«АЯЛАҒАН АСТАНА» ТАЛАНТТАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

0 120

N1W7xYTsU23FSSosp3igCZce5YWAnD

Астана күні қарсаңында Қазақстан тұрғындары «Аялаған Астана» музыкалық балалар байқауының қорытындысын тамашалайды.

Финал «Балалық шақ әнұраны» (4 шілде), «Жұлдыздармен дуэт және әлемдік хит» (5 шілде), «Атамекен» (6 шілде) деген тақырыптармен үш күнге созылады. Осы күндер қорытындысына сәйкес, халықаралық қазылар алқасы мен телекөрермендер «Балалар жаңа толқынында» Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алатын Гран-при иегерін анықтамақ. Сонымен қатар, жүлделі орындар, көрермен көзайымы мен 1 миллион теңге көлемінде арнаулы қаржылай сыйлықтар қарастырылған.

«Аялаған Астана» жобасының наурыз-сәуір айларында өткізілген іріктеу кезеңіне Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана сияқты 16 қаласынан 8-12 жасар мың өнерлі өрен қатысты. Мамыр айының орта шенінде сарапшылар биылғы өнер додасында финалға шыққан ең талантты 17 баланың есімін атады. Олар – Луиза Нұрқуатова (Ақтау), Замира Сағадиева (Зеренді), Дания Ишанқұлова (Орал), Сағынған Қуанған, Жахан Қабікен, Мұхаммедәли Жүгінісов (Астана), Дильназ Төлеген, Диас Омар (Қызылорда), Настя Першикова, Малика Смағұлова (Павлодар), Дильнура Біржанова (Қарағанды), Ғалимұрат Әбдіманапов (Жезказған), Жанайкерім Өтегенов (Қостанай), Алдияр Орекен (Екібастұз), Әділет Мейрамбеков (Көкшетау), Ясмин Мажитова, Алуа Берешева (Алматы).

1 мамыр – Халықаралық балаларды қорғау күні Астанада «Аялаған Астана» ұлттық музыкалық телевизиялық балалар байқауының финалистерінен құралған музыка мектебі ашылды. Мереке күні бір-бірімен алғаш жүздескен балалар Лина Арифуллинаның шеберханасындағы мәскеулік тәжірибелі ұстаздармен танысты. Финалистер маусым айы бойы астаналық музыка мектебінде вокалдық қабілеттерін шыңдап, Руслан Бұтабаевтың жетекшілігіндегі «Zaratushtra Band» жанды оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін телевизиялық шоуға дайындалады. Финалда 12 концерттік нөмір қойылады. Қатысушылардың бір бөлігі жекелей ән орындаса, бір бөлігі дуэт пен триода өнер көрсетеді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =