АЮХАНОВ БИІНІҢ АНШЛАГЫ

0 100

Астана күні мерекесіне орай «Отаным – бақыт мекенім» бағдарламасы аясында ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал балетмейстер Болат Аюхановтың «Үлкен балет кеші» өтті.

Классикалық би кешінде Болат Аюханов басқаратын Мемлекеттік академиялық би театры бірнеше балет қойылымдарын сахналады. Көпшілік назарына «Аққу көлі», «Кармен», «Мастер и Маргарита», «Евгений Онегин» балеттері ұсынылды.

Болат Аюханов – әлемге танымал хореограф, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мәдениет және өнер саласының Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты. Ол жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздік ондығына енген. Бүгінде балет шебері бұл менің өнерге деген сүйіспеншілігімнің нәтижесі деп есептейді. Жақында балет труппасы Қазақстанның бірнеше қалаларында болып, өнер
көрсетіп қайтқан еді.

Балет тобы ұсынған жаңалықтар астаналық көрермендердің де көңілінен шықты. Ол күні 45 жылын сахнаға арнаған Болат Аюхановтың кешіне келушілер де көп болды. Жиналған жұртшылық сахнадан көз алмады. Әрине, дүниенің сан қилы арнасын өнердің ең нәзік те батыл түрімен сабақтаған өнерпазға тәнті болғандарын жасырмады.

Сәні мен көркі келіскен костюмдермен ерекшеленіп, биімен жанданған сахна өзіндік сырға толы болды. Балетті нақышына келтіре орындаған бишілер де көрермен көңілінен шықты. Бір сөзбен айтқанда, балет әлемнің тұңғиығына сүңгіді. Осындай әдемі үйлесімнің сұлу көрініс тапқаны сондай сахнада көбелектер ғана самғап ұшып жүргендей әсерге қалдырды. «Өзіміздің 45 жылдық мерейтойымызда елімізді ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп келе жатырмыз. Әр қойылымды үлкен тебіреніспен орындаймыз»,– дейді жұлдызды труппаның бишілері, ерекше мерейленіп.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − one =