«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Автобустар кондукторсыз жүреді

0 194

Қоғамдық көліктегі жолақыны көтеру, кондукторларды жұмыстан босату және сараланған тариф енгізу мәселелері халықты біраз дүрліктірген болатын. Кеше астана қаласы қоғамдық кеңесі ұйымдастырған тыңдау кезінде «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов жаңа жүйе туралы баяндап берді.

Жаңа жүйеге сәйкес, қа­ладағы автобустарда кондукторлар болмайды. «Сараланған тарифті енгізген сәттен бастап мыңдаған кондукторлар босайды. Өз жұмысын білетін білікті мамандар автобус паркінің бақылау желісіне немесе көлік бақылау қызметіне ауыс­тырылады. Мұны шамамен шілденің соңына дейін жүзеге асырамыз» деді «Астана LRT» компаниясының басшысы.
Бекмырза Игенбердинов жол жүру құны Astra plat картасымен төлеу кезінде 90 теңге болып қалатынын айтты. Ал көлік картасын сатып алғысы келмейтіндер автобус жүргізушісіне – 180 теңге, ал экспресс бағдар үшін 250 теңге төлеуі тиіс. Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін азаматтар мәслихат бекіткендей сол қалпы қалады. Ескеру керек, автобустағы валидатор істен шыққан жағдайда, жолаушы тегін жүруге құқылы.
Бүгінгі таңда 218 мыңнан астам жолаушы атаулы кө­лік картасын пайдаланады. Astra plat көлік картасын астаналықтар арнайы кассалардан сатып ала алады. Ол үшін қалада 6 касса және 30 автомат орнатылған. Сондай-ақ, жақын арада көліктік карталарын Qiwi, Kaspi.kz терминалдары және интернет-банкинг арқылы толтыру мүмкіндігі пайда болады.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды