АВТОНОМДЫҚ ЖҮЙЕ – ЖАҢАШЫЛДЫҚ БАСТАУЫ

0 164

агро 112

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақстанды әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына енгізу туралы стратегиялық мақсат қойды. Алдағы белестерді бағындырып, бірінші кезекте республиканың индустриалды бағытын жаңартып, қолға алынған жобаларға тың серпін беру үшін, бізге бірнеше бағытта инновациялық жаңашылдықты енгізу қажет.

Бұл бағытта бірінші кезекте білім беру саласын дамыту қажет, себебі, жаңа технологияларды игеріп, инно­вациялық жаңашылдықты енгізу – жас мамандардың қабілеттілігі мен кәсіби дайындығына байланысты.

Сондықтан, «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын сәтті жүзеге асыру білім беру қызметін сапалы ұйымдастырудан және білікті кәсіби мамандарды дайындаудан бастау алады.

Бүгінгі таңда отандық жоғары білім беру жүйесі толығымен реформалауды қажет етеді. Қазақстан экономикасы жиырма жылдан аса уақыт нарық талаптарына сай  қызмет етуіне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі орталықтандырылған және жоспарлы-әкімшілік әдіспен басқарылуда.

Ал әлемнің дамыған елдерінің уни­вер­­ситет­терінде ғылыми-зерттеу­лер­дің тиімділігі мен білім беру үде­­рі­сінің сапасын қамтамасыз ете­­тін автономды басқару моделі қалып­тасқан.

Отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін, біз ауқымды әлемдік үрдістерден қалыс қала алмаймыз. Қазақстан да әлемдік ғылым-білім қауымдастығының бір мүшесі бола отырып, уақытты оздыр­май тың тәжірибелерді үйреніп, ел экономикасын жаңа бағытта дамы­туға қолдану қажет.

Университеттердің ғылым мен білім саласындағы жеткен жетістік­те­рінің нақты мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ, олардың халық­аралық рейтингісіне көз тастасақ жетіп жатыр. Қазіргі уақытта әлем бойынша ең үздік жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып АҚШ университеттері топ бастауда. Бұл орайда ескерер жәйт, АҚШ-тың оқу орындары жоғары сатыдағы жай ғана білім беру мекемесі емес, олар Құрама Штаттардың басты «ми орталығы», жаңашылдықтың, кешенді  инновацияның қозғаушы күші бо­лып табылады. Олар мемле­кеттің интел­лектуалды дамуына жауап бе­реді. Сараптай қарасақ, АҚШ-тың экономикалық және технологиялық бағытта ұлы державаға айналу тарихы оқу орындарының инновациялық жаңалықтарынан басталады.

АҚШ университеттерінің мұндай жетістігі кездейсоқтық емес, мақсатқа бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі.

Мұнда университеттердің басым бөлігі коммерциялық ұйым емес, сон­дықтан олар салық төлеуден бо­са­тылған. Түскен пайда ішкі қажеттілік­терді өтеуге, мәселен, білім беру қызметі сапасын көтеруге, ғылыми зерт­теу мен инфрақұрылымды же­тіл­діруге бағытталады. Сонымен қа­тар, университеттерге инвестиция тартушы бизнес үшін мемлекеттің қол­дауымен арнайы салықтық жеңіл­діктер қарастырылған. Бұл – ЖОО-ы үшін қосымша қаржыландыру тетігі.

Тағы бір ерекшелік, Америка Құра­ма Штаттарының жоғары оқу орындарына академиялық еркін­дік берілген, яғни, олар бірегей, өзін­­дік оқу бағдарламаларын қа­лып­тас­­тыруға, енгізуге, жаңа бі­лім беру әдістерін қолдануға то­лық құқылы. Бұл ерекшелік олар­ға білім беру қыз­меттері сұра­ныс­тарына сай өзге­ріс­терді уақы­тын­да енгізуге,  жаңа ғылыми бағыттар­дың тууына, сонымен қа­тар, оқытушы­лар­дың кәсіби және ғылыми мамандан­ды­рылуын еңбек нары­ғындағы талаптар­ға сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, АҚШ универ­ситет­тері басқару жүйесі мен  қар­­жы­ландыру саясатын да авто­ном­ды түрде жүргізеді. Бұл жүйе­де университеттердің беделі төменде­мей­ді, керісінше, қаржы саласындағы шығындарды бақылау күшейтіледі. Біріншіден, университеттерде тиімді қаржы менеджменті енгізілген, нақтырақ айтсақ, бюджетті басқару стратегиялық даму жоспарына сай қатаң жүргізіледі. Екіншіден, ішкі және сыртқы қаржылық тексеріс тәжірибесі қатал талап деңгейінде бір жолға қойылған.

Автономды университеттің  рек­торы ешқандай шектеусіз мерзімдегі және ауыстырмайтын басшы болып қала алмайды. Керісінше, олар белгі­ленген мерзімге сайланады немесе тағайындалады және олардың  жұ­мы­сы­ның нәтижесі бақылауда бола­ды. Ал ректор құзыретінің ұзар­ты­луымен оның мемлекет және қоғам алдындағы жауапкершілігі  артады. Университеттегі өзекті шешімдерді директорлар кеңесі мен қамқоршылық кеңесі қабылдайды.

Әлемдегі дамыған елдердің та­бысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін осыған ұқсас қағидалармен жаңартуымыз керек. Өйткені, бұл – уақыт талабымен, озық адами капиталды дамыту қажеттілігінен пайда болған сұраныс. Тек осындай  шешім қабылдау арқылы ғана біз отандық жоғары білім берудің сапасы мен тиімділігін жоғары деңгейге көтере аламыз. Егер мемлекеттік жоғары білім беру саласында қазіргі жүйе сақталатын болса, қаржыны қан­ша жерден ұлғайтсақ та, бір шеңбер ішінде, тұйықталған кеңістікте қала береміз.

Ал ауылшаруашылығы саласы ту­ралы айтар болсақ, қазіргі таңда жаңа, озық технологияны толық меңгерген және оны өндіріске енгізе алатын  талантты да, қабілетті жас мамандар қажет. Бұл үшін жаңа ғылыми мектептер мен сұранысқа сай білім беруді қамтамасыз ететін бағдарламалар қажет, себебі біз қазір дамыған мемлекеттерден әлдеқайда артта қалып отырмыз.

Біз үнемі фермерлерді ғылымға тарту қажеттігін айтамыз, оларға «біздің озық әдістерімізді меңгеру қажет» деп талап қоямыз, бірақ, сөз­ден іске көшкен сәтті әлі де күтудеміз. Егер ғалымдар ауылшаруашылық саласын дамыту туралы жүйелі шешім­дерін ұсына алса, фермерлер өздері-ақ ғылымға көңіл бөліп, қар­жы­ландыру мәселесін де шешер еді.

 Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың маусым айында С.Сейфуллин атын­­дағы Қазақ агротехникалық универ­ситеті мен Дэвистегі Калифорния университетінің арасында оқу орны­мызды Назарбаев университеті үл­гісін­дегі  аграрлық-зерттеу универси­тетіне айналдыру  туралы әріптестік келісімшартқа қол қойылды. Осы орайда баса айтып өтерім, Дэвистегі Калифорния университеті әлемдегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып табылады, оның тәжі­рибесін озық университеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көпте­ген елдерде ауылшаруашылық са­ла­сы мамандарын дайындаудағы не­гіз­гі темірқазық  болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғы­лым­­дарды меңгерген әлемнің озық профессорларын әріптестік тәжі­рибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдастыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамы­туға қол жеткіземіз. Дэвистегі Ка­ли­форния университетінің біл­ім беру жүйесін толық енгізе ал­­­с­ақ, біз үшін тиімді, жаңаша даму жолы болары сөзсіз. Себебі, бұл уни­верситеттің ғалымдары жас маман­дар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің барлық тетігін айқындаған. Дәл осы тәжірибе негізінде Қазақстанда аграрлық жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалушылықты жоюға қол жеткізер едік.

Бұл стратегия көптеген дамушы ел­дерде тиімді қолданылуда. Мыса­лы, Малайзия және Сингапур сияқ­­ты елдер осыған ұқсас тәжіри­бе­лерді енгізе отырып, қарқын­ды экономикалық дамуға жол аш­қан. Олар жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес құру арқылы, жаңа білім беру бағ­дар­ламаларын енгізумен, әлемнің же­тек­ші университеттерімен ынтамақ­тастық орнату арқылы, білім мен ғылымның жеке құзыреттілігін өсіру нәтижесінде тұрақты дамуға қол жеткізді.

Бүгінде Қазақстанның алдында ау­қым­ды инновациялық даму страте­гиясын іске асыру мақсаты тұр,  ал  бұған қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, жоғары оқу орындарына реформа жасауымыз қажет.

Ол үшін біз әлемдік қолданыстағы жаңа ережелерді қабылдағанымыз абзал, яғни, университеттің дербестігі қағидасынан бастап, ғылыми этиканы мүлтіксіз сақтау қағидаттарына дейін. Болон үдерісіне мүше болу арқылы Қазақстан  бүгінгі таңда бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды бастап та кетті және алдағы бағындырар белестеріміз де көп. Бізде Назарбаев Университеті сынды қол жеткізген нақты көрсеткіш те бар, ендігі таңда бұл тәжірибені елдегі басқа да оқу орындарына жеделдете енгізу қажеттілігі тұр.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =