Аяулы сезімнің ақыныАяулы сезімнің ақыны

0 124

Тұманбай Молдағалиев – қазақ жырындағы қайталанбас құбылыс. Ол алтын қанатты көбелектер мен үні көкке көшетін бұлбұлдарға тәнті еді, көктем келсе құлпырып сала беретін қырдағы қызғалдақтар мен тынысын інжу сүйген толқындарға құмар-тын. Шиедей боп көрінген еріндер мен жылы шуақ төгілген жанарлардың құдіретіне басын иді, соларды өмір бойы жырға қосты. Сонау ≪Қызықсың ғой, студенттік кездер-ай, сыншылсың ғой, мөлдір қара көздер-ай!≫ деп жырлаған студенттік шағынан бастап, қазақ лирикасының корифейіне айналғанға дейін Тұманбай ақын өзінің адамдарға деген адал махаббатынан айныған жоқ. Ақын адамдарға деген шексіз махаббатын жыр тілімен өрнектеу үшін өмірге келгендей еді. Ол қар астынан да жапырақтың күбірлегенін ақын жүрегімен сезді, көктемді күтіп алу салтанатына ерекше дайындалды. Оның сезімі өмірдің өзіндей шынайы болса, мұңы да аяулы еді. Қарапайым еді. Ақ таңдағы аппақ гүлдер мен таңғы шықтың тамып түскен аңсары алдымен Тұманбай ақынның жүрегінен өтіп, қаламына ілікті. Аспанды әрқилы етіп әдіптеген алтын түстес жұлдыздар шоғырының нұры алдымен ақынның жанарында тұрды, түн жарымынан асып күллі тіршілік қалың ұйқыға кеткенде Өлең ғана көз ілмейтін. Ол болашақпен мәңгі жасайтын ақынның өлеңі еді. ≪Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады≫ деп жырлаған Тұманбай ақын да өтті дүниеден. Қазақ жырының Тұманбайсыз қалғанына да жыл толды. Бір кездері жастықтың жыршысы болған аяулы жазушы Мұқан Иманжанов дүниеден өткенде Тұманбай ақын ≪Ұстазым мен сені, кеудеме жерледім≫ деп жырлады. Тұманбайдай тұнық ақынын қазақ халқы да кеудесіне жерледі, ол әрдайым халық жадында, қазақпен бірге.

Хамит ЕСАМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =