©2020 Астана Ақшамы
Аяқдопшылар аламаны
Астанада мектепаралық футбол сайысы қызу өтуде. Турнирге қатысушы 48 команда кем дегенде бір-бір ойыннан ойнап шықты. Тіпті, кейбір командалар жарыстың екінші кезең ойындарын бастап кетті.
Биыл мектеп лигасы 1998-1999 жылдары туған жасөспірім футболшыларды шаршы алаңда тоғыстырған болатын. Алғашқы ойындар №48 мектеп-лицей аумағында орналасқан үлкен футбол алаңында басталды. Қалалық футбол федерациясының мәліметі бойынша, аталмыш жас санатындағы футболшылар басқаларға қарағанда әлсіз жетілуде. Осы турнирдің арқасында олардың дамуына кеңінен жол ашылады деген үміт мол.
Бүгінгі күні турнирдің екінші кезеңіне өту мүмкіндігін екі кездесу өткізген №50, 24, 25, 28 мектеп командалары иеленді. Ал, №30, 3, 61, 48, 32, 60, 8, 46, 35, 56, 63, 17, 31 мектептер мен қазақ-түрік лицейінің командалары бір ойында ғана жеңіске жетіп, енді бірінде тең түсті. Дегенмен, елордадағы өтіп жатқан бұл дода мектеп оқушылары арасындағы үлкен футбол тартысының бастамасы ғана.
Бұл сайыста топ жарған командаға 2013 жылғы Астана чемпионы атағымен қоса Түркиядағы оқу-жаттығу орталығына жолдама беріледі.
Ербол ЖАНАТ