Аяз буған Астана

0 172

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды» деп Абай суреттеген қыраулы қыс қаһарына мініп, Арқаның төсін еркін жайлап, Астананы да сынаққа алып жатыр. Елордада алдағы күндерде түнде -35-45, күндіз -27-35 градус аяз болады.

 

Ауа райының күрт суытуына байланысты Астана қаласының Білім басқармасы мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін сабақ болмайтынын хабарлады.
Астаналық энергетиктер аязды күндердегі дайындығы барысын баяндап, сақадай сай отырғанынан елордалықтарды хабардар етті. Атап өтсек, қаланы электр энергия­сымен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған қосалқы стансалар, соның ішінде «Шұбар» стансасы, «Астана РЭК» АҚ орталық диспетчерлік бөлімшесі электр жүйесінің жұмысы тексерілді. Тәулік бойына кезекшілік қою, электр жүйелерінің жұмысын 10 пайызға, жедел бригада жұмысын екі есеге арттыру күн тәртібіне қо­йылды. Қазіргі уақытта 30 тәулікке жететін көмір қоры мен 15 күнге жететін мазут отынын қамдап, аязды күндердің ызғарын сездірмеуге күш салуда.
Елордалық көлік қозғалысының жұмысында да өзгерістер бар. Қала маңына қатынайтын автобус бағдарларының қозғалысы уақытша тоқтатылып, аязды күнде жолаушылардың жолда қалып қоймауына мән берілді. Дизельдік отынмен жүретін жеке иеліктегі және қоғамдық көліктер үшін Астанадан барлық бағыттардағы жолдарда қозғалысқа шектеу қойылды.
Мәшине, әрине, жүрсе – көлік, жүрмесе ше?! Табиғаттың ерекше құбылысынан ақша тауып, бизнестің көрігін қыздырып жүргендер күннің ызғарына қарайтын түрі жоқ. Қатты суықтан от алмай қалған көліктерді қыздырып, моторына «жан бітіретін» бесаспап жігіттер сайманын сайлап, қызметіне 5 мыңнан 20 мың теңгеге дейін сұрап жатыр…
Әрине, қаншалықты аяз қысса да, қаланың қалыпты тірлігін қамтамасыз ететін қызметтер өз ретімен жүріп жатыр. Аязды күн деп қатты алаңдайтын ештеңе жоқ. Дегенмен өздеріңіз де сақ болыңыздар, құрметті елордалықтар!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − six =