жылдар Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қыз­метін атқарды. Осы жылдарды қазақ әдебиетінің қарыштаған кезеңі деп айтуға болады. Әнуар Әлімжановтың Одақ деңгейі мен республика басшыларының алдындағы беделі мен ұйымдастыру шеберлігінің арқасында көптеген игілікті іс-шаралар жүзеге асты. Соның бірі ретінде 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының V конференциясын айтсақ дейміз. Әлемнің сөз сиқырын бойларына сіңірген суреткерлері жиналған жиында жан-жағы тормен қоршаған қоғамның тынысын кеңейтер азат ойлар мен пікірлер айтылып, ол қазақ әдебиетінің кеңістігіне тарады. Сексенінші жылдардың аяғында Алаш ардақтылары ақтала бастағанда, мерзімді баспасөзге талай жылдар есімі елеусіз болып келген Мұстафа Шоқай туралы көлемді мақала жазып жұртты елең еткізді. Жазушының көзі тірісінде отыздан астам елге табаны тиіп, соңғы сапары 1991 жылы Жапониямен аяқталыпты. 1991 жыл демекші, осы жылдың 26 желтоқсанында ол кісі КСРО Жоғарғы Кеңес республикалар палатасының төрағасы ретінде әлемнің біраз бөлігін уысында ұстаған КСРО-ның халықаралық субъекті ретінде құқығы жо­йылғандығы туралы декларацияға қол қойды.
Замандастары оның адами болмысы да бөлек, қарапайым болғандығын айтады. Арқалы ақын Сәкен Иманасов «Мен білетін Әнуар» деген естелігінде қаламгер алпысқа толып, туған жеріне сапарға шығып, Қарлығаш ауылына жете бере бұлақ басына тоқтап, сол жерде сәл аялдап, айналадағы жүрген жұрт пен оңды-солды сабылған машиналар мен ат арбаларды көріп: «Әй, осы жұртты дүрліктіріп қайтеміз, бізді емешегі үзіле күтіп тұрған да кім бар дейсің?!» деп жанына серік болып барған досы екеуі Алматыдан ала шыққан жол азығын ортаға ала әңгімелесіп, бұлақ суына беті-қолын жуып, ел-жұртқа қарап қош айтысады да, Алматыға қайтып кетеді. Осы оқиғаны баяндай келіп ақын: «Даңқынан даңғазасы көп, бергенінен алғаны басым, тындырғаны болмаса да «тойымды өткізіп бермедіңдер» деп жұрттың бәріне өкпелеп, міндетсіп, бәлсініп бітетіндерді көргенде Әнекеңнің осынау «ерсі» қылығы есіме түсе береді» деп жазады.
Әнуар Әлімжанов пайғамбар жасына толғанда, яғни 1993 жылы өмірден өтті. Сонда көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлы қоштасу сөзінде: «Соңғы үш ғасырдың ішінде мына қара жердің үстінен астына «Артымда азат ел қалды» деп аттанып бара жатқан азғантай қазақтың бірі өзіңізсіз. Атақ пен даңқ та, абырой мен лауазым да таңсық емес. Сізге тағдырдың тартқан ең үлкен сыйы да осы болды. Ондай дәуренге жетуімізге де сіз көп сарбаздың бірі емес, аз сардардың бірегейі бола білдіңіз. Әсіресе күні кешегі егемендік пен тәуелсіздік жолындағы саяси сайыстарда нағыз сайыпқырандық таныттыңыз» деп айтыпты. Әбіш аға ақтарылып айтқан осы сөзге текті тұлғаның бар болмысы сыяды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + seventeen =