Аялдамадан неге алыс тұр?

Айтпайын-ақ деп едім...

0 15

Елордада жолаушылар тасымалы жүйесін жақсарту үшін 2015 жылдан бастап аялдамаларда электронды таблолар орнатыла бастады. Қоғамдық көліктің қанша минуттан кейін келетінін көрсетіп тұратын таблолардың жолаушының уақытын дұрыс реттеуде тиімділігі көп. Бірақ оларды көбіне тек сол жағалауда ғана жиі кездестіріп, қаланың оң бетінен ұшырастыра қоймайтынымыз бөлек әңгіме. Бүгінгі айтайын дегеніміз аялдамадан тым алыста орнатылып, пайдасынан бос тұрғаны басым орталық көшедегі бір табло туралы.

Достық көшесінен Мәңгілік ел даңғылына солға бұрылғанда, Министрліктер үйінің алдында тұрған бірінші аялдаманың таблосы сол жерден 9 метр қашықтықта орналасқан. Бұл аялдамада ерсілі-қарсылы адам аяғы көп. Орталықта мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге жұмысқа қатынайтын қызметкерлер осы аялдамадан автобусқа жиі отырады. Бірақ көшенің сонау шетіндегі таблоның қызығын солардың көріп жүргені шамалы. Қала халқының жайлылығы үшін орнатылған қондырғыдағы жазуға жанары жақсы көретін жанның да көзі жетпейді. Тоғыз метр жерге барып қарап келгенше күтіп тұрған автобусың өтіп кетуі мүмкін.
– Бұл жер – адам көп жүретін нағыз орталық көше. Сондықтан ел игілігі үшін деп орнатылған дүниенің қызығын толық көрмей, бос тұрғаны жөн бе? Өз басым осы аялдамада күткен қоғамдық көліктің қашан келетінін тек ұялы телефондағы қосымшалар арқылы ғана біле аламын. Неге сонша шетке қойғанын түсінбедім, – дейді аялдамадағы жолаушылардың бірі Балзия апай.
Кезінде «Астана LRT» атауымен танылғанда орнатылған таблолардың қазіргі жағдайын бүгін «СТS» деген атпен белгілі көліктік сервис көрсететін компания алдағы уақытта ескерсе дейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 14 =