Аюға намаз үйреткен таяқ емес…

0 1  249

Өткен демалыста әлеуметтік желіні жаулап алған видео жағамызды ұстатты. Оқиға мектепте болған сияқты. Долылық буып шаптыққан әйел қазақтың алтын асықтай жасөспірім оқушыларын тақтаның алдына тізіп қойып, шетінен шапалақпен тартып-тартып жіберіп, «жазалап» шықты. Мұғалімі болуы керек. Балалардың момындығы ма, әлде талай рет таяқ жеп жігері жаншылып қалған ба, үндемейді. Біздің де айтарға сөзіміз жоқ. Осыншама таяқ жейтіндей мына балалар не қылмыс жасауы мүмкін? Мүмкін, бала тәрбиелеудің қисық жолына таңдаған себепті «шапалақпен» мұғалімді жазалау керек шығар.Ең жаманы, әлеуметтік желілерді аралап кеткен видеоны көргендердің дені баланың бұзылған құқығын емес, «Біздің кезімізде таяқтан өлген оқушы көрген де, естіген де жоқпыз, таяқ жеу де бір тәрбиелік мәні болған. Мектепте бір таяқ жеп үйге келгенде, қалған сыбағамызды алған күндеріміз де болған», «Өте дұрыс, осыдан бала жаман болмайды әрі шапалақ жеп шыңдалады, үлкенді сыйлайтын болады», «Өте дұрыс, мұғалім осылай болу керек, қазіргі заман баласы өздері мұғалім болып кетті, үйден тәрбие көрмесе, мектептен тәрбие көрсін, мен қолдаймын» дегендей пікірлерімен келеңсіз жайтты қолдап отыр. Демек, ата-анаға да, мұғалім үшін де баланы таяқтаудан басқа тәрбиелеудің жолы қалмағаны ғой…
Әрине, таяқ жеген өз баласы болса, әңгіме басқа болар ма еді. Әйтсе де кісі баласын шапалақпен сабатып қойғанынан жамандық көрмегендерді қалай түсінеміз? Осы оқиғадан ке­йінгі оқушылардың психикасындағы кінәраттарды қалай емдейміз? Қатыгез қоғамның безбүйрек адамын осылайша тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба?
«Менің ойымша, мектепке ер мұғалімдерді көбірек алу керек жұмысқа. Қазір мұғалімдердің жалақысы жақсы, ер адамдар неге мектепке бармайды? Ұл балаларға дұрыс тәрбие керек. Қазіргі кездегі жалғызбасты әйелдердің балаларына ер адамның тәрбиесі керек-ақ», «Ата-анасының тәрбиесіне көнбеген баланы ұстаз ұрып тәрбиелейді деп айта алмаймын. Одан тек мұғалімге деген жеккөрініш сезімін ғана оятып алады» дегендердің әлсіз қарсылығын ешкім елемеген сияқты.
Осы отырғанымызда еліміздегі ювеналды полицияның жұмысын білмеймін. Балалардың құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың мектептегі жұмысынан бейхабармын. Одан басқа әрбір әкімдікте балалардың құқығын қорғайтын комиссия жұмыс істеуші еді… Олар не бітіріп жүр? Белгісіз.
«Аюға намаз үйреткен таяқ» деген сөздің мағынасын бала тәрбиесіне қолданатын болсақ, сағы сынған, жаман әйелдің айқайымен намысы езілген, айналасына қаскөйленген, мейірімнен ада, тек күшті ғана түсінетін кемтар ұрпақтың таяғын өзіміз жейтін боламыз.
Әлемде баланы ұрып тәрбиелеуге мүлдем тыйым салынғанына біршама уақыт өткен. Бірақ осы соңғы онжылдыққа дейін баланы соғу қалыпты іс болыпты. Бүгінде бұл әдісті Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдері әлі де қолданады екен.
Польша Еуропа елдерінде бірінші болып, 1783 жылы бұл әдіске тыйым салған. Нидерландта 1920 жылдан, Канадада 2004 жылдан бері. Бүгінде Еуропа кеңесінің барлық елдері мектеп оқушыларының етіне қол батырып, жазалауды тоқтатты.
Ал Израильде тәрбиенің бұл түріне Израильдің Жоғарғы соты тарапынан қатаң тыйым салынған. Тіпті ата-анасының баласын құйрығынан салып жіберіп, желкесінен нұқып қалуы да қылмысты іс болып қаралып, екі жылға дейін түрмеге жабады.
Үндістанда Еуропаның түсінігіндей баланы жазалау қолданылмайды. Мұғалім қаны басына шауып, оқушыны бас салып сабағанын әдеттегі ұрып-соғумен шатастыруға болмайды, бұл дене жазасы емес, қатыгездік дейді. Бұл елдің де Жоғарғы соты 2000 жылдан бері баланы таяқпен жазалауды қатыгездік деп таныды.
АҚШ-та бұл тыйым 1867 жылдан бері қолданыста. Мұны алғаш рет қолданған Нью-Джерси болса, 104 жылдан кейін Массачусетс 1971 жылы енгізді, соңғылардың бірі болып 2009 жылы Огайо штаты бұл дұрыс емес деп шешті.
Әрине, тәртіпті бұзған бала жазалаусыз қалмауы тиіс. Жауапкершілігін арттыру үшін де тәрбиелеу құралдарын қолданғаны дұрыс. Мысалы, сабаққа кешігіп қалғаны үшін, мұғалімді, сыныптастарын сыйламағаны, дөрекілік көрсеткені, себепсіз сабаққа дайындалмағаны үшін де қосымша сабақ оқытып не болмаса мектептен шығару, орнында келесі жылға қалдыру, ата-анасымен, психологпен сөйлесу арқылы жауапкершілігін арттыруға болады ғой.
Баланың жасына қарай мінез-құлқындағы өзгерістермен бірге болатын ауытқушылықтардың салдарын түсініп, оны дұрыс арнаға бағыттаудың жөні бөлек. Бұл жерде мұғалімінен бөлек, баланың тәрбиесіне мектеп директоры, орынбасарлары, психологтар, инспекторлар бірлесе жұмыс істеуі керек. Баланың осы кезеңдердегі мінезіндегі өзгерістерге сай спортқа, қолөнер үйірмелерге жіберіп, музыка саласына да бе­йімдеп, олардың өтпелі кезеңінен залалсыз шығуына себепкер болғаны жөн болар.
Кез келген оқушының бойынан жақсы жақтарын таба білу, тәрбиеленушінің бойындағы ізеттілік пен абырой, адамгершілік сезімін ояту, оның бойындағы кемшіліктерді жеңуге көмектесу үшін мінезінің жағымды қасиеттеріне сүйену әр мұғалім үшін өте маңызды. Оны жұдырықпен түзеймін дегендер қоғамның жауы екенін түсінетін уақыт жетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =