«АЯЛАҒАН АСТАНА» СЕРПІН БЕРДІ

0 79

Астана қаласы әкімдігі мен Ресейдің «АРС» компаниясы бірлесіп елорданың 15 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырған республикалық «Аялаған Астана» балалар байқауы қазақстандықтар үшін керемет сыйлық болды. Бұл байқауда еліміздің барлық аймақтарынан 950-ден астам үміткер бақ сынап, өнерлерін көрсеткен.  

Музыкалық жарыстың соңында қазақстандық және ресейлік эстра­даның хас шеберлері – Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Байғали Серкебаев, Доминик Джокер және басқа да адамдар бағалаған бай­қау­­дың жеңімпаздары анықталды. Нәтижесінде Астана қаласы әкімінің жүлдесі ЖаҺангер Жұмабаевқа бұйырса, «Аялаған Астана» теле­ви­зиялық байқауының бас жүлдесі – Гран-при Көкшетаудан келген он үш жасар Болат Батырбаевқа тапсырылды. Енді ол халықаралық «Артек» лагерінде өтетін «Балалар жаңа толқыны-2013» халықаралық байқауында еліміздің намысын қор­ғайтын болады.

Гран-при иегерін жолға шығар алдында тілшіміз аз-кем әңгімеге тартқан. Ол додада өзінің бағасын көтерген Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні екенін мақтанышпен айтады.

«На­ғашы жұртым шетінен жезтаң­дай әншілер. Солардан жұғысты бол­са керек, кішкене кезімнен ән салдым. «Аялаған Астана» байқауы маған серпін мен шабыт сыйлады. Әрине, мұнда бағым жанып, бас жүлдені қан­жығалаймын деп ойлаған жоқ едім. Өйткені, бәсекелестерімнің бәрі күміс көмейлер. Десе де, халық ән­­дерін жан-жүрегіммен орындай­мын. Сол қырым көрермендер мен қазылардың оң бағасын алды. Алдағы халықаралық ән жарысында да ел намысын бар жігеріммен қорғауға серт беремін» дейді жас әнші.

Шахназ АСХАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =