«АЯЛАҒАН АСТАНА» ҮМІТКЕРЛЕРІН АНЫҚТАДЫ

0 105

ERA_9684

Еліміздің әр өңірінен шынайы дарынды балаларды іздестіретін ауқымды жобалардың бірі – «Аялаған Астана» республикалық ән байқауының іріктеу кезеңі аяқталды. Байқау ағымдағы жылдың наурыз айында басталған. Республиканың Алматы,­ Талдықорған, Тараз,­ Шымкент, Орал, Ақтөбе, Семей,­ Көкшетау, тағы басқа ірі қалаларында іріктеу кезеңдері өтіп, 8-12 жас аралығындағы мыңға жуық өнерпаз бақ сынады.

Байқауға қатысатын жас әншілерді халық­ара­лық және республикалық байқаулар арқылы танылған, Қазақстан эстрадасының жұл­дыз­дары Алмас Кішкенбаев, Айқын, ADAM, Батыр Байназаров, Данияр Өтеген, Ерболат Беделхан мен Дастан Оразбеков, Мөлдір Әуелбекова, Әнел Әріновалар анықтады. Іріктеу соңында жетекшілер өздерінің көңілінен шыққан өнер­паздарды ұсынды. «Детская Новая Волна» байқауының ұйымдастырушыларынан құралған сарап­тамалық комиссия жетек­ші­лер­дің ұсыныс­тарын ескере отырып, соңында шешім шығарады.

«Жас дарындарды таба отырып, шығар­ма­шылық қабілеттерін ашуды басты мақсат еткен жоба қазақстандық бүлдіршіндерге мол тәжірибе жинауға, шығармашылық тұр­ғы­дан кемелденуге ықпалын тигізеді» дейді бай­қау­дың бас продюсері Лина Арифулина.

Байқау жеңімпазы 1 млн теңге арнаулы жүлдеге және «Детская Новая Волна» халық­аралық ән байқауына Қазақстан атынан қатысуға жолдама алады.
«Балалардың табиғи дауысы дұрыс қойыл­ғандығы, әртістік қабілеті, сахнада өзін-өзі ұстауы, ұлттық нақыштағы әндермен қатар, шетелдік әнді де айта білуі жағынан сынға түсті. Бізді қуантқаны, осы талаптардың бәрін тамаша орындаған балалар бар» дейді әнші Маржан Арапбаева.

Байқаудың ақтық сыны 4-6 шілде аралығында, Астана күні қарсаңында өтеді. Онда «Балалық шақ әнұраны», «Жұлдызбен дуэт және әлемдік хит», «Атамекен» сынды тақырыптық кезеңдер бойынша сайысады. Әділқазылар мен көрермендер өзі қалаған қатысушыға тікелей эфир кезінде дауыс бере алады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 9 =